Аймақтар • 08 Ақпан, 2018

ШҚО әкімі Д.Ахметов ауыл әкімдеріне дәріс оқыды

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында 98 қадам шеңберінде ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндетті жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі халық саны 2000 адамнан асатын 1066 елді мекен, оның ішінде  Шығыс Қазақстанда 100 ауылдық округ жаңа басқару жүйесіне көшуді бастағаны белгілі.

ШҚО әкімі Д.Ахметов ауыл әкімдеріне дәріс оқыды

Әрине, «100 ауыл бірден жаңа жүйеге көшіп кетті, бәрі жақсы, бәрі керемет» деп алақан ысқылауға әлі ерте шығар. Бұл ретте әуелгі кезде әртүрлі қиындықтар мен түсініспеушіліктердің орын алатыны да жасырын емес. Осындай олқылықтарға жол бермес үшін жыл басында жергілікті өзі-өзі басқаруды енгізу бойынша республиканың әр өңірінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 16 филиалы ашылған-ды. Мұндай филиал 4 қаңтарда Өскеменде де өз жұмысын бастады. «Әуелі 50 әкімді оқытамыз, олардың өзі екі кезеңмен оқитын болады. Екінші лекте тағы елу әкім келеді. Әкімдер бұрын айналыспаған бюджеттік бағдарламаларды жасауда қателіктерге жол бермес үшін олқылықтың алдын алу жолдарын үйретеміз. Оқу біткен соң да әкімдер жергілікті жерде жұмысты бастағанда біздің қызметкерлер онлайн режимде кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Болашақта магистратура бөлімі, қашықтықтан оқыту жүйесі ашылуы мүмкін», – дейді филиал директоры Жанар Рыспекова.

Әкімдерді оқыту демекші, бұл бағыттағы жұмысты Шығыс Қазақстан облысы елден бұрын бастап кетті деуге болады. Жақында жаңа жүйеге көшіп жатқан өңірдегі 50 әкімге арналған алғашқы дәрісті аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі оқыды. Облыс әкімі өз сөзінде Президент жүктеген маңызды міндетті іске асыру үшін аймақта елімізде алғаш болып «Жергілікті басқару жүйесінде кәсібилікті дамыту семинары» атты арнайы бағдарлама, яғни пилоттық жоба әзірленгенін атап өтті. Бағдарлама мемлекеттік процестің тарихи даму контексіндегі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды мемлекеттік жоспарлау және іске асыру, ауылдық аймақтарды дамытуға, проблемалары мен оларды шешуге мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және коммуналдық меншікті басқару секілді 4 блоктан тұрады екен. «Мемлекетік менеджер ретінде сіздер аумақтарыңыздағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешесіздер. Биыл дербес бюджет алдыңыздар. Семинар бойынша алғашқы дәрісті мен оқыдым. Енді әр басқарманың басшысы Сіздермен тікелей жұмыс істейтін болады. Олар тиісті материалдарды дайындады. Іс-әрекет алгоритмін де жасап береді. Ал Сіздерге тек сол бойынша нақты жұмыс істеу қажет. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, дұрыс жұмыс істей білуді үйреніңіздер. Себебі, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігін іске асыру Сіздерге байланысты болмақ», - деді Д.Ахметов.

Аймақ басшысы өз дәрісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру, қалыптастыру жолындағы еңбектеріне де кеңінен тоқталды. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Осылайша «Қазақстан-2030» стратегиясы мерзімінен бұрын орындалды. Қазір «Қазақстан-2050» стратегиясын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қолға алып отырмыз. Қарап отырсақ, егемендік алғанымызға 26 жыл ғана болса да, осы кезеңде еліміз өзге мемлекеттер ғасырлар бойы жүріп өткен жолды еңсерді. Біз өте күрделі, бірақ қызықты және құбылмалы кезеңде өмір сүріп отырмыз. Менің замандастарыма үлкен тарихи өзгерістерге, айтулы оқиғаларға қатысу және тікелей араласу құрметі бұйырды. Биылғы Жолдауда да Елбасы алдымызға он нақты міндетті қойды. Оны іске асыруға барша қоғам болып жұмыламыз», - деді облыс әкімі.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН