Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Валюта айырбастаушылар күнкөрістен айырыла ма?

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында құқық қорғаушылар жекеменшік валюта айырбастау пунктері үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін қайта қарауды сұрап, дабыл қақты. Бұған Ұлттық банктің «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетелдік валютаны айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы» қаулысындағы өзгертулер себеп болды. 

Валюта айырбастаушылар күнкөрістен айырыла ма?

Бұл мәселе жақында Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығында да талқыланды. Қауымдастық президенті Ермек Әбілдиннің айтуынша, облыс орталығындағы жекеменшік валюта айырбастау пункттері үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшері 5 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін, ал басқа қалалар мен аудандағылар үшін 10 миллион теңгеге дейін көтерілетіні туралы хабар оларға аспаннан жай түскендей әсер етіп отыр.

– Ұлттық банк өкілдерінің түсіндіруінше, бұл шешім шетел­дік валюта операцияларымен шұғылданатын жеке тұлғалардың қаржылық тұрақтылығын ны­ғайтып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қабылданған, – дейді ол.

– Жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін көтеру 2010 жылы да болған, бірақ ол ақылға қонымды еді – 3 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін. Ал қазір талап етіліп отырған мөлшер тым көп. Мұндай өзгеріс әділетсіз бәсекеге, валюта айырбастау курсын астыртын келісуге апарып соқтырады деп ойлаймын. Жекеменшік айырбастау пункттері жабылса, екінші деңгейлі банктер білгенін істеуге көшеді. Меніңше, бұл бағыттағы бәсекелестіктің тиісті деңгейін сақтап, қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін үш сегмент болуы шарт: банктік айырбастау пункттері, жекеменшік айырбас­тау пункттері және «Қазпошта» бөлімшелері.

Кәсіпкердің сөзіне қара­ғанда, жекеменшік айырбастау пункттерінің кірісі қазір сал­мақ салуды көтермейді. Олар­дың онсыз да ғимаратты жалға алу ақысы, салықтар, күзет агент­тігінің қызметі, қызмет­кер­лердің жалақысы, техникалық және бағ­дарламалық қамтамасыз ету шы­ғындары, өрт қауіпсіздігі дабылы және тағы басқа төлемдер бар.

– Бұл қазір біз үшін үлкен проблема болып отыр, – дейді Қарағандыдағы айырбастау пунктінің иесі Галина Шаехова. – Ірі кәсіпкерлерге ештеңе емес шығар, мен сияқтыларға қиын. Осы нарықта жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдай болды. Төменгі мөлшер туралы шешімді кейінге шегермесе, айырбастау пунктін жабуыма тура келеді. Басқа әріптестерімнің де жағдайы осындай. Бұл мәселені шешкенде неге екені белгісіз, облыстардың осы сектордағы кә­сіпкерлерімен ақылдаспай, Астана мен Алматыдағы айырбас­тау пункттерінің иелерімен кеңесе салғанға ұқсайды.

Абай қаласы мен Топар кен­тіндегі айырбастау пункттерінің иесі Татьяна Банковская тіпті алаңдаулы.

– Шағын қалаларда біз 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, – дейді өз ойымен бөліс­кен кәсіпкер. – Халық саны аз болғандықтан, кіріс те шамалы қазір тіптен төмендеп кеткен. Енді келіп екі айырбастау пунктіне 20 миллион теңге жарғылық қорың болуы керек дейді. Не үшін? Мұндай сома бізде жоқ, сондықтан жабылуымызға тура келеді. Менде жұмыс істейтін төрт адам қысқартуға ұшырайды. Ауылдық жерде жұмыс табудың қиын екені айтпасам да түсінікті.

Ұлттық банк филиалының өкілі Бектұрған Бозтериевтің айтуынша, жаңа норма туралы банк сайтында ақпарат берілген. Онда бұл мәселе Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сүйене отырып түсіндірілген.

– Бұл жоба өткен жылдың 29 желтоқсанында Әділет минис­трлігінде тіркелген, – дейді ол. – Барлығы мемлекеттік органдармен – Қаржы, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, салалық қауым­дастықтарымен келісілген. Сегіз жыл ішінде ел экономикасында көптеген өзгерістер болды. Теңге бағамының өзі үш рет өзгертілді. Бұрын еркін жұмыс істеп келген сегментте біртіндеп нақты тәртіп орнатуға тырысамыз. Сіз­дер қаржы секторының ресми қаты­сушылары болуларыңыз керек.

Ұлттық банк өкілі, сонымен қатар келешекте жекемен­шік айыр­бастау пункттерінің иелеріне аффинирленген алтын құймаларын сатып табыс табуға мүмкіндік берілетінін айтты.

– Ақша жеке есепшотта бекер жатпай, айналымға түсуі керек, – дейді Бектұрған Боз­териев.

– Қазір инвестицияларды дифференциялау жоқ. Халық ақшасын қайда салу керек екенін білмейді. Олар, әрине, әзірге қор нарықтарына қатыса алмай­ды. Дегенмен, біз олардың өз қаражатымен тиімді салым жасауына түрлі мүмкіндіктер жасап отырмыз.

Ал Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының мәлімдеуін­ше, осы сегментте кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген шағын бизнес өкілдері үшін салық төлеу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Олар енді айырбастау пунктінің ор­наласқан жеріне қарай ай сайын 10-50 АЕК көлемінде салық тө­леуге міндетті. «Жығылған үс­­тіне жұ­­дырық» деген осы шығар.

Айта кету керек, Қарағанды өңірінде осы салада жұмыс істеп келе жатқан өкілетті 49 ұйым­ның екеуі Ұлттық банк өзгер­тулері туралы хабар тараған жел­тоқсан айының өзінде жабылып қалды. Жабылуға дайындалып жатқандары да бар...

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы