Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Жемқорлық жерге қаратады

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде сарапшылар – Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың сыртқы сараптамасы мен бағалау жөніндегі арнайы мониторинг тобы мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Арнайы мониторингтеу тобының мүшелері Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың алғашқы нәтижелерін және топтың 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын жариялады.

Жемқорлық жерге қаратады

«Қазақстан бүгінгі таңда жемқор­лыққа қарсы стратегияның бірінші кезеңін, яғни 2015-2017 жыл­дарға арналған жоспардың бас­тапқы кезеңін аяқтады. Ендігі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шараларымызға қадам бастап отырмыз», деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Сыйлыбайұлы.

Сарапшы Айгүл Соловьева Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы страте­гия­ның орындалу барысын, мем­лекеттік қызметті, құқық қорғау органдарын және сот жүйесін реформалаудың маңызды қадамдарын атап өтті.

«Соңғы екі жылда біз кәсі­би мем­лекеттік аппараттарды қалып­та­с­тыруда, сондай-ақ мемлекеттік қыз­мет стандарттарын іске асыруда – құзыретті іріктеуде, құқық қорғау органдарын меритократия қағидаты бойынша ілгерілетуде үлкен өзгерістерді байқадық. Мысалға, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу құқық қорғау органдарында оқуға түскен­дердің санын қысқартты (2016 жылы 8640-тан 2017 жылы 6181-ге), бұл қабыл­данатын кадрлардың сапасының жақсарғанын білдіреді», деді ол.

«Атамекен» ҰКП өкілі Мұрат Әбенов мемлекет жалғыз өзі жемқор­лық­­пен күрескенімен жетістікке жете алмайтынын алға тартып, онымен қоғам болып күресу керектігін тілге тиек етті.

«Ол үшін мемлекет өз тарапынан ашық жария түрде жұмыс істеп, қоғам соны қолдауы керек. Сыбайластық жасағандарды сынап, таза, шынайы жұмыс істегендерді қолдаған жөн. Сонда ғана жемқорлық жолын толық жауып тастамасақ та, санын азайта аламыз», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»