Өнер • 08 Ақпан, 2018

Шынайылық шебері - Ғайникамал Байқошқарова

1302 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Бай-манаптың  тұқымы» деп қудаланған он үш балалы әулет­тен жалғыз өзі жазатайым тірі қалып, Тараздан Аягөзге ауып келіп, жетімдігіне қарамай білі­мін же­тіл­діріп, әскери про­курор болған Мұқан мен то­бықтыдан шыққан өнерлі қыз Гүл­фа­риданың тұңғышы Ғай­никамал өскен отбасы шын зиялылардың ор­дасы еді.

Шынайылық шебері - Ғайникамал Байқошқарова

Он саусағынан өнер тамған, ерте­лі-кеш тігін машинасының құла­ғынан түспейтін Мең­кебану әжесі ине-жібін са­бақ­тап беріп, құлағы қал­қайып қасында отырған қа­лақтай немересіне: «е-е-е, қа­рағым-ай, менің көрген ра­хатымның тырнақтайын көр­сең, бақытты болар едің-ау» дер еді мұндайда ес көріп. Әжесінің айтатын рахаты сол – Абайдың ұлдары Ақылбай, Тұрағұл, Мағауия, әнші Әмі­ре, балуан Қажымұқан, жазу­шы Мұхтар сияқты өз зама­нының заңғар зия­лылары түсе­тін табалдырығы мен төрі кие­лі шаңырақты ұстағаны. Абай балалары әжесіне арнайы пәуеске жіберіп, ауылдарына алдыртып, апталап қонақ етеді. Меңкебану апалары асылдың тұяқтарына матаның мықтысынан жағасы мен жеңі бар сюртук, шалбар тігіп беріп, шаңырақтарында аунап-қунап жатып кететін өз адамындай еді. Әжесі Құнан­байдың нәсілін жалғаған ұр­пақ­тарының үйінен алаштың небір айбоз ұлдарының да мейман болып келетінін, соларды көзінің көргенін кішкентай немересіне мақтанып айтып отыратын.

Балалық шағы өткен Таң­сықтың таңы Қозы Көрпеш – Баян сұлудың аспанмен та­ласқан асқақ мұнарасына ма­лынбай тұрып атпайтыны се­кілді, бұл ауылдың адам­­да­рының да әңгімесі қос ға­шық­тың тарихы мен тағ­­дырын баяндаудан бас­тал­май ма? Бала күнінде сол мұ­нараның түбіне талай бар­ған. Мұнара мен ауыл ортасында Аягөз өзені ағады. Өзеннің ар­ғы бетіне өтіп кеткен малды айдап келу үшін мал­тып өтіп, жолай шырғанақ, долана, бүлдірген тере барған ауыл ба­лалары Қозы мен Баянның мұнарасына соға кетуді де ұмыт­пайтын. Балалық шақтағы осы көріністің бәрі уақытпен бірге ұмытылып қала бермей, арманы мен сезімін әлдилеп, өнер дейтін өзгеше әлемнің өлкесіне ғана өсетін әдемі гүлдің құнарлы топырағына нәр болып сіңе берген екен.

1965 жылы Алматы медицина инс­титутын тастап, консерваторияның актерлер­ дайындайтын бөліміне КСРО халық әртісі Хадиша Бөкее­ваның студенттер қабыл­дай­тыны туралы хабарландыру­ды оқығаннан кейін өнер дей­тін сиқырдың арбауына түсіп, есі кетіп жүрген жас қыз ешнәрсеге қарамастан ті­ке тартады. Ұяң қыздың батыл шешіміне ешкім тоқтау са­ла алмайды. Әкесіне нағашы жа­ғынан туыс болып келетін театр директорының орынбасары Болат Маусымбаев деген аға­сының өзі өре түрегеліп, әдет­тегі «әртіс болам деген не­ сұмдықты» айтып, аттанға ба­­сады. Қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсыруға келгенде мұндағылар да оның шешіміне таңғалғанын жасыра алмайды. Талабы күшті табанды қыз мақсатына жетіп, Х.Бөкееваның класынан бес жыл білім алып, Әшірәлі Кенжеев, Құман Тастанбеков, Әшірбек Сығай секілді сайдың тасындай іріктелген курстас­тарымен бірге театр сахнасына келеді. Алматыдағы екі театрды тел емді. М.Әуезов атындағы академиялық театр­­дың алыптарымен бір сахнада ойнағысы келген арманы да көп ұзамай орындауын тапты.

Өнер – табиғат сыйы. Сүт­пен еніп, сүйекке бітетін нәрсе. Актер деген атқа лайықты болып жүру үшін Ғайникамал сыртқы сымбаты мен ішкі жан әлемін ғажап үйлесіммен ұс­тауға тырысты. Әлі есімізде, апай 60 жасында спектакльдің көп­шілік сахнасында институт­ты жаңадан бітіріп келген жас қыздармен бірге билеп жүрді. Бұл жастағы әріптестерінің көп­шілігі мың бұралып билемек түгілі, театрға келіп-ке­туі сиреп, дене сымбатын да сақ­­тай алмай жатады. «Театр үшін отқа да, суға да түстім» де­ген сөзді Ғайникамал апай айт­са ғана жарасады. Кезінде «Кемпір­лерден шыққан дау» спектак­лінде қартайса да, сыры мен­ сы­нын бірдей сақтаған, жүр­ген­де жүрісі білінбейтін, күлгенде тісі көрінбейтін, бал­дағының тықылы да әсем ән­дей естілетін Қыз-кемпірді ой­нап жүріп, арбадан сан мәрте құ­лады. Аңғал, адал Қыз-кем­пір алдынан шыққан адамнан да үркіп құлайды, соңынан қу­ған адамнан да қорқып жы­ғылады. Сан жылдан кейін омырт­қасы сыздап, сыр берген соң компьютерлік диагностика жасатқанында дәрігер «арқаңызда мүжілмеген сау омыртқа қалмаған екен» деп қатты таңырқап, басын шай­қаған екен.

Өнердің шарты біреу ғана: өз сөзіңді айту. Ғайникамал апай сахнада жүзге тарта рөл ой­нады, бірақ өнердегі ширек ғасырлық ғұмырында сол ойна­ған рөлдерін ешқашан үл­кен-кіші деп бөлген емес. «Айман-Шолпанда» Шол­пан, «Абай-Әйгерімде» Салта­нат, «Ақбілекте» Ұрқия, «Жұлды­зым менің жоғарыда» Гүлжан, «Көктөбедегі кездесуде» Алма­гүл, «Жендеттерде» Мадлена Бежар, «Ақымақ болған басым-айда» Сотанвиль, «Ғашықтық дертінде» Шекер, «Кішкентай ауылда» Мәнсия, «Өттің, дүниеде» Фатима ханым болып актерлік шеберлік өрісінде бір-біріне мүлде кереғар, қай­таланбас бейнелер жасады. Театр есігін ұяла ашқан ұяң­ мінезді актриса актерлік мек­теп­тің қыр-сырына Сәбира Май­қанова, Бикен Римова, Фа­рида Шәріпова, Шолпан Жан­дарбекова, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейітметов, Таңат Жайлыбаев сынды сахнаның нағыз майталман саңлақтарымен тізе қосып, қатар ойнап жүріп қанықты. Әсіресе, Булгаковтың «Жен­деттеріндегі» Мадлена мен «Өт­тің, дүниедегі» Фатима бей­несі ішкі психологиялық иірім­дері мол, актер қуатын барынша жарқыратып көрсететін күрделі образдар. Бастапқыда «Жендеттерде» Нұрмұхан Жан­төрин секілді сахна алыбы­мен бірге шыққанда, ол кісі ауыр қабағын көтеріп, ашулы жүзбен бір қараса, үркек қоян секілді Ғайникамал не істерін білмей дағдарғаны есінде. Бірақ сахнаның неше түрлі қи­тұрқысы мен қалтарыс-бұл­­тарысын көріп әбден шың­­далған сыралғы саңлақ ке­рісінше, жас актрисаның өзін ширақ сезініп, өзімен дең­гейлес ойнауы үшін қамқор пейіл танытып, еркіндікке қа­рай жетелейтін. Н.Жантөрин – Мольер, бұл – Мадлена. Мад­лена Мольерге ғашық, ерке­лейді, есінен тандырады. Бірақ Мольерге дейін тағы бір полковникпен көңілдес бол­ған Мадлена дүниеге келген қызының кімнен екенін айыра алмай, дал болады. Бұл аз болса, Мольер енді өз қызына ғашық болады. Сол кездегі Мад­ленаның жан азабын тіл­мен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкесі мен қызының арасын ажыратуға қанша күш салса да, онысынан түк шықпай, ақы­ры өзі ақылынан адаса бас­тайды. Міне, осындай динамикалы драматизмге құрылған, жүрекке салмақ түсіретін, ішкі психологизмі басым кейіпкер образын жасау көп тер төгуді, тынымсыз ізденуді қажет етпей қоймайды. Образдың іші­не еніп, бейнемен бірігіп кет­кендігінен болар, көрермен Ғай­никамалдың жан азабынан құр сүлдері ғана қалған шарасыз Мадленасына аялай қарап, онымен бірге қайғырып отырып көретін. Спектакльдің режиссері Виктор Мажуриннің өзі: «Мен сенің Мадленаңа сенемін, Ғайникамал» деп, демеп қоятын еді.

Мінезінің кішіпейілділі­гі­нен бе, әлде тиісті орындар­дың бұра тартып, көзге ілгісі кел­мегенінен бе, «Қа­зақ­­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері»­ атағын да актриса алпысқа аяқ басқанда алды. Ең ақырында, жа­сы жетпіске таяғанда кең маңдайы жар­қырап, ақылы жү­зіне, парасаты көзіне тұн­­ған ақ жаулықты қазақ әйелі­нің бейнесінде қалың алаш жұртының алдында жүз серия­дан тұратын «Қара шаңырақ» фильмі арқылы жарқ етті. Ғайникамал Байқошқарованың ұзақ жылдар бойы көпшілік сахнасында көрінбей жүргенінің есесі, ар мен ұятты бәрінен биік қойып, оң мен солға қа­рамай, ойқастап алдыға шы­ғуды орынсыздық санаған сал­мақты мінезінің сыбағасы, та­ланты ешкімнен кем болмаса да, тартыншақтап тұратын тектілігінің тартуы осынау бекзат болмысты Гауһар-Ананың бейнесімен бірге келді. Кинода ой­наған азды-көпті рөлдері болғанымен, сахна сыртын­да, театрдың тасасында ке­ле жатқан Ғайникамалды көгіл­дір экранның күшімен әп-сәт­­те танымал еткені үшін ре­­жиссер Ақан Сатаевтың дәл осы актрисаға таңдау жасап, жер бетінде әділдік деген ұғымның әлі де өмір сүре бе­ре­тініне сенім ұялатқаны үшін ризашылығымызды біл­діріп, рахмет айтқымыз кел­ді.

Әкесі мен балаларының ара­сында дәнекер болып,­ от­ба­­сының берекесін ұйытқан ме­йір­бан Гауһардың балалары үшін шырылдайтын жанқиярлық сезімі, жы­лы­лығы, жанашырлығы – қа­зақтың бұрыннан қа­лыптасқан от­басылық инсти­тутынан қашықтап бара жатқан ана­лық сезім. Қазақ бәл­кім осыған сусаған болар. Ата-ана мен баланың бойынан алыстауға айнал­ған баға жетпес асыл қасиеттерді аңқа­сы кебе сағынғаннан кейін, соның бә­рін шынайы жеткізе алған Гауһар-Ғай­никамалды шын жақсы көріп қалғаны анық. Тарихта жалғыз ғана шығарманың авторы болып, атағы шыққан, жалқы образ жасап, сол бейнесі жадыға мәңгі жазылып қалған, баламасыз туындысымен ғасырлардың бедеріне есім-сойы сіңіп қалған бір ғана шедеврдің шеберлері аз емес. Театр мен кино – өнердің ма­ңызды екі саласы болғанымен, тынысы бір, тіршілігі ортақ тұтас ағза. «Қара ша­ңырақ» пен Гауһар-Ана – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Құр­­­мет» орденінің иегері Ғайникамал Бай­қошқарованың елу жылдық еңбегі мен бүкіл шығармашылық өмірінің есе­бі іспетті ең елеулі жұмысы ретінде ал­дағы күннен әлі де бағасын алатын біре­гей туындысы.

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ