Алғашқы кандидаттар ретінде Сербия мен Черногория аталады. Алайда олардың мәселесі өзгеше. Ең әуелі екі мемлекет өзара келіспеушілікті реттеуі тиіс. Егер келіссөздер табысты аяқталса, екі мемлекет 2025 жылға қарай ЕО құрамына енеді. Жаңа стратегияға сай, Албания мен Македонияға таяу арада Одақ құрамына кіру жөніндегі келіссөздер жүргізуге ұсыныс жасалады. Босния және Герцеговина да мүше мемлекет атануға негізгі кандидаттың бірі. Құжатта Косовоның одақ құрамына ену үшін Еуропа мемлекеттерімен байланысын нығайту қажеттігі айтылған.
Алайда жоғарыда аты аталған мемлекеттер Еуроодақ құрамына кірмес бұрын бірқатар маңызды міндеттерді орындауы тиіс. Олар: заңның үстемдігі, қауіпсіздік саласындағы әріптестікті нығайту және көші-қонды бақылау, экономикалық дамуға қолдау, энергетикалық қауымдастықты кеңейту, цифрлы экономикаға өту және көрші елмен тату қарым-қатынас орнату. Еуропа комиссиясының Одақты кеңейту және саясат жөніндегі өкілі Йоханнес Ханның айтуынша, Балқан түбегі елдерінде әлі күнге дейін жемқорлық, тұрақсыз экономика және шекаралық келіспеушілік секілді түйткілдер жетерлік.
Жалпы Батыс Балқан елдерін Еуропа одағына қабылдау мәселесі былтыр Болгария тарапынан көтерілген болатын. Мұны стратегияны қабылдау барысында елдің Сыртқы істер министрі Экатерина Захариева ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Еуропалық комиссияның президенті Жан-Клод Юнкер 2017 жылғы Жолдауында Еуропа одағын кеңейтуге әзір екенін жеткізген болатын. Бұған дейін қарт құрлықтағы экономикалық әлеуеті ортаңқол мемлекеттерден бақуатты елдерге халықтың жаппай көшуі себебінен Одаққа жаңа мүшелер қабылдауға тыйым салынған болатын.
Саяси тақырыпта жазып жүрген Politico сайты жаңа стратегияны «ызғарлы махаббатқа» теңейді. Портал ЕО көшбасшыларының Батыс Балқанға ерекше назар аударуын Ресей, Қытай және Түркия мемлекеттерінің өңірдегі белсенділігінің артуымен түсіндіреді. Оның үстіне 2015 жылғы миграциялық дағдарыс кезінде босқындардың Батыс Балқан арқылы Еуропаға үдере көшуі аймақтың Еуропа одағындағы тұрақтылықты сақтап қалудағы маңызын көрсетеді.
«Егемен-ақпарат»