Атап айтқанда, Шарын ауылы жанынан салынып жатқан автобан құрылысы және құрғатқыш каналдар мен арық жүйелерінің ластануы, тазаланбауы жерасты сулары деңгейінің көтерілуі салдарынан ауылшаруашылық егістік жерлердің жарамсыз болып қалу қаупі айтылды. Сонымен қатар бұл жағдай ауылдарға да қатер төндіре бастауда. Атап айтсақ, Шарын ауылында өткен жылы үш үй жердің саздануы салдарынан құлап қалған. Ауылдағы басқа үйлерге де әсері тиюде. Егер тез арада құрғатқыш каналды күрделі жөндеуден өткізбесе бұл ауыр жағдайға әкеп соқтыратыны анық.
Осы саладағы мамандар маңайдағы жерасты суларының көтерілуі келешекте топырақтың тұзданып, егістікке зиян келтіруіне әсер етуі мүмкін дейді.
Аудандағы жерасты жылы суларын бақылаусыз пайдалану артезиан ұңғымаларындағы қысымның төмендеуіне әкеп соқтыруда. Өткен жылғы Қырғызсай мен Сүмбе ауылдарындағы сел, тау өзендеріндегі су көлемінің азаюы осының айғағы. Сондықтан демалыс аймағында жаңа артезиан ұңғымаларын бұрғылауды уақытша тоқтату қажет. Жұмыс істеп тұрған ұңғымалардың гидрогеологиялық картасын жасап, эксплуатациялық шығындарды есептеп, әрбір шаруашылыққа жылы суларды қолайлы пайдаланудың ұсынымын бекіту керек.
Осыған орай, аталған мәселені тездетіп қолға алуды, яғни кешенді түрде гидрогеологиялық ғылыми зерттеу жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтауды сұрап, мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадым. Алдымызда көктем жақын қалғандықтан, ауыл тұрғындарының осы мәселесін ертерек шешкен жөн болар еді.
Менің депутаттық сауалымды қолдап, бірнеше әріптестерім де қол қойды, – дейді депутат.
Шаймардан Нурумов,
Мәжіліс депутаты