Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Ұлттық экономика министрлігі: Өткен жылғы өсім жоғары

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің басшылары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасап, сондай-ақ министрліктің ағымдағы жылғы жоспарын белгіледі. 

Ұлттық экономика министрлігі: Өткен жылғы өсім жоғары

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов өзінің баяндамасында Қазақстанның ІЖӨ-сі 2017 жылғы қорытынды бойынша 4 пайызды құрағандығын еске салды. Оның айтуынша, 2017 жылғы басты экономикалық қорытындыны мына себептер бойынша сапалы деп атауға болады.

«Өсімнің үштен екісі өңдеуші емес салалар арқылы қамтамасыз етілді, барлық ішкі салада дерлік өсім орын алды (2016 жылғы 22 салаға қарағанда 2017 жылы 31 салада оң өсім болды), өңдеу өнеркәсібінде бесжылдық жоғары өсім тіркелді (2017 жылы өңдеу өсімі 5,1 пайыз), қалаулы деп аталатын салаларда елеулі өсім бар (мәселен, фармацевтика 41,8 пайызға өскен), шикізатсыз экспорт пен тереңдей өңделетін тауарларының ұлғаюы байқалады. 2017 жылғы ел экономикасының сапалы өсімге жетуіне «Нұрлы жер» бағдар­ламасын жүзеге асыру өз үлесін қосып отыр, соның арқасында рекордтық 11,2 млн шар­шы метр тұрғын үй іске қосылды. «Нұр­лы жол» бағдарламасының аясында 4 мың шақырым жол қайта құрылды, сон­дай-ақ елді Индустрияландыру картасы бо­йынша 120 жоба пайдалануға енгізілді. Қабыл­данған экспорттық стратегиясының аясында еліміздегі 400 экспорттаушыға қолдау көр­сетілді, 192 мың бизнес субъектісі «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болды», деді Р.Дәленов.

Бірінші вице-министр 2018 жылғы ми­нистр­лік міндеттерінің қатарында еліміз­дің макроэкономикалық тұрақтылы­ғын қамтамасыз етуді, бюджетаралық қатынас­тар­ды жетілдіруді, салық саясатын нығайтуды, мемлекет-жекеменшік әріптестігі құралдары мен әдістерін кеңейтуді, елдің берешектерін тиімді басқаруды атады.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыр­жан Бекешев өз баяндамасында 2017 жылы барлық маңызды көрсеткіштер бойынша сыртқы саудада оң динамика байқалғандығын атап көрсетті.

«Біз 2016 жылмен салыстырғанда сырт­қы сауда айналымында 25,1 пайызды құрайтын едәуір өсімді байқап отырмыз. 2017 жылғы ақшалай мәндегі көрсеткіш 69,5 млрд АҚШ долларын құрады (2016 жылы ұқсас көрсеткіш 55,5 млрд АҚШ долларына тең болды)», деді Б.Бекешев.

Ол өткен 2017 жылы сыртқы сауда құ­ры­лы­мы айтарлықтай өзгергендігін атап көрсетті.

«Шикізатсыз өнім үлесінің өсімі бай­қала­ды, экспорттың құрылымында жаңа тауарлық қағидалар пайда болуда. Мәселен, Қазақстан экспортының жалпы көлемі 31,6 пайызға өсті және 43,1 млрд АҚШ долларын құрады (2016 жы­лы 32,7 млрд АҚШ доллары). Шикізатсыз тауар­лардың үлесі айтарлықтай ұлғайды, бұл көр­сеткіш бойынша өсім 22,1 пайызды құрады», деді ол.

Вице-министр Айбатыр Жұмағұлов министрліктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі жұмыстары туралы баяндап, 2017 жылы қабылданған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі заңға сәйкес ЖӨБ бюджеті мен коммуналдық меншігі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтерде, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап барлық жерлерде енгізілетінін тілге тиек етті.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»