Аймақтар • 08 Ақпан, 2018

Маңғыстауда шенеуніктердің тәртіп мәселесі талқыланды

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Маңғыстауда шенеуніктердің тәртіп мәселесі талқыланды

Күн  тәртібінде барлығы 4 мәселе қаралып, кеңес отырысының нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды және 2017 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы жергілікті және орталық атқарушы органдарының аумақтық бөлімшелеріндегі тәртіптік комиссияларының жұмысына жүргізілген талдау қорытындысындағы мәселелер талқыланды.

Ж.Султанкуловтың тұрғын үйін жекешелендіру мәселесі бойынша жұмысшы органы мен тұрғын үй комиссиясы тарапынан 2 ай бойы аталған тұлғаны әуре сарсаң салып, оның заңды мүддесін бұзып, тек оның бірнеше рет шағымдануынан кейін ғана тиісті шешім қабылдау арқылы заңбұзушылыққа жол берген үшін Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй комиссиясының мүшелері С.Сағынбаевқа, Б.Овезовке және К.Карибаевқа Әдеп кодексінің талабына сәйкес «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынылды. Басқа комиссия мүшелерінің тәртіптік жауапкершіліктері олардың қызметіне кіріскеннен кейін қаралатын болады.

Келесі іс Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Т.Жумалиев пен оның орынбасары О.Табынчаевқа қатысты қаралды.

Аталған лауазымды тұлғаларға қатысты орын алған заңбұзушылықтар олардың жаңа жыл мерекесіне орай өткізілетін мерекелік шараларды тек мектеп қабырғасында өткізіу қажеттігі туралы 11.12.2017 жылғы №01-24/1840 ескертпе хаты негіз болған.

Әдеп  жөніндегі  кеңес  мүшелері тәртіптік іс құжаттарын зерделеп, білім саласындағы уәкілетті орган басшысының пікірін тыңдай келе, аталған ескертпе хат оқушылардың құқықтарын қорғау мақсатында тек білім беру ұйымдарының қарауына жолданғаны және онда кәсіпкерлердің құқықтарына кедергі келтіретін негіз жоқ деп тапты.  Т.Жумалиев пен О.Табынчаевтың тарапынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілмеген деп тауып, оларға қатысты тәртіптік істердің өндірісін қысқарту туралы шешім қабылдады.

Бұдан кейін, жергілікті интернет сайттарына мониторинг жүргізу барысында Төлеп ауылының әкімі К.Изжановтың тарапынан басқа тұлғаны ұрып-соққандығы және жәбірленушіге дене жарақатын келтіргендігі жөнінде сыни мақала негізінде қозғалған тәртіптік іс қаралды.

Мәжіліс барысында әкім К.Изжановты тәртіптік жазаға тартуға дәлелдер жеткіліксіз болуына байланысты оған қатысты тәртіптік істі тоқтатуға және оның өтініші негізінде жүргізіліп жатқан қылмыстық іс бойынша әкімге қатысты жаңа мән-жайлар анықталған жағдайда тәртіптік істі қайта қарау жөнінде ұсыным етті.

Кеңес соңында тәртіптік комиссияларының жұмысына жүргізілген талдау нәтижесінде алдағы уақытта орындалуы тиіс бірқатар жұмыстар мен атқарылатын шаралар жөнінде ұсыныстар қабылданды.

 

  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

 «Егемен Қазақстан».

 Маңғыстау облысы