Медицина • 12 Ақпан, 2018

Неке жауапкершілікті қажет етеді

2899 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары, еліміздің жас азаматтары шариғат пен заң талаптарын бұрмалап, түрлі себептермен (діни сауатсыздық, тәлім-тәрбиенің жеткіліксіздігі, қызбалық, ұшқалақтық, аңғалдық және т.б.) жат ағымдардың айла торына түсіп, ақ отау негізін құрайтын неке мәселесіне немқұрайлық танытуда. Данагөй бабаларымыздың «Отан отбасынан басталады» деген сөзінің мән-мағынасына зер салмай, некелерін шариғатқа не заңға сай келмейтін жолмен қиып, үлкен кінәлі іске баруда.

Неке жауапкершілікті қажет етеді

Аталған мәселе еліміздің діни қызметін реттейтін уәкілетті органы – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ҚМДБ өкілдерінің алаңдатушылығын туғызуда.

Расында, отбасы институтының мән-мағынасы жоғалып бара жатқандай, жұптардың ажырасу саны күннен күнге үдеп тұрғаны баршаға мәлім.

Бағзы заманнан бері ата-бабамыз ақ неке ұғымына үлкен көңіл бөлген. Дәстүріміз де, дініміз де неке мәселесіне ерекше мән беріп, отбасы мен бала-шағаны бірінші орынға қойып, адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына алғаш қадам жасаушы баспалдақ деп айқындай түскен. Мәселен, Елбасымыздың «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады деген тұшымды сөзі неке және отбасы құндылығының адам мен қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ал, қазір ше? Жастарымыздың көбі некенің нәзік әрі нағыз таза сезімдерден құралған, сүйіспеншілік, сый-құрмет, адалдық пен жауапкершіліктен тұратынын аңғара бермейді. Ал неке дегеніміз – жауапкершілікті қажет ететін адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі.

Неке дәстүрлі ислам дінінде – отбасы негізі болып табылады. Сондықтан отбасын құрудың алғышарты неке қию. Бұл рәсімнен өту үшін бірнеше шарттарды назарға алған жөн:

  • екі жастың ризашылығы (шаңырақ құруға екі жақтың келісім беруі). Демек, некеге мәжбүрлі түрде немесе айлалы әрекетпен тұруға болмайды. Себебі, некеге өзара келісіп, адал жолмен тұру қажет;
  • екі жастың кәмелет жасқа толуы, еліміздің заңы бойынша (18 жас) не болмаса заңнамаларда көрсетілген тәртіппен некелесуге дәлелді себептері болған жағдайда;
  • екі жастың некеге тұруына ата-аналарының келісімі болған жағдайда;
  • некеге тұрар алдында кемінде екі-үш ақыл тоқтатқан куәгерлердің болуы шарт. Яғни куəгерлер ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған жандардан таңдалады.
  • куәгерлердің санына келсек, бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде былай делінген: «Екі ер адамды куəгер етіңдер. Егер екі ер адам болмаса, өздерің куə ретінде құп көретін бір ер кісі мен екі əйел жеткілікті»,
  • неке ерлі-зайыптылардың отбасын құру алдында белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Біріншіден, ер адамға – отбасын және оның мүшелерін (әйелі мен балаларын) материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз ету мен қорғау міндеттері жүктелсе; әйел адамға – күйеуіне бағыну, ерінің тапқанын ұқсату, қамқорлық таныту мен шаңырағының ұйытқысы болу міндеттері жүктейді. 

Бүгінгі күні теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кеткен жастар арасында некелерін «шариғат жолымен» қидық деп, Заңды сырт айналып, жасырын түрде некелескендер саны артуда. Бұл өз тұрғысында жастарымызды, әсіресе, қара көз қыздарымызды, көптеген қиыншылықтарға ұрындырып, аталмыш жағдайдың нәтижесінде дүниеге келген бейкүнә сәбилердің обалына қалып жатқаны анық. Кейбір жағдайларда, өздерін «намазхан» деп атаған жігіттеріміз діннен хабары жоқ қыздардың басын айналдырып,  ата-ана мен туған-туысқандардан жасырын түрде жалдамалы пәтерлерде, достарының үйлерінде не өзге жерлерде араларына жалған куәгерлерді қосып некеге тұрады. Сөйтіп, отау тіккендерін жария етпестен бірнеше әйелмен «некеге тұрып», қысқа мерзімнің ішінде отасқан әйелдерін талақ қылып, тастап жатады.  Тіпті, талақ мәселесіне жеңіл-желпі қарағандары соншама, бұл сөзді телефон арқылы да айта беретін болған. Бұған қоса,  әйелдерін талақ еткен жігіттер, өздерінің талақ еткен әйелдерін «діндарсымақ» достарына ұсынып, бірнеше мәрте заңдық күші жоқ некеге тұрғызған. Нәтижесінде, әйел адам бір жыл ішінде күйеуден-күйеуге шығып, ақыры баланың кімнен туғаның білмей жатқан жағдайлар да аз емес.

Негізі исламның құқықтық жүйесінде неке қию рәсімінің тәртібі нақты белгіленген және мұндай ессіздікке жол берілмеген. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар «Жария ету – үй болғандықтың белгісі», «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің аражігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету» деген.  Демек, өзара сүйіспеншіліктегі әрі ата-ананың келісімі бар екі жас шариғат жолымен қиылған некелерін баршаға жария етіп, елдің ақ батасын алулары қажет. Дана халқымыздың дара сөзіне құлақ ассақ, «үйлену оңай, ал үй болу қиын», сондықтан неке әрқашанда шаңырақ көтергендерге үлкен жауапкершілік артады. Себебі, жасырын қиылған неке – жалған деп танылады әрі заң алдында қауқарсыз.

Ата-бабаларымыздың салтына сүйенсек, неке қияр алдында үлкендер жағы атастыру, құда түсу, қалың мал беру және т.с.с. бірқатар жөн-жоралғыларды атқаратын. Бұл дегеніміз, халқымыздың бағзы заманнан-ақ неке мәселесіне аса мән беріп, байсалдылықпен қарағанын байқатады.

Өткен жылдан бері ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі тарапынан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қоғамның көкейтесті мәселелерін қамтыған заң жобасы жан-жақты талқыланып, әзірленген болатын. Бүгінгі күні аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Аталмыш жобаға сәйкес, еліміздің зайырлы ұстанымын ескере отырып, «Некені (ерлі-зайыпты болуды) қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді мешіттерден  тыс жерлерде жүргізуге жол берілмейді. Діни жоралар мен рәсімдер бойынша некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі мешітке келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиюды (ерлі-зайыпты болуды) үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі (мешіт имамдары) жүргізеді.

Яғни, мешіттің имамынан тыс әрі жақындарынан жасырын жерде (қонақүйде, жалдамалы пәтерде, не өзге жерде) қиылған неке жалған деп танылады және Заң алдында қауқарсыз.

Қорыта келе, адамзат өміріндегі жауапты қадамның бірі – ақ неке ұғымының қадірін түсіріп алмас үшін, некелерін шариғат жолымен қиғысы келген жастарымыз, мешіт табалдырығын аттамас бұрын, барлық талаптарды ескере отырып, Жаратушы мен Заң алдында өздеріне тиесілі жауапкершілікті түсініп, таза әрі адал жолмен ақ отауларына еш алаңдамай, сенімді әрі батыл қадам жасаса екен дейміз.

Алтынбек Ұтысханұлы,

ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі