Әлем • 08 Ақпан, 2018

АҚШ-та қаржы нарығы құлдырады

1245 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда АҚШ-тың қаржы саласындағы бірқатар қор нарығының құлдырауы Америка жұртын әбігерге салды. Көптеген миллиардерлер ақшасын жоғалтса, АҚШ-тың соңын ала Еуропа мен Азиядағы қаржы нарығы да әрі-сәрі күй кешті.

АҚШ-та қаржы нарығы құлдырады

Оқиға қалай басталды?

Қаржы нарығы ашыла сала бірқатар қор индекстері құнын жоғалта бастаған. Кейінірек бұл дағдарыс үдеп кетті. Dow Jones бір күн ішінде 1175 пункт жоғалтып, 4,6 пайызға құлдырады. Соңғы рет мұндай жағдай 2011 жылы байқалған-ды. The Guardian басылымы Dow-дың мұндай жағдайға тап болуы тарихта мүлдем кездеспегенін айтады. Соңғы рет Dow 2008 жылы жаһандық дағ­да­рыс кезінде 777 пунктке құл­ды­­ра­ған болатын. Газеттің ақ­па­ра­ты­на сүйенсек, Уолл-стрит кей­інгі алты жыл­да мұндай дең­гей­ге дейін түскен емес.

BBC-дің хабарлауынша, Dow-дың дүмпуі басқа қор индекстеріне де әсер еткен. Нәтижесінде S&P 500 ‒ 4,1 пайызға, Nasdaq 3,78 пайызға төмендеген. АҚШ-тағы қор биржасындағы дүрбелең әлем­нің басқа бөлігіндегі қаржы на­рығына әсер етіп, жағдайды ушық­тырып жіберді. Мәселен, Гонк­онг­тағы Hang Seng нарықтағы құ­нын 5 пайызға жоғалтса, Оң­түстік Кореядағы Kospi ‒ 2,6 пай­ыз, Аустралиядағы S&P/ASX 200 индексі 3,2 пайызға төмен­де­ді. Жапониядағы кейбір қор ин­дек­стері жеті пайызға дейін құл­дыраған.

Бұл оқиға қалталы азаматтарға да оңай тиген жоқ. Әлемнің бір­қатар миллиардері бір күн ішін­де қыруар ақшадан айырылды. Әсі­ресе Berkshire Hathaway ин­вес­т­ициялық компаниясының бас­шысы Уоррен Баффет бір күнде 5,1 миллиард долларға «кедей­леніп» шыға келген екен. Facebook-тің негізін салушы Марк Цукерберг те қаржы биржасының кесірінен 3,6 миллиард долларынан айырылды. Әлемдегі ең бай адам Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос 3,3 миллиард долла­рын жоғалтыпты. Бұдан бөлек, шартараптың ауқатты тұрғыны саналатын бірқатар байлар қор индексі құлауының зардабын тартты. Жалпы, инвесторлар 1,25 триллион доллар ұтылған.

Әлем назарын өзіне аударып отырған биткойн да құнсыздана түсті. BBC арнасының деректеріне сай, сейсенбідегі оның бағасы 6000 доллардың шамасында тұ­рақ­таған. Естеріңізде болса, был­тырғы қарашада биткойнның ба­ғасы 20 мың долларға бір-ақ се­кірген еді. Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбританияның үлкен банктері өз тұтынушыларын аталған электронды ақшаны сатып алуға тыйым салған-ды.

Қаржы нарығы неліктен құлады?

Guardian басылымы қор бир­жасының құлдырауын былай түсіндіреді. Осыған дейін эко­номистер мен сарапшылар кейбір үл­кен нарықтардың би­ыл­ғы ин­фля­цияның 3 пайызға көбей­ге­нін орталық банктер дамыған елдер үшін тиімді деп есептейтінін ескерткен-ді. АҚШ-тағы орташа айлық жалақы мөлшерінің 2,9 пайызға өсуі жөніндегі ресми деректер өткен аптада бұл қауіпті шындыққа айналдырды. Өз кезегінде бұл дүкендердегі бағаның өсіп, экономиканы тұрақ­тан­дыру үшін пайыздық мөл­шер­леме деңгейінің көтерілу қау­­пін тудырды. Нәтижесінде ин­вес­­­торлар ақшаның құнсыз­да­ну­ынан пайда тауып қалу үшін қар­жысын жұмсауға тырысады, делінген Guardian басылымындағы мақалада. 

CNN қор биржасының құлды­рауына инвесторлардың елдегі салық реформасын ескермегенін себеп ретінде келтіреді. Арна өткен күзде Морган Стенлэйдің салықты қысқарту экономикаға кері әсер етуі мүмкін екенін болжағанын айтады. Bloomberg мәселенің туындауын мынандай себептермен түсіндіреді. Біріншіден, АҚШ-тағы экономиканың инфляциясыз тұрақты өсуі қор нарығы үшін кері әсерін тигізген. Екіншіден, қысқа мерзімде акциялардың көптеп сатып алынуы қор индекстерінің арзандауына әкеліп соқты. BBC арнасы АҚШ қор нарығының мұншалықты шайқалуына үлкен инвесторлардың өз акцияларын сатып, пайыздық мөлшерлемесі жоғары басқа қаржы құралдарына салуы әсер етті деп есептейді.

Мұның салдары қандай болмақ?

Guardian басылымының пікі­ріне сүйенсек, әлемнің көп­теген дамушы елдері шетелден доллармен қарыз алғандықтан, қызмет көрсету құнының өсуінен зиян шегеді. Әйтсе де, мұның екінші жағы бар. АҚШ экономикасының қарқын алуы дамушы мемлекеттерден келетін тауардың құнын өсіріп, аталған елдерге мол пайда әкелмек. Басылым Еуроодақта пайыз­дық мөлшерлеменің өсуі неғайбыл екенін айтады. Яғ­ни еуроның құны долларға қара­ған­да өсіп, қарт құрлықтағы мем­ле­кет­тер­дің АҚШ-қа тауар экспорттау-
ын қиындатуы мүмкін.

CNN әзірге қаржылық дағда­рыс туралы айтуға ерте деп есеп­тейді. Арнаның пайымдауынша, қор биржасындағы дағдарыс ин­фля­цияның алғашқы белгілері болуы ықтимал. Сондықтан алдағы уақытта бағаның тұрақтануы күтіліп отыр. BBC-дің сарапшылары да осындай пікір ұстанады. Арнаға сұхбат берген Rathbones брокерлік компаниясының директоры Джейн Сиденхам оқиғаны дағдарыс емес, тұрақтану деп есептейтінін жеткізген.

«АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің айтуынша, индек­с­те­рдің құлауы үлкен түйткілдің белгісі емес. «Ешқандай жүйелі мәселе жоқ. Нарықтың мұндай құбылуы қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп ойламаймын», деді ол Конгресстің жиынында. Сарапшылар бұған дейін қор биржасы тұрақты өсіп келгендіктен, мұндай құлдырауды болжаған еді», деп хабарлады BBC.

Сарапшылардың мұндай пікір білдіруі бекер емес. Өйткені Уолл-стриттегі жағдайға қарамастан, Dow Jones-тің индекстері өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 20 пайыз жоғары тұр. Қор биржасы жабылар тұста нарықтағы жағдай тұрақталып, индекстер қайта көтеріле бастады. Осылайша АҚШ-тағы қаржылық мәселе әлемді дүр сілкінтіп алды.

 

Шолуды әзірлеген

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»