Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жақында ет және сүт өнімдерін тексеруден өткізген болатын. Басқарманың тексеріс нәтижелері туралы баяндамасына зер салсақ, іріктеліп алынған 3237 азық-түлік өніміне зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Соның нәтижесінде 670 сынама, яғни 17 пайызы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талаптарына сәйкес келмегені анықталды. Өйткені өнімнің негізгі бөлігін құрайтын 299 сынамада (45 пайызы) таңбалау бойынша белгіленген регламенттер сақталмаған. Атап айтқанда, өнімдердің шығу күні, сақтау мерзімі, сақталу жағдайы туралы ақпараттар мемлекеттік тілге аударылмаған және Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығындағы бірыңғай белгі хабарламасы мүлде болмаған. Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ішек таяқшасы бактериялар тобының болуы, яғни бактериялық жалпы таралымның жоғарылығы 37 пайызды (251сынама) құраса, санитарлық химиялық көрсеткіштер бойынша 5 пайызды (33 сынама) құраған. Сондай-ақ тұтынушыны алдау факторы кездеспей қалмады. Мәселен, шошқа ДНК-сы немесе соя, ГМО белгілері бар өнімдер 13 пайызды (87 сынама) құрады. Бұл көбінесе шұжық тағамдары мен консервіленген өнімдерден анықталған. Аталған өнімдердің анықтамасын дұрыс көрсетпеу де тұтынушы нарық үшін қандай келеңсіздіктердің орын алғанын көрсетеді. Осыған орай 66 жоспардан тыс және 8 кезекті тексеру өткізілгенін айта кету керек. Зертханалық жұмыс нәтижелері негізінде сәйкес келмеген деректер бойынша барлығы 76 ұйғарым беріліп, 62 айыппұл салынды.
Талапқа сай келмейтін өнімдер сауда орталықтарынан тыс қоғамдық тамақтану орындарында да байқалды. Мәселен, қаладағы үш жерде орналасқан «Қағанат» асханалар желісі қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-гигиеналық және эпидемиологиялық талаптарға сай болмай шықты. Әрине, белгілі уақыт аралығында қоғамдық асхана бұл кемшілікті түзеді.
«2017 жылдың қазан айында «Қағанат» асханасынан 15 сынама алынды. Соның ішінде 6 сынама санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай болмай шықты. Бұл тағам дайындайтын өнімдер мен ыдыстардан табылған болатын. Сондықтан асханаларымыз бұл кемшіліктерді жойып, 2018 жылғы 15 қаңтардан бастап қайта жұмыс істей бастады. Қазір барлығы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай. Біз үшін халықтың денсаулығы басты орында», дейді «Қағанат» асхана желісінің басқарушы директоры Ләйла Қозыбаева.
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Халық денсаулығын сақтау және дұрыс өнім ұсына білу – әр кәсіпкердің жеке жауапкершілігі. Бұл ретте қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік өнімдері нарығын мемлекеттік тұрғыдан қадағалау мен реттеуге әр азамат сергек көзқарас таныта білсе, жауапкершілік те жоғарылай бермек.
Айжамал КӨПЕЕВА