Әдебиет • 09 Ақпан, 2018

Астанада Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан жолы» атты кездесу кеші өтті

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі қарымды қаламгер, зерттеуші-журналист Жарылқап Бейсенбайұлының қатысуымен «Шоқан жолы» атты кездесу кешін ұйымдастырды.  

 

Астанада Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан жолы» атты кездесу кеші өтті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Мәдени шараға саяхатшы-шы­ғыстанушы Шоқан Уәлиханов­тың есімі тақырыптық тұрғыдан ар­қау етілуіне басты себеп болған ақ­қан жұлдыздай жарқ еткен қазақ ға­лымының өмір жолын терең зерделеген қаламгердің бірі – осы Жарыл­қап Бей­сенбайұлы.

Расында, қазақ руханиятында Абай­дың жолы қандай тағылымды болса, Шоқанның жолы да сондай қымбат. Осы екінші сара жолды негіздеушілердің бірі ретінде оқыр­манмен пікір алмасып, ой бөліскен Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің шоқантануға қалай бет бұрғаны туралы кеңінен әңгімелеп берді. 
Зерттеуші-журналистің айтуына қарағанда, студенттік шағына тап келген өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ руханиятында тың серпін пайда болып, жаңа тынысы ашылған кезең-ді. Яғни жас жазушы-ғалымдар Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Ма­ғауин, Зей­нолла Серікқалиевтің салған түрені студент жастың рухын оятқан. Аталған адамдар сияқ­ты ол да осы арнаға бұрылуды мақ­сат тұтқан. Сөйтіп Шоқанның жо­лын журналистік леппен зерттеуге кіріскен. Әуелі ғалымның 1856 жылы басынан өткерген атақ­ты «Ыстықкөл сапары» жайлы күн­делігін құшақтап, дәл осында аты аталып, түсі түстелген жерлерді жаяу аралап, сонау Петербург, іргедегі Омбы, өзіміздің Семей мен Қапал, қырғыздың Ыстықкөліне дейін Шо­қан басқан іздермен жүріп өткен. 

Нәтижесінде, 1975 жылы ғалым­ның туғанына 140 жыл толған мерейтойы қарсаңында «Шоқанның ізімен» атты алғашқы кітабын жа­рық­­қа шығарған.
– Шоқан Уәлиханов, – дейді Жа­­қаң, – көп қырлы ғалым, кеңес за­­ма­нында оның тек саяхатшылық қыры ғана терең танылды. Оның фоль­клор­тану, этнография және сол тұстағы қазақ қоғамының бет-­бейнесі, ресейлік отарлаудың озбыр­лығы жайлы жазған еңбектері әлі де толық зерделенген жоқ. 
Тіпті Ш.Уәлихановтың 19 жасында Қ.Жалайырдың еңбектерін оқып, оған ғылыми талдау жаса­ғанын, сондай-ақ Мұхамед Ду­ла­­тидің «Тарих-и Рашиди» шы­ғар­масын алғаш зерттегенін екінің бірі біле бермейді. 

Кезінде академик Рымғали Нұр­ға­­лиев шоқантанушы публициске «Жа­рылқап-ау, сенің бар болғаның қан­дай жақсы, Шоқанды осындай дәре­жеде зерттеген», деп емірене баға беруі тегін емес-ау.

Бір жарым сағатқа созылған кез­­­де­­су кешінде жиналған студент қа­уы­мы үшін бірталай маңызды мағлұмат айтылды. 

Жиынды түйіндеген Л.Н.Гуми­лев ­атындағы ЕҰУ проректоры, ака­­демик Дихан Қамзабекұлы кеш қонағын, қарапайым ауыл баласынан мәдениеттанудың үздік үлгісіне айналған тұлға деп бағалап, оған оқу орнының естелік медалін табыстады. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт төмендеді

Экономика • Бүгін, 10:33

«Ғалия» кітапханасының мөрі

Жәдігер • Бүгін, 09:05

Көкше көшетімен көрікті

Талбесік • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:52

Әбіштің қолтаңбасы

Мирас • Бүгін, 08:50

Өмірзақтың өнегелі жолы

Руханият • Бүгін, 08:48