Қазақстан • 08 Ақпан, 2018

Бірінші кезекте ұлттық мүдде тұруы тиіс

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар заң жобалары мақұлданды. Оның бірі – теңіз кеме қатынасына қатысты құжат болса, екіншісі – ЕАЭО елдерінің Еуразиялық экономикалық комиссиясының келісімін ратификациялау жөніндегі заң жобасы болды.

Бірінші кезекте ұлттық мүдде тұруы тиіс

Жалпы отырыстың алғашқы бөлігінде бекітілген күн тәртібіне сай, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешовтің баяндамасы негізінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың өзге қызметке ауысуына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде қаулы қабылданды.

Содан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныс­тыруымен депутаттар «Еура­зиялық экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттердің өнер­кәсіп­тік тауарларға қатысты өзін­дік ерек­шелікті субсидияларды Еура­зия­л­ық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық эко­н­о­микалық одаққа мүше мем­ле­­кет­тердің өзіндік ерекшелікті суб­си­дияларды беруіне байланысты тал­қылауларды Еуразиялық экономи­калық комиссияның жүргізу тәртібі тура­лы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобасын талқылады. Ай­та кетейік бұл Келісім 2014 жыл­ғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шарттың 93-бабын және Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың 7-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.

«Мүше мемлекеттердің өнеркә­сіп­тік тауарларға қатысты өзіндік ерек­шелікті субсидиялар беруіне байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық ко­мис­сия арасындағы өзара іс-қи­мыл тетігін, мүше мемлекеттердің өзін­дік ерекшелікті субсидиялар беруін комиссиямен ерікті келісу, сон­дай-ақ мүше мемлекеттердің өзін­дік ерекшелікті субсидиялар беруіне байланысты талқылауларды ко­мис­сияның жүргізу тәртібін ай­қын­дайды. Оған қоса Келісімде көзделген ерекшелікті субсидияларды беру­ге болатын өлшемшарттар еліміздегі қазіргі субсидиялау практика­сы­на сәйкес келеді», деді министр Т.Сүлейменов.

Депутаттар арасында қызу тал­қы­ланған заң жобасына қатыс­ты пікір білдірген Мәжіліс Төраға­сы қазіргі кезде ЕАЭО аясында жүр­гізіліп жатқан жұмыстарға қатыс­ты өзекті мәселеге тоқталды. «Біз эко­­­но­микалық одақ ішінде де бәсе­ке­лестіктің барын түсінуіміз керек және ол нарық заңдылығы. Сон­дықтан да бұл саладағы мамандарымыз өз экономикамыздың ғана емес, Одаққа қатысушы елдердің де экономикалық ерекшеліктерін білуі тиіс. Ал ұлттық мүддені қорғау үшін министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінде де, мемлекетаралық интеграциялық органдарда да даяр­ланған мамандарымыз болуы қажет. Алайда біздің шенеуніктер отандық тауар өндірушілердің құқығы мен заңды мүддесін ЕАЭО аясында толық­қанды қорғап жатыр деп айта алмаймыз», деген Нұрлан Нығматулин бұл мәселеге қатысты нақты мысал да келтірді.

«Нақты айтар болсам, қазіргі біздің нарықта бір мәселе өте көп тал­қыланып жатыр. Ресей тауар өн­дірушілері біздің елге жыл са­йын 700 мың тоннаға жуық цемент­ті кедергісіз экспорттайды. Ал қазақстандық кәсіпорындар сол цементті Ресейге жеткізгенде күрделі мәселелерге тап болады. Интеграциялық орган­дағы біздің өкілдер Ресейдегі жаңа стандарттардың, экспортталатын цемент бойынша сертификаттау бойын­ша жаңа ережелердің енгі­зіл­генін уақтылы ескертпеген. Яғни бізге ақпарат дер кезінде бермеген. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер күрделі жағдайға тап болып отыр», деді Н.Нығматулин.

Осылай деген Мәжіліс Төраға­сы шағын және орта бизнесте ше­неу­ніктер ұлттық мүдде тұрғы­сы­нан жұмыс істеуі керектігін айтып, министрліктер мен интегра­ция­лық бірлестіктердегі өкілдерге ерекше талап қойылуы қажет деп санайтындығын жеткізді. «Егер біздің шенеуніктер осындай ұйқылы күйде жұмыс істей берсе, онда отандық бизнес өте үлкен шығынға ұшырайды», деді ол.

Ал аталған заң жобасына қатыс­ты қосымша баяндама жасаған Мәжі­лістегі Қаржы және бюджет коми­тетінің мүшесі Альберт Рау құжат­ты қабылдау республикалық және жер­гілікті бюджеттерден қаржы шы­ғын­дарын талап етпейтіндігін айтты.

Осы күнгі отырыс аясында Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің таныстыруымен «Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттер­мен күрес туралы конвенцияға 2005 жыл­ғы хаттаманы ратификациялау ту­ралы» заң жобасы мақұлданды. Министрдің мәлімдеуінше, 2005 жылғы 14 қазанда Лондонда жасалған Хаттама аясында теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында бірқатар жаңа актілерді қылмыс санатына жатқызу көзделеді.

Ал осы мәселеге қатысты қосым­ша баяндама жасаған Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанат Жарасов аталған Хаттама аясында ақпарат алмасудың тұрақты тетігі әрі туындайтын жаңа қауіптердің алдын алу мен жолын кесу бойынша бірлескен операциялар үшін стан­дартты жедел рәсімдерді әзірлеу шеңберінде халықаралық ынты­мақ­тас­тық құпталатындығын алға тартты. «Осыған байланысты Хат­таманы қабылдау теңіз кеме қаты­насына қатысты заңсыз актілер­дің барлық ауқы­мымен күресте ынтымақ­тас­тық­ты айтарлықтай жандан­дыруға және қауіп дәрежесімен шамалас немесе теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды уақтылы іске асыруға мүмкіндіктер береді», деді ол.

Жиын соңында бірқатар халық қалаулылары тиісті ведомстволар мен орталық мемлекеттік аппарат жетекшілерінің атына депутаттық сауалдар жолдады. Олардың қатарын­да Гүлнар Бижанова, Меруерт Қаз­бекова, Дания Еспаева, Гүлжан Қарақұсова, Ольга Шишигина, Айқын Қоңыров, Шаймардан Нұрымов, Азат Перуашев, Қанат Мусин сынды депутаттар бар.

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»