Министр сапар шеңберінде II «Бақытты жаһандық диалог» атты жұмыс кездесуіне қатысты. Іс-шара барысында азаматтарға сапалы мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар БҰҰ-ның «Тұтастық көзқарас» бағытына қол жеткізу үшін әлемдік ынтымақтастықты күшейту қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ бірлескен күш-жігердің маңыздылығы да аталып өтті.
Форумнан кейінгі кездесулерде жасанды интеллект пен жаһандық цифрландыруға қатысты түйткілдер талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Коста-Рика, Португалия, Словения, Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Мексика мемлекеттерінің біріккен «Бақыттың коалициясын» құру туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Д.Абаев БАӘ-нің Бақыт және өркендеу мәселелері жөніндегі министрімен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлы қызметтер саласындағы бірлескен жобаларды ілгерілету туралы келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.
Дубайда өтіп жатқан биылғы Әлемдік үкімет саммиті «Келешектегі үкіметтерді өзгерту» ұранын ұстанады. Саммит бүкіл әлемде болашақ үкіметті қалыптастыруға арналған жаһандық тұғырнама саналады. Жиын барысында жыл сайын адамзат алдында тұрған проблемаларды шешу үшін инновациялар мен технологияларды қалай пайдалану керек екеніне баса назар аудара отырып, үкіметтің келесі толқынына өзекті міндеттер қойылады.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, басқару және инновация саласындағы болашақ үрдістер талқыланады. Жыл сайын саммитке 130-дан астам елдің мемлекет басшылары, саясаткерлер, ғалымдар мен халықаралық ұйымдар өкілдері қатысады. Саммитте тәжірибе алысып, инновациялық жаңалықтарды бөлісуге, тұрақты байланыстар орнатуға мүмкіндік мол.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»