Қысы қатты Сай-Өтес ауылында қысы-жазы құлпырып тұратын жылыжай – ауыл мақтанышы, әйтпесе өздері «тропикалық джунгли» деп атамас еді. Жылыжай ауылдағы мектеп жанына орналасқан. 2007 жылы мектеп ғимаратымен бірге салынған жылыжай сан алуан гүлі қысы-жазы жайқалып тұратын баққа айналды.
Аяз қысып, қалың қар қымтаған қыста субұрқағы атқылап, түрлі гүл құлпыра жайнап тұрған мектеп жылыжайының жанға ерекше жылылық беретіні анық.
Тропикалық өсімдіктер мен жемістердің 74 түрі өсіп, әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылыжайдың таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді. Әр өсімдікке күтіммен қарап, қалауына сай қамқорлық жасау – мұғалімдер мен оқушылардың қызғылықты жұмысы. Өйткені мейірімге бөленген өсімдіктердің жайнай өсіп, жемістердің өнімді көп беретіндігін біледі. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет.
– Жылыжай мектепке, ауылға сән беріп қана қоймай, ұжымның гүл, өсімдік әлеміне деген қызығушылығын оятты. Қазір мектебімізде «Гүл өсірушілер» үйірмесі жұмыс істейді, оған қатысуға ниет еткен оқушылар саны аз емес. Жылыжай күтуші мектеп қызметкерлері Асылбек Қосбергенов пен Махамбет Жағалбаевтың еңбектері зор. Көпшілікті тәнті еткен тәтті бұрыштар мен қиярларды тамашалау үшін оқушылар келеді. Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар гүлдер мен бағалы ағаштар жылдың төрт мезгілінде жайқалып тұрады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде, – дейді мектеп директоры А.Назарова.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы