Әлемнің шартарапынан жүздеген суретші қатысқан байқауға әр қылқалам шебері жүз суретін жіберген. Солардың арасынан жиырма жеті адам үздік деп бағаланған. Жүлдегерлер арасында Адриан Палмас (Аргентина), Алексей Талимонов (Ұлыбритания), Аскин Айранчиоглу (Түркия), Корнел Чиореан (Румыния), Дарко Држевич (Черногория), Эмилио Иска (Италия), Эрай Өзбек (Түркия) Фируз Куталмиш (Норвегия), Капуста Николай (Украина), Махмуд Бархордар (Иран) секілді қылқалам шеберлері бар. Бір қызығы, Қытайда өткен бұл байқауда жүлдегерлердің арасында бірде-бір Қытай азаматы жоқ. Мультипликаторлар федерациясының халықаралық ұйымы ұйымдастырған байқауда әлемнің үздік суретшілері төрелік еткен.
Карикатура – қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға сыни-әлеуметтік көзқарасты білдіретін өнер. Соңғы уақыттарда карикатура орындалу жағынан да біршама дамып, өз өкілдеріне де жоғары талап қоя бастаған. Иран, Түркия, Қытай, Италия, Польша, Бельгия, Әзербайжан, Хорватия сияқты мемлекеттерде өте жақсы дамыған бұл өнердің түрінен жылына бірнеше үлкен конкурстар ұйымдастырылады. Мың жарым адамға дейін қатысатын бұл сайыстарда үздік жүздікке кірудің өзі үлкен жетістік. Айдарбек Ғазизұлы қазақ карикатурашыларының ішінде әлемдік сайыстардан жүлдегер болып жүрген санаулы өнер иелерінің бірі.
Айдарбек Ғазизұлының кезекті жеңісімен құттықтап, мол шығармашылық табыс тілейміз!
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»