Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Былтыр «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне 2 млн-ға жуық адам келген

912 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне өткен жылы 1 090 755 адам келіпті. Оның 18 345-і шетелдіктер. Жалпы киелі қалаға келген қонақтардың басым бөлігі Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелеріне және Сауран қалашығына атбасын бұрады екен.

Былтыр «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне 2 млн-ға жуық адам келген

Елімізге келген қонақтар ұлт­тық ерекшелігіміз бен мәде­ни­­етімізді көргісі келетіні анық. Шетелдіктердің барар елі жөнінде алдын ала жан-жақ­ты мағлұматтар жинақтап, са­па­рын жоспарлайтыны және мә­лім. Бұл орайда, Әзірет Сұл­тан кәсіпорнының интер­нет жүйесіндегі сайтында ти­іс­ті ма­териалдар үш тілде ор­на­лас­тырылған. Сонымен қат­ар мәдени ескерткіштерге бай­­ланысты үш тілде кітап­ша­лар шығару, туристік агент­тіктермен бірлесіп жұ­мыс істеу күн тәртібінде тұр. Сау­ран қалашығын да турис­тік ай­на­лымға қосу үшін келу­ші­лерге қызмет көрсететін орта­лық ашылмақ. Ол орталық қа­зақ­тың этноауыл стилінде құ­ры­лып, музей мамандары, гидтер оты­ратын, қазақтың қолөнер бұйы­мдарын, ұлттық тағам­да­рын көрсететін киіз үйлер тұрғызылмақ.

– Елбасы «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында жер­гі­лікті нысандар мен елді мекен­дерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңі­ру қажеттігін айтты. Сон­дай-ақ бағдарламалық ма­қа­лада айтылғандай, Ұлытау төріндегі жәдігерлер кеше­нін, Қожа Ахмет Ясауи мав­зо­лейін, Тараздың ежелгі ескер­ткіш­терін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Же­тісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі таңда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба бойынша «Қа­сиетті Қазақстан» орта­лы­ғы 100 киелі жердің рес­пуб­­ликалық тізімін жасады. Тізімге «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейінің бірқатар ны­сандары енді. Олардың ішін­де Қожа Ахмет Ясауи, Ра­бия Сұлтан бегім, Есім хан кесенелері, Қылует жерасты мешіті, Күлтөбе, Жылаған ата, Үкаша ата мазары мен құдығы, Гауһар ана кесенесі, Сауран қа­ла­шықтары бар. Сондай-ақ осы тізімге Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаш ана мен әкесі Ибраһим атаның маз­ар­лары да енгенін айтқым келеді. Ендігі басты міндет – киелі жерлерімізді кеңінен насихаттап, туристерді тарту.

Биыл «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы аясында Елбасы өз еңбе­гінде атап көрсеткен киелі ме­кендерді және басқа да жер­лерді өзара сабақтастыра отырып, көшпелі көрме, экс­пед­иция ұйымдастыруды көз­деп отырмыз. Сонымен қатар, «Жа­һан­дағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасын іске асыру мақсатында Өзбекстан, Франция елдерінде көрме ұйымдастыру жоспарда бар. Түркия мемлекетіндегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы қорлар, ғылыми мекемелермен байланыс орнатуды алға қойып отырмыз», дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейдің директоры Нұрболат Ахметжанов. 

Иә, қазақ халқының ғасыр­дан ғасыр асырған құнды ескер­ткіштері мен тарихи мұра­ғат­тары – тек еліміздің ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосу­шы жәдігерлер. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл олардың Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін маңы­зы зор мәдени-тарихи ны­сан екен­дігінің бірден-бір айға­ғы.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласында Мемлекет басшысы «мәдени маңыздылығы тұр­ғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жа­һан­дық ауқымдағы құнды­лық­тар» екенін атап өтті. Сон­дай-ақ мақалада мәдени қазы­наларымызды әлем жұр­тшы­лығына таныстырудың мүл­­дем жаңа тәсілдерін ой­лас­тыру қажеттігі, мәдени өнім­деріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал екені айтылды. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі аумағында орналасқан бар­лық ескерткіштерге орна­тыл­ған штрих-кодтар арқылы келу­ші ту­ристер қажетті мағлұ­мат­тар­ды қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде ала алатынын айта кетелік. Сонымен қатар барлық ескерткіштер бойынша 3D-тур виртуалды жобасы іске қосылған. Яғни қай елдің азаматы болсын қорық-музей сайтынан әлемнің төрт бұ­ры­шынан 3D-тур арқылы ескерткіштер туралы толықтай ақ­парат алуға, ішін аралап көруге мүмкіндігі бар.

Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейінде жерленген хандар, сұлтандар, батырлар және билер тізімінің элект­ронды форматы жасалған. Олар­дың қысқаша өмірбаяны, тарихтағы алған орны, басқа да тиісті ақпарат енгізілген. Бұдан бөлек, тарихи-мәдени қорық музейінің офистік ғи­ма­ратының қабырғасына жә­не билет сататын касса ғи­маратына орнатылған «жү­гір­тпе жол» арқылы жұмыс іс­теу кестесі, өткізілетін іс-ша­ра­­лар туралы ақпарат келу­шіле­р­ге ұсынылып отыр. Нұрболат Ахметжановтың а­й­туынша, бұл цифр­лы фор­маттағы қыз­мет көрс­ету түр­лері Ел­ба­сының бас­ты құжат­та­рын­да белгілен­ген мін­деттерді орындау мақса­тын­­да қолға алынып отырған игі шара.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»