Ет өнімдерін қаншама мол өндіріп жүрміз десек те, елімізге импорттық жолмен жеткізілетін асыл тұқымды мал мен еттің үлесі әлі көп. Сондықтан да бүгінде бұл тәжірибені кейінгі кезекке ысырып, ет экспорты көлемін бұрын-соңды болып көрмеген жоғары деңгейге жеткізудің маңызы жоғары. Оның басты жолдарының бірі ет кластерлерін құру екені белгілі. Осы орайда алдағы әңгіме желісін Ақтөбе облысында құрылған «АкТеп» ЖШС-нің іс тәжірибесі негізінде өрбіткенді жөн көреміз. Аталған кешен бір мезгілде 11 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған. Осы арқылы жылына 7200 тонна ет өңдеуге мүмкіндік туып отыр.
Өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті басты өлшем ретінде белгілей білген республикамыздағы ірі агроқұрылымдардың бірі өнім өңдеу көлемін жүйелі әрі тұрақты түрде өсіріп келеді. «АкТеп-тің» алға қойған басты межесі таяудағы және жақын келешектегі жылдарда еңбек өнімділігін 45 пайызға дейін көтеру болып отыр. Сөз жоқ, бұл өте жоғары міндет. Нақты іс-қимылдар белгіленіп, жүзеге асатын болса, мұның өзі қолдан келетін, орындалатын іс. Оны жүзеге асырудың нақты мүмкіндіктері мен тәсілдері қандай? Бұл сауалға қайтарылатын жауап та өте қарапайым. «АкТептің» төңірегіне топтасқан ірілі-ұсақты немесе бүгінгі салалық сөз қолданысына сәйкес айтқанда, зәкірлік шаруа қожалықтар осы биік межеге иек артудың басты кілті болмақ. Оның саны 357 екенін айтсақ, көп мәселенің түйіні тарқатыла түседі.
Өңірдегі «АкТеп» және «Айс» секілді ірі агроқұрылымдардың маңында оған қызмет жасайтын қосымша құрылымдардың болуы ет және сүт кластері қалыптастыру ісіндегі басты модуль екені айқын. О баста жоғарыда аталған серіктестік жетекшілері осы модульді енгізу үшін көп ізденіп, көп уақытын сарп еткен. Бір жақсысы, олар іздегенін тапты да. Сөйтіп Ақтөбе аймағында елімізде баламасы жоқ ет және сүт кластерлері құрылды. Қазіргі күні барлық жұмыс осы модуль аясында жүргізіліп келеді.
Мұндай байланыстар екі жаққа да тиімді. Ең бастысы, шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық кооперативтері ұтпаса, еш ұтылмайды. Яғни қуатты құрылымның құрамында олардың жұмысы одан әрі ширай түседі. Көп бағытпен айналысудың берері қашанда мол. Әрі осы арқылы ауыл азаматтары жылдың он екі айында үзіліссіз жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Тұтастай алғанда еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу саласы осы бағытқа бет бұрса, бұл соғұрлым өміршең, тиімді әрі пайдалы болмақ.
Рас, бұдан біраз уақыт бұрын әбден нығайып, буыны бекіген ірі аграрлық бағыттағы кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жалғастыра берудің қандай қажеттілігі бар деген пікірлердің туындағаны белгілі. Бір қарағанда жөн сөз секілді. Әйтсе де қазіргі таңда «АкТеп» сияқты ірі агрофирмаларға көмектесу деген ұғым ұсақ шаруашылықтарға қолдау көрсету болып шығатынын ұғынатын кез келді. Бұл өз кезегінде «АкТептің» жанына шоғырланған 400-ге тарта ұсақ фермерлік шаруашылықтар оның базасында толық әрі еркін қозғалысқа келе алады деген сөз.
Осыдан шығатын тағы бір түйін бар. Бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған «АкТеп» және «Айс» секілді ірі агроқұрылымдар еліміздегі ірі облысты ет және сүт өнімдерімен қамтуға мүмкіндік алып отыр. Ақтөбе аймағында құрылып, қызмет жасай бастаған ет кластерінің зәкірлік серіктестері өз істерінің жаңа арнасы жөнінде қандай пікірде? Осы орайда «Қызылжар» мен «Қаршыға» шаруа қожалықтарының жетекшілері Асқар Балманов пен Артур Жетенов газет тілшісіне өз ой пікірлерін былайша жеткізді.
«Біз «АкТеп» ЖШС-нің құрамында қызмет жасап келеміз. Оның жетекшілері жем-шөп қорын қалай әзірлейміз деп бас-
тарын қатыра қоймайды, біз дайындап береміз. Сонымен бірге бордақылау алаңын малмен толтыру жұмыстарын да қоса атқарамыз», дейді олар. Қосалқы шаруашылық иелері бұдан әрі «АкТептен» асыл тұқымды бұқаларды жалға алу мен ауылшаруашылық техникаларын лизинг тәсілі бойынша пайдаланудың тиімділігіне тоқталды. Бұл жобалар мен бағдарламалар қыруар қаржы жұмсамай-ақ табысты көбейтуге және аналық мал басын толықтыруға, сонымен бірге мал тұқымын жақсартуға мүмкіндік береді. Мұндай байланыс шағын шаруашылықтар үшін өте тиімді деп есептейді олар.
«АкТептің» өз маңайына топтаса бастаған шаруа қожалықтарына үлкен шапағатын тигізіп жүргені де бөлек бір әңгіме. Оның басты мысалы – бас кәсіпорын олардың өнімдерін тез, кезексіз әрі жоғары бағамен қабылдайтыны. Мұндай жағдайда ақша, яғни өткізген өнімдерінің құны аз уақыттың ішінде банктегі есепшотқа түседі. Шаруа осылай өз жөнімен шешіле берсе, олар өзге сатып алушыларды іздеп қайтеді. Әрі алыпсатарларға да алданбайды. Өйткені бұл мәселе «АкТеп» агроқұрылымы жүйесінде толығымен өз шешімін тапқан. Осындай әріптестік асыл тұқымды мал басын өсіру мен көбейту ісінде де терең тамыр жайып келеді. Пайда мен тиімділікке шаруа қожалықтарының қол жеткізуі төмендегі деректерден де анық көрінеді. Айталық, қожалық жетекшілері «АкТептен» абердин-ангус асыл тұқымды малының бұқаларын жалға алған жағдайда бұл тұқымнан туған төл он айдың ішінде 350-400 келі салмақ тартатын көрінеді. Бұл пайда емей немене?!
– «АкТеп» ЖШС қазір мал бордақылаудың тиімді әдістеріне арқа сүйей отырып, еңбек өнімділігін одан әрі көтере түсуде. Бұл ретте біріншіден, асыл тұқымды репродукторлардың қуатын көтеруге ерекше мән берілген. Мұның мөлшері – 6200 ірі қараға тең. Ең бастысы, тиісті мал басы кешенге ұдайы әрі тұрақты түрде жеткізіліп тұрса жұмыс өз ырғағынан жаңылмайды. Әрине малдың да малы бар. Біз үшін басты көрсеткіш пен негізгі критерий – сан мен сапаның үйлесімділігі. Екеуінің бір тұстан тоғысуы дейді, – «АкТеп» ЖШС-нің бас құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин.
Оның сөзінен тағы бір ұққанымыз қазіргі кезде тиімділік тұтқасын таба білген «АкТеп» басшылары инфрақұрылымдық нысандарды құруға қаражат жұмсаудың қажеті жоқ деп есептейді. Өйткені кешенде оған толық мүмкіндік бар. Бос тұрған орындар да табылады. Сонымен бірге «АкТепте» фермерлерге қомақты еңбекақы төлеу тәртібі де орныққан. Ол әр сиырға 800 теңге, әр бұзауға 400 теңге төлеу есебінен жасалған. Сонда орташа есеппен алғанда олардың еңбекақысы 300-350 мың теңге болып шығады.
Тағы бір айта кетер жайт, өңірдегі «АкТеп» және «Айс» секілді ірі агроқұрылымдарда өндіріс үдерістері толығымен автоматтандырылған және компьютерленген. Мұнда мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің заманауи бағдарламалары жүзеге асып келеді. Бұл агроөндірістің барлық цехтарын қамтиды. Осы арқылы жануарлардың жай-күйі мен ахуалы туралы барлық қажетті мәлімет жинақталады. Тіпті цифр-
лы технологиялар арқылы серіктестік бағдарламашылары аналық сиырлар шағылысқа әзір ме деген сауалдарды да тез жинақтап біле алады.
Түйіп айтқанда, «АкТеп» және «Айс» секілді өңірдегі ет және сүт кластерлері мысалында Ақтөбе аймағы Президент Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған цифрландыру жөніндегі міндет пен тапсырманы орындауды бастап кетті деуге толық негіз бар. Егер басқа да мысалдарға сүйенсек, малдың құлағына электронды сырға қондырып, осы арқылы оның бір тәулікте қосқан салмағын анықтау технологиясы қолданылатыны осы пікіріміздің басты дәлелі. Бұдан кейінгі кезекте компьютердің немесе смартфонның көмегімен қажетті мониторингтік зерттеулер жасалады.
Міне, осылайша Ақтөбе аймағында құрылған ет және сүт кластерінің көкжиегі күннен күнге кеңейіп келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
СУРЕТТЕ: Ақтөбе ет кластері құрылымынан көрініс