Ақсу қаласы ауылдық аумағының «Алина», «Бастау», «Катюша», «Мамадалиев», «Әсел және К», «Аққу», «Заман», «Қызылжар-Құс» ЖШС, «Жаманов» және «Рей-Агро» ЖК және басқа да өнім өндірушілердің де өнімдері тұрғындарға жақсы таныс. Іздегеніңізді жәрмеңкеден табасыз. Ауылдың таза өнімі.
Бағалар базарлар мен шағын дүкендердегі бағадан әлдеқайда төмен. Аудандардан жеткен шаруашылықтар сиыр, жылқы, қой етін, 1,5 тонна құс етін, 15 тонна картоп, 9 тонна сәбіз, 3 тонна қызылша, 6 тонна қырыққабат және тағы басқа өнімдер әкеліпті. Сиыр етінің бір килосы 1400 теңгеден саудаланса, жылқы еті 1500 теңгеден, картоп, көкөніс өнімдерінің құны 75-80 теңге аралығында. Ал Ақсуда жәрмеңке «Ауыл базарында», Екібастұзда «Ауыл» базарында айына екі рет өтеді.
Байқағанымыздай, облыс орталығы ауылдық аумағына қарасты ауылдардан, Ақсудан, Павлодар ауданы ауылдарынан келетін ағайындар құрттың ащысын да, тәттісін де жасап, қаймақ, сүт, қолдан ұйытқан айран, май, кілегей, талқан, сүзбесі дейсіз бе, бәрі бар. Сый-сияпатқа қажет қолөнер бұйымдарын да тастамай жәрмеңкеге алып келеді. Қорасындағы малын бағып, өсіріп, өз өнімін өздері жасап дайындап, сенбі сайын арқаланып қалаға жетеді. Нәтижесінде отбасында береке, бала-шаға тоқ, аман-есен. Үйдегі шаруашылығының зейнеті деген осы.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, сенбі сайын жәрмеңке өткізудегі мақсат – облыс орталығы тұрғындарының 20 пайызын арзан өніммен қамту. Бұл ауылшаруашылық өнімдерінің, азық-түліктің бағаларын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Яғни тұрғындар бір аптаға жетерлік қорын сатып ала алады. Баға саясатын тұрақтандыру жәрмеңке өткізумен де шектелмейді.
– Сондықтан биыл «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы да құс еті, қияр, қызанақ, күріш, қант, өсімдік майы сияқты өнімдер сатып алынды. Бұл азық-түлік өнімдері әлеуметтік дүкендер арқылы саудалануда, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов.
Жалпы, жәрмеңке – шаруа қожалықтарға да, тауар өндірушілерге де, тұтынушыға да тиімді. Бұл ауылда жасалатын, өндірілетін өнімдерді өткізудің ұтымды жолы.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы