«Үкіметтің 2018 жылға арналған жоспарында министрлікке 27 іс-шара жүктелген. Оның ішінде 13 пунктті орындаушы - Білім және ғылым министрлігі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған міндеттері ескере отырып, жоспарға білімді цифрландыру бойынша өзгерістер енгізілді. Мысалы, информатика 2017 жылы 7-сыныптан, 2014 жылы 5-сыныптан басталған. Осы оқу жылынан бастап 3-сыныптан басталады. Бұл бір», - дейді министр.
Ерлан Сағадиевтың айтуынша, екіншіден, бестен он бірінші сыныпқа дейінгі бағдарламалар жаңартылады.
«Оның ішінде бағдарламалау тілдерін қайта қарастырып, жаңа бағдарламалау тілдерін енгізу жұмысы басталып кетті. Үшінші, барлық мектептерде цифрлық білім беру ресурстары бар. Осы жылдың мақсаты - оларды қолдану деңгейін көтеру. Төртінші - білім беру саласында балабақшадан бастап қызметтерді автоматтандыру», - деді ол.
Министр осы жылдан бастап Павлодар мен Шымкент қалаларында 100 пайыздық қағазсыз есеп беру жүйесі бойынша пилоттық жоба басталатынын айтты. Жоба тиімділігін көрсетсе, аталған жүйе барлық қалаларға енгізілмек.