«Медициналық мекемелерде ақпараттық жүйелерді енгізудің ең төмен көрсеткіші - 21 процент Шығыс Қазақстанда тіркелген. Даниал (облыс әкімі - авт.), тұр, тез тұр дедім. Ақтөбеде облысында - 37 процент, Астанада 31 процент екен. Бәрің тұрыңдар!», - деді Н.Назарбаев. Осыдан кейін әкімдер кезек-кезек есеп берді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақта медициналық мекемелерді компьютерлер және басқа техникамен қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бөлінген болатын.
«Алайда барлық техниканы қаржы министрлігінің сатып алулар комитеті сатып алады», - деді Д. Ахметов. Дегенмен, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов оның сөзін жоққа шығарды. «Нұрсұлтан Әбішұлы, біз тек сатып алулар алаңын ғана ұсынамыз. Комиссиялардың барлығы өңірде отырады. Бәрін солар шешеді. Ондайда бізге сілтей салады. Ол дұрыс емес», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев компьютерді сатып алуға ақшаны толығымен бөлгенін жеткізді.
Астана әкімі Әсет Исекешев те алдағы уақытта өзіне жүктелген міндеттерді орындауға уәде етті. «Бұл - халықтың денсаулығы. Ұсақ-түйек нәрсе емес. Министрлік барлық жұмысты үйлестіруі тиіс. Әкімдер жүктелген тапсырманы орындауы қажет. Істей алмасаңдар, айтыңдар! Жұмысты атқаруға не кедергі? Бұл - аса өзекті мәселе, оны тездетіп шешу керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Бұдан бөлек, Мемелекет басшысы Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақмола облыстарының әкімдерін тұрғызып, бір сілкілеп алды. Себебі аталған аймақтарда медициналық мекемелерді интернетпен қамту көрсеткіші төмен болып тұр. ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртановтың айтуынша, ағымдағы жылы маусым айынан бастап денсаулықтың электронды төлқұжаты пилоттық режімде енгізіледі.
«Егер жылдың аяғына дейін барлық аймақтар ақпараттық жүйелерін ретке келтірсе, келесі жылдан бастап денсаулық саласының басым бөлігі электронды режімде жұмыс істейтін болады», - дейді Е.Біртанов.