«Мемлекет басшысының кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларына қатысты келесіні баяндауды рұқсат етіңіз. Латын әліпбиіне кезең-кезең бойынша көшудің жоспары әзірленді. Бірінші кезең - 2018-2020 жылдары нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша дайындық жұмыстары мен іс-шаралар жүргізілетін болады. Латын графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу қағидалары, мәтінді латын әліпбиіне аударудың ІТ қосымшалары әзірленеді», - деді вице-министр.
Ерлан Қожағапанов екінші кезең 2021-2023 жылдарды қамтитынын атап өтті.
«2021-2023 жылдары латын графикасы негізінде мемлекеттік тілде Қазақстан Республикасының төлқұжатын, жеке куәлігін және басқа да құжаттарды беруді қамтамасыз ету көзделген. Филологтар мен ғалым-лингвистерді тарта отырып, орталықтардың оқытушылары мен ересек халықты үйрету үшін семинарлар мен лекциялар, курстар ұйымдастырылады. Үшінші кезең 2024-2025 жылдары мемлекеттік органдарының, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік БАҚ және баспалардың құжат айналымдарын кезеңменен көшіру жоспарланған. Министрлік жанында жұмысты үйлестіру мақсатында «Тіл қазына» орталығы құрылуда», - деп түйді Ерлан Қожағапанов.