Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Бай болсаң, халқыңмен бол!

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында интернетті ақта­рып отырып, миында сәулесі бар адамды үлкен ойға жете­лей­тін мағыналы бір дүние­ге тап болдым. Онда будда, мұсылман, христиан, соның ішін­де католик діндерінің ара­сындағы айырмашылықтар жай­лы айтылған екен. 

Бай болсаң, халқыңмен бол!

Қысқаша ма­ғынасы төмендегідей: Будда діні мына дүниені азапқа балайды екен. Оның ілімі бойынша қызықтың бәрі ол дүниеде. Дегенмен, мына дү­­ниеде өмір сүріп, өз боры­шың­­нан құтылуың керек. Сон­да ана жаққа барғанда, Құдай­­дың шапағатына бөле­ніп жақсы жағдайға тап бола­сың. Осы қағида бойынша будда дініндегілер бұл дү­ние­ден кеткенде, онша қайғ­ыр­май, қи­­нал­май кететін көрінеді. Буддизмнің өмірді азап деп тү­сініп, адамды тағ­дыр­­ға кө­ну­ге тәрбиелейтін ерек­ше­лі­­гін қанаушылар мен бас­қын­­шылардың пайда­лан­ғаны Уикипедияда жақсы жазылған. Бабыр­­дың бүкіл Үндістанды жаулап алуының бір сыры осында бол­са керек.

Католик дініндегілер қы­зық­тың бәрі осы дүниеде деп есеп­тейді. «Сондықтан мына дү­ниеде қызықтың барлығын ар­мансыз көріп қалуың керек, тіпті қателескен, күнәлі болған жағдайдың өзінде шіркеуге барып, дін иесіне жасаған күнәңді айтып, одан арылуға болады» деп уағыздайды.

Католик дініндегілердің тарихи тұрғыдан байлыққа құ­­мар келетіні, капитал жи­ғыш­­тығы осыдан барып қа­лып­­т­ас­са керек. Біз тарихтан като­­лик дінінің, әсіресе оның протес­тант тармағының ХVІ-ХVІІ ғасырларда Батыста жаңа оян­ған буржуазиялық идео­логияға өзек ретінде қа­был­данғандығын білеміз. 

Ал мұсылман діні болса, бұл дүниені адамға берілген сынақ деп қабылдайды. «Бұл өмірде таза жүріп, ешкімге қия­натыңды тигізбей, Алланың бар екендігін ұмытпай, сыннан сүрінбей өтсең ғана, ана дү­ние­де жұмаққа барасың, әйтпесе тозақтың отына күйе­сің» дейді. Жалпы, бәріміз мұсыл­ман баласы болған соң, оның шарттарын азды-көп­ті білеміз ғой. Адам қайтыс болып, денесін жер қойнына берер алдында жаназасын шы­ғаратын молда жиналған жұрт­тан «Марқұмның кімде қан­дай қарызы бар?», «Жақсы адам ба еді?» деп сұраушы еді ғой. Сөйтсек, бұл сұрақтарда үлкен қағидаттық мән бар екен.

Діндер арасындағы бұл айырмашылықтар бізді үлкен ойға жетеледі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш­уақытта жалған болмас» де­ген адамзаттың данышпаны Абай атамыз. Ендеше, Батыс­тың байлық жиғыштық, қана­ғат­сыздық, қызық қу­ғыш­тық қасиеттері бізге үл­гі бола алмаса керек. Бізге, мұ­сыл­ман баласына Алланың салып берген өз жолы бар. Бірақ онда сау­да жасама, бай­лық жинама, кәсіп қылма деп айтпайды. Тек осының бәрін адал жолмен жүргіз дейді.

Иә, бәріміз де жұмыр басты пендеміз. Пенде болған соң адамға қателесу тән. Бірақ қа­на­ғатсыздық, біреудің қақы­сын жеу, жетімді жылату кеші­ріл­мейтін күнәлар екені анық. Ал бізде жеке адамның емес, бүкіл халықтың қақысын жеп отыр­ған адамдар да аз емес қазір. Елімізді кернеп тұрған сы­бай­лас жемқорлық, капитал­ды оффшорлы аймақтарға қарай шығаруға тырысушылық фак­ті­ле­рінің жиірек тіркеле бастауы – соның бір айғағы. 

Әрине, жемқор да адам. Кешегі ауылдағы қара шаруа­ның немесе Кеңес Одағы кезін­де білім алып, көз ашқан қазақ интел­лигенциясы өкілі­нің баласы. Апас-қапас кезең­де қолайлы қызметте тұрды да, содан бай­лық жинады. Демек оның идеологиясы тү­сі­нікті. «Құдай берді, мен ал­дым» деп есептейді. Өзін Алла­ның бергенін пайдала­нып, ұрпағының, үрім-бұ­та­ғының болашағы үшін ең­бек етіп жүрген қамқор әке ре­тінде қабылдайды. Жиі ме­шіт­ке барады. Алланың ол байлықты сы­нақ ретінде бе­ріп отыр­ған­дығын еске ала бер­мей­ді.

Ендігі мақсат – бала-шаға­сын, үрім-бұтағын бұл өмірдің жұмағы, заңдары мығым, же­тіл­ген қоғам Еуропаға қарай жет­кізіп кету. Сол үшін жиған- тергенін сол жаққа қарай шығарып әкетудің жолдарын қарастырып жүр. Әкетіп те жатыр. Бірақ мұның арты қайырлы бола қояр ма екен. Болмайтын сек­ілді. Газеттің экономикалық шо­лушысы ретінде қазіргі әлем­де жүріп жатқан саяси-эко­но­микалық үдерістерді, ша­ма­мның келгенінше, жиі ба­қылап отырамын. Ол жақта біз­ден, ТМД елдерінен баратын капиталдың аяғына қақпан құрылуда. Әзірге қақпан ашық күйінде. Өйткені байлықтың топырлап баруын тосып отыр. Қақпанның жабылуының идео­логиясы қазірдің өзінде әзір. Ол жақтағылар бізден барған ка­питалдың бәрін арам байлық деп есептейді. Оның үстіне, Ба­тыс­тың өзінде әлеуметтік тұр­ғыдан алғанда үлкен саяси-эко­номикалық өзгерістер күті­луде. Қысқасын айтқанда, бай­лықты шетке шығарып, сіңі­ріп кетудің жолы тым бұлың­ғыр.

Ендеше, бай болсақ, хал­қы­мызбен болайық! Бізге Алла­ның сызып берген жолы осы. Ол шеңберден шығып кете алмаймыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»