Саясат • Бүгін, 08:50

Антониу КОШТА, Еуропалық Кеңес Президенті: Қарым-қатынас сенімді серіктестікке айналды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан он жыл өте біздің қарым-қатынасымыз кең және серпінді серіктестікке айналды. Бұл серіктестік саяси диалогті, қауіпсіздік пен экономикалық даму саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ көпжақты дипломатияны, өзара байланыс пен инновацияларды қамтиды. Геосаяси шиеленіс пен жаһандық белгісіздікпен ерекшеленетін дәуірде Қазақстан ЕО үшін тұрақты, сындарлы және перспективалы серіктес болып қала береді.

Антониу КОШТА, Еуропалық Кеңес Президенті: Қарым-қатынас сенімді серіктестікке айналды

Сурет: icsd.kz

Көпжақты деңгейде біз БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтау, бейбіт шешімдерді ілгерілету, ережелер мен ынтымақтастыққа, сондай-ақ елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге негізделген халықаралық жүйені нығайту мақсатында тығыз байла­ныс­тамыз. Қазақстан­ның дип­лома­тиялық іс-әрекеті – қақтығыстар­дың алдын алу­дан бастап жаһан­дық форумдар­ға қатысуға де­йін ЕО-ның бейбіт­шілікті ілгері­лету, диалог орнату, шиеленіс­ті азайту және халықаралық серіктестікті нығайту жөніндегі басымдықтарына сәйкес келеді. Осы ортақ көзқарастың арқасында біздің қарым-қатынасымыз барынша стратегиялық сипатқа ие болып, ынтымақтастығымыз қазіргі заманғы геосаяси контексте, мысалы, санкцияларды айналып өтудің алдын алу мәселелері саласында анағұрлым өзекті болып отыр. Соғысты тоқтатып, Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілік орнату – Қазақстан мен ЕО-ның ортақ басымдығы.

Нақты нәтижелерді көріп отырған серіктестігіміздің тағы бір бағыты – көлік саласындағы өзара байланысымыз. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы сенімді әрі тұрақты көпір ретінде стра­тегиялық маңызға ие болды. 10 млрд еуродан аса еуропа­лық және халықаралық инвес­ти­ция арқасында Орта дәліз жылдамырақ, тиімдірек және негізінен цифрлық сипатқа ие болып келеді. Бұл бағытты нығайту тек сауда үшін емес, сонымен қатар осалдықты азайтатын және Еуропаның аймақтағы басқа елдермен байланысын әртарап­тандыратын барынша ор­нықты еуразиялық көлік инфрақұ­рылы­мы архитектурасын құру үшін де өте маңызды.

Экономикалық байланыстар серік­­тестігіміздің берік әрі маңыз­­ды тірегі болып қала береді. Қазақ­­станда 4 мыңнан аса еуро­па­­­лық компания жұмыс істейді. А­л «Horizon Europe» және «Erasmus+» бағдарлама­лары аясын­дағы ынтымақтастық, сондай-ақ кеңейіп келе жатқан тұлғааралық байланыс – біздің ұзақмерзімді жаңғыртуға салып жатқан инвес­тицияларымыздың айқын көрінісі. Визалық режімді жеңіл­дету туралы келіссөздер іскерлік, инновация­лық және академиялық байланыс­тарды дамытуға ықпал ете отырып, осы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтады. Серіктестігіміздің тағы бір маңызды әрі стратегиялық аспектісі – Қазақстан мен Еуро­паның «жасыл» және цифрлық көшуінің негізінде жатқан аса маңызды шикізат, энергия ресурстары мен технологияларды жеткізуді қамтамасыз ету.

Жақында орын алған жеткізу­дегі іркілістер жаһандық жеткізу­шілердің аз санына шамадан тыс тәуелділіктің тәуекелдерін көрсет­ті. Қазақстан-ЕО әріптестігінің осы проблемаларды шешу үшін бірегей мүмкіндіктері бар. Ол энергетикалық әртарап­тан­дыруды жеделдетуге, жаңар­тылатын энергия көздеріне инвес­ти­цияларды ұлғайтуға, техно­логиялық дамуды қолдауға және ЕО аса маңызды деп санайтын шикізаттың елеулі үлесін жеткізуге ықпал етуі мүмкін. Шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутек жөнін­дегі стратегиялық серіктестігіміз, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен жол картасы осы әлеуетті жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды.

Біздің болашақтағы ортақ міндетіміз – өңдеу және қайта өңдеу саласындағы ынтымақ­тас­ты­ғы­­мызды тереңдететін, сондай-ақ геологиялық барлау, аккумуляторлық батареяларды қайта өңдеу мен экологиялық таза сутегі сияқты салалардағы иннова­цияларға ықпал ететін стратегия­лық, тиімділігі жоғары жобаларды айқындау. Бұл – тек материалдар туралы емес, сонымен қатар ЕО-ның бәсекеге қабілеттілігін нығайта отырып, Қазақстанның өнеркәсіп секторын жаңғыртуға ықпал ететін тұрақты, болашаққа бағытталған құн тізбектерін дамытуға да қатысты мәселе.

Кеңейтілген әріптестік пен ынты­мақтастық туралы келісімге 10 жыл бұрын қол қойылған және қазір ынтымақтастығымыздың бағы­ты нақты айқындалған. Біз бей­­біт­­шілікті ілгерілететін, жаһан­дық ын­ты­мақтастықты нығайта­тын, ор­нық­ты байланыстарды күшей­тетін және Қазақ­стан мен Еуропа­ның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қол­дай­­тын серіктестік құрып жатырмыз.

Келесі онжылдық іске асыру белгісімен өтуге тиіс: қосылған құнды құру тізбектерін нығайту, инфра­құрылымды жаңғырту, техноло­гиялық ынтымақтастықты терең­дету және нақты бірлескен жоба­ларды жүзеге асыру. Қазақ­стан бұл жолда сенімді серіктес болып келеді. Біз бірге ортақ қиындықтарды ортақ артықшы­лықтарға айналдырып, екі тарап үшін де қауіпсіз, тұрақты және бәсекеге қабілетті болашақты қалыптастыра аламыз.