Суретті салған: Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Шал селк етіп оянып кетті. Қарлы дала, күн аяз. Қорыққан мен қуанған бірдей. Кәрі серкедей сепсиіп жол шетінде тұрғаны елестеп, қарадай елегізіп, ұйықтай алсашы. Кемпірі жатқан бөлменің есігінен сығалап еді, Мәруа шәлісін басына бүркенген күйі ұйқыға кетіпті. Түн ішінде беті ашық қалған сандықты жауып, кілтін орнына қойды. Әлгі баланы бір көрсем берермін, көлігіне қадасын деп үкінің қанатын іздеп жүр еді.
Бұлар келін босанды деген хабар жетісімен абыр-сабыр болды. Қалай жолға шыққандарын өздері де білмей қалды. Талай жыл күткен жүгірмек қой. Келінінен бұрын, ұлын ойлап қамығып жүрді. Баласыз екеуден-екеу. Оның жасында бұл үш-төрт ұл көрді. Ілмиген бір қызға қосылғанына іштей қарсы еді. Кандидат па, профессор ма, әйтеуір, бірдеңе деген оқымысты. Жаратпады. Ұл суретші. Адамның, жан-жануардың емес, жаны жоқ затты әрле, боя деп ескертеді бұл. Шеберханасында шардың үстінде билеп тұрғаны, ойнап тұрғаны белгісіз бір қыз бар үлкен сурет ілініп тұрады.
– Суретті қой, одан да әйеліңе бала таптыр – деп кіжінеді бұл.
– Келін естіп қалса, ұят болар, – деп безектейді кемпірі.
– Тудыр! Аты Меркіт! Ұқтың ба! – дейді бұл.
Ұйқысы келмеді. Аудан орталығына лезде алып баратын жол. Күнделікті барып жүрген. Үш ұл жиналып алып берген көлік зулап тұрған-ды. Өзі сұрап алып еді. Соншалықты қартайып тұрғам жоқ деп. Сексенге жеткенде күрең мініп, қызды ауылға бармаспын. Олжабайға берермін. Артқы орындыққа жайғасқан Мәруа оны-мұны, буып-түйгендерімен әлек. Кенет көлік бір-екі рет сырғып барып, жайлап тоқтады. Бұған не болды? Бәрі дұрыс еді ғой.
– Не боп қалды? Бұзылды ма? Бүйтпеуші еді ғой? Дұға оқыдың ба? Оқып па едің? Айналмаға жетпей оқы дедім ғой саған! Енді ол бізді жібермейді! Қалдық далада! – деп кемпірі ашу шақырды.
Сыртқа шықты. Беті-қолды аяз қариды.Үскірік. Аудан орталығы мен ауылдың ортасы. Ары-бері жүріп жатқан көлік те көрінбейді. Мына тұрған жер, зу етіп барып келеміз деп ек. Сөйткенше болған жоқ, Қарабұрадан көмір тасып жүргендер өте шықты. Адам сияқты тоқтап жөн сұраса қайтер еді?! Қайтарда тоқтармыз дегені ме?
– Ойбай-ау, не ғып тұрсың? Звондашы Ғалиманға, жолда қалдық деп. Әй, сен бе! Сен мені үсітіп өлтіресің мына аязда! – деп кемпірі тағы да айғайға басты.
– Е, не болды?! Аралда қалып барамысың өзі? Әлгі кішкентайды көргенше жүрек алабұртып, Ақбейіттің айналмасына қалай жеткенімді білмей қалыппын. Дұға оқуға да бір қайырымға келтірмеді. Бір ашуын берер бүгін. Жұмыстағы баланы босқа мазалап. Жүрер қазір біреулер ауылдан! – деді шал.
Әйтсе де, жүрерін жүрер-ау, аяз қысып барады. Үсіп қалмасақ жарар еді деген қорқыныш мазалай бастады. Олай қарады, былай қарады, мелшиген қалпы көлік тұр. Селтиіп қайта жолға шықты. Біреу-міреу тоқтар. Алыстан қарайған көрінген сияқты болды.
– Амансыздар ма? Тоңып қалдыңыздар ғой. Ақжарға жолға шығып па едіңіздер? Ой, ақсақал-ай, мына аязда үйде отырмайсыздар ма? – деп есік ашқан жігіт есік пен төрдей көліктен секіріп түсті.
– Ал, кәне отырыңыздар, – деді де әуелі екеуінің биік мәшінге мінуіне көмектесті. Кемпірінің буған-түйгендерін тасыды. Қолымен нұсқап көлікті көрсетіп, біреумен сөйлесті.
– Қазір шыдаңыздар. Жеткізіп саламын. Тоңып қалыпсыздар ғой. Мен сіздердің ауылға бара жатыр ем. Мектептеріңізге, – деді жігіт өз шаруасын айтып.
– Қарағым, бізге бола бұрылып, жолыңнан қалдың. Мына тұрған жер деп шығып кетіп едік. Сабырсыздық екен. Жолаушыға қайырымдылық жасағаның – сауап, қарағым, – дейді суықтан әбден тоңған кемпірі дір-дір етіп.
– Өзің қай баласың? Кімнің баласысың? – деді шал.
– Атым Әнуар. Мәскеуден оқу бітірдім. Облысқа жұмыс істеуге келдім. Бұл көлікті әкем оқу бітірген күні сыйлап еді. Содан бері көлікті жүргізуді оқып, үйрендім, жаттықтым. Алты ай өткенде жолға шығып едім. Міне, сіздермен таныстым!, – деді ол.
– Онда сауабың көктен болар, балам! Мәскеуден дейсің бе? Сонда қандай оқу бітірдің? Көлігің де керемет екен!
– Химикпін. Зауытта жұмыс жасайтын боламын. Күл-қоқыс ауаға көп таралады, біз сол зардапты жоюмен айналысамыз, – деді Әнуар.
– Өздеріңіз аязда қонаққа бара жатырсыздар ма?
– Немерелі болдық. Өзің қонаққа кел бізге.
Перзентханаға бара жатырмыз. Аты – Меркіт. Метркеге сонда жазады екен, әріптерден қате кетіп қалмасын деп әрі немеремізді көргенше асығып, – деп кемпірі құдай-ау, бүкіл әулеттің шежіресін шертті.
Кешкілік Ақтан ақсақал мен Мәруа апа үйге келсе – есік алдында жолда қалған көліктері өздерінен бұрын келіп қойыпты. Аң-таң.
– Әйем, атам-ау, үйге неге хабарласқан жоқсыздар жолда қалдық деп? МАИ қызметкерлері жеткізді. Көлікке ештеңе болмапты, – деді де келіні Зейнеп біртүрлі күмілжіп қалды.
– Е, не бопты сонша? Аязда жолда қалған жалғыз біз бе екен? Бейіт тұсында тұрып қалдық. Әулиенің рұқсат берер түрі жоқ, – деді екеуі қосамжарлана.
– Жоға, олай дегем жоқ. Сіздер кімнің көлігімен жеттіңіздер? Білесіздер ме?
– Е, кімнің болушы еді? Әнуардың биік көлігімен зу ете қалдық! – дейді енесі.
– Әнуар дегеніңіз әкімнің ұлы ғой, әйем-ау! – деді келіні таңырқай.
– Кім болса да, адамның баласы ғой! Қайдағы әкім?! Не болды сонша дүрлігіп, а?! – деді атасы шамданып.
– Жаңа келген жігіттер айтты. Әкімнің ұлы мектепке теннис, коньки сыйлауға келе жатыпты.
* * *
Осы бір жайды ауыл іші көпке дейін әңгіме ғып айтып жүрді. Тіпті, көбі әлі күнге сенбейді. Мүмкін емес деп бастарын шайқайды. Әкімнің ұлы жолда қалған шал-кемпірді көлігіне отырғызып, жеткізіп салыпты. Өмірде мұндай болмаған. Біреу жай «әкімнің ұлымын» деп қалжыңдаған шығар деп күледі. Сенбейді. Енді біреулері әкімнің ұлы шетелде оқығанда еріктілер ұйымында болыпты. Содан жақсылық жасауға көшіпті. Әйтпесе, бұлай тәрбиелі болмас еді дейді. Байлардың, әкім-қаралардың ұлдары қайырымдылық жасауды сәнге айналдырып, хобби жасауға көшіпті деген гуіл бір басылмады.
* * *
Шал ұйықтай алмай мазасы кетті. Ақыры аудан орталығына жолға жиналды.
* * *
– Әнес Хамитұлы, кешіріңіз сіздің қабылдауыңызға бір ақсақал келіп тұр, – деді хатшы қыз.
Шал ел айтып жүрген ыңғайсыз әңгіме үшін кешірім сұрамақ еді: әкімнің айтуынша, осы жайды дүрліктіріп ауылға жайып, түрлендіріп жіберген қызметкерлерге ескерту жасалыпты.
– Рахмет, балам! Жасаған жақсылығыңды жасыр деген осы, – деді шал да.
– Әлгі кішкентай Меркіт өсіп келе ме, ақсақал? Әнуар көргісі келіп жүр еді, – деді әкім.
Иә, өмірде әртүрлі жайлар бар. Қызмет бабын бақ-дәулет, орын-тақ деп айналасына астамситындар аз емес. Әкім-қаралардың балалары жайлы қоғамда көзқарас мүлде басқаша. Бірақ, араларында Әнуар секілді ерікті де емес, жақсылықты хоббиге де айналдырмаған, шынайы шын жүректен мейрімді жандар да бар екен.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР