Медицина • 14 Ақпан, 2018

Запастағы офицер­лерді көбейте берудің қажеті бар ма?

1877 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қайран жастығын казармада өткізген, әскери өмірдің ыстық-суығын қыршын кезінен бастан кешкен кадрлық офицерлердің әскери кафедра бітіріп келгендерді «пиджак» дейтіні сонау кеңес кезінен қалған екен. Кемсіту дейсіз бе, әлде жай ғана «анықтама» ретінде қабылдайсыз ба, өз еркіңіз. Қалай болғанда да, университетте оқып, студенттік шақтың қызығына кенелген, ойын-сауықтың ортасында жүріп-ақ офицерлік шен алған жандардың білім-білігін, тәжірибесін көргені көп «кительдермен» салыстыруға келмейтіні түсінікті.

Запастағы офицер­лерді көбейте берудің қажеті бар ма?

Қорғаныс министрлігінің дере­гіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 7 мың адам әскери кафедраларды тә­мам­­дап, офицерлік шен алып шыға­ды екен. Республика бойынша 29 уни­­вер­ситеттің жанындағы осы кафедраларда министрліктің грантымен 3 мың студент, ақылы бөлімде 4 мың студент әскери тіршіліктің әліппесімен танысады. Жыл сайын 7 мың офицер әзірленеді деп асқақ сезіммен айтуымызға болар еді. Алайда олай мақтану орынсыздау сыңайлы. Неге?

Алдымен әскери кафедра бітір­ген­дердің бәрі бірдей «пиджак» атана бермейтінін айта кету керек. Ондай атқа ие болу үшін алдымен әскерге бару керек, сардар болып борышыңды өтеу керек қой. Жоқ, олардың басым бөлігі тиісті құжатын төс қалтасына салысымен әскери формадан құтылуға асығады. Олай болса екі жыл не үшін оқыды дерсіз? Ондағы мақсат – әскери билет пен шен алып шығу. Бұл екеуінің тигізетін пайдасы аз емес. Бірінші кезекте, ішкі істер саласына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, төтенше жағдайлар қызметіне кетуге мүмкіндігі артады. Бір қызығы, әскери кафедраны бітірсе де, Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаруға запастағы офицерлердің көпшілігі құ­лық­сыз екен. Сол себепті Қорғаныс ми­нистр­лігі жыл сайын өздеріне ке­ректі әскери мамандарды тиісінше тап­сы­рыс беру арқылы ғана алдыруға мәжбүр. 

– Егер кафедра бітіргендердің барлығы болашақта әскери қызметкер болуды қаласа, КПП-ның сыртында топырлап кезек күтіп тұрар еді ғой. Жоқ біз өзімізге қажет мамандарды арнайы тапсырыс беріп алдырамыз, – дейді министрлік өкіл­дері. 

Яғни бұл құбылысты әскери кафедрада оқып алып, әскерден басын ала қашу деп ашық айтуға негіз бар. 

Өткен жылы министрлік әс­ке­ри кафедра бітірген запастағы офицер­лердің ішінен бар болғаны 140 адамды ғана өз қатарына тартқанын ескерсек, оларға сұраныстың да шамалы еке­ні айқын көрінеді. 

Екіншіден, «Жыл сайын шен алып шығатын 7 мың офицер Қарулы Күштерге керек пе, жоқ па?» деген де сауал туындайды. Саралап көрейік. Елімізде әр жылдың көктемі мен күзінде 200 мыңға жуық еркек кіндік әскери комиссариатқа шақырылып, медициналық тексеруден өтеді. Олардың шамамен 30 мыңы ғана сұрыптаудан сүрінбей өтіп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады екен. Қазіргі тәртіпке сай Отан алдындағы әскери міндетін өтеу мерзімі 1 жыл екенін ескерсек, жыл сайын осы толқын ауысып отырады деуге болады. Ал әскери кафедралардан жыл сайын түлейтін мыңдаған сардар туралы жоғарыда айттық. Тәуелсіздік жылдарында кафедралар 100 мыңға тарта болашақ «пиджакты» тәрбиелеп шығарғанын да қоса кетейік. 

Тағы бір мәселе, Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жыл сайын келісімшарт арқылы жұмыс істеуге шақырылатындар тағы бар. 2015 жылы – 2900 адам, 2016 жылы 3285 адам келісімшартпен жұмысқа тартылса, былтыр бұл көрсеткіш азайтылып, бас-аяғы 3100-ден сәл асатын адам шақырылыпты. Биыл 2500 адамдық меже белгіленген. Бұрын әскерде үлгілі сарбаз болған жандардың да тәжірибесі «пиджактардан» артық болмаса кем емес екендігі түсінікті. Байқап отырғанымыздай, әскери кафедра түлектерінің қадірін түсіретін құбылыстардың бірі осы. 

Жалпы, әскери кафедраларды іске алғысыз етуден аулақпыз. Ер-азаматтар казармада айлап-жылдап түнемесе де, жауынгерлік өмірдің ащы-тұшысын толық көрмесе де, бұл саланың әліппесінен хабардар болу ешқашан артықтық етпейтіні түсінікті. Тәртіптік жарғы, гарнизондық және қарауылдық жарғы, саптық жарғы дегендердің не екенінен хабардар болған артықтық етпейді. Сарбаздың, офицердің жеке қаруларының, басқа да қару-жарақтардың құрылысын ша­ғып білу, қолданып көру, жаяу әскер­дің соғыс машинасы сынды көлік­пен жүру сияқты сынақтардан азамат­тарымыздың өткені жөн деуге болады. 

2015 жылдан бері ер-азамат­тар ғана емес, нәзік жанды­лар­ғ­а да әскери байланысшы және автоматтандырылған қауіпсіз­дік жүйесін қолданушы ма­ман­дықтары бойынша кафедра­да білім алуға мүмкіндік жасал­ғанын ескерсек, қыздарға да жақ­сы мүмкіндік берілген. Алайда жастарға осындай мүм­кіндік бергеннен кейін, оның қайтарымын ойластыру да артық болмас еді. Оның қай­тарымының бір белгісі – әскери дайындықтан өткен жас­тар­дың отан қорғауға әзір болуы, бойында пат­риоттық сезімнің ұш­қыны сезілуі. Ал әске­ри билет қолға тиісімен шаңын көрсет­пей кете­тін­дердің бойында пат­риот­тық сезім ұшқыны бар ма?! Әуел баста кафедрада тек билет үшін оқығандар бас-аяғы бір айлық «сбордан» кейін патриот болып кете ме?! 
Оның үстіне, еліміздегі 29 әс­ке­­ри кафедра­ның жарты­сы­­­нан астамы тоқсанын­шы жыл­­­­­­­дар­­­дың аяғынан бастап ашыл­­­­­ған. Оған универ­сит­ет­-
тер­­­­­дің бі­лікті офицер әзірлейік деген құл­­­шы­нысы емес, талап­кер­­­­­лер­ді кө­бірек қызық­тыруға де­ген құ­­мар­лығы себеп болғанын да жасыруға болмайды. 

Қорғаныс министрлігі Кадр және әскери білім департаменті бастығының орынбасары, білім басқармасының бастығы Бегім Нұр­ма­ха­нов­тан білгеніміздей, жоғары оқу орындары жа­нын­дағы әскери кафедралардың бі­лім базасы тиісті талаптарға то­лық жауап береді деуге болады. Онда сабақ беретін ұстаздардың барлығы – запастағы офицерлер, кафедраларға әрекеттегі офицерлер жетекшілік жасайды. Әскери құрал-жабдықтары жеткілікті. Оқу про­цесі министрлік тарапынан тексе­ріліп тұ­рады. Тағы бір айта кетерлігі, Қор­ға­ныс ми­нистрлігінде қызмет атқа­ра­тын офи­цер­лердің 40 пайызға жуығы кезінде әскери кафедра бітіргендерден, яғни «пиджак» болғандардан тұрады екен. Уни­верситеттен енді келген «сары­ауыз» офицерге армияда взводты бірден бере салмайтынын да айта кетейік. 

Енді көршілес елдердің тәжі­ри­бесіне көз жүгіртіп көрейік. Мәселен, Қытайда жоғары оқу орындарының жанында әскери кафедралар атымен жоқ екен. Офицерлер тек арна­йы әс­кери оқу орындарында да­йын­­далады.

Ресейдегі ахуал бізге ұқсас. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Қорғаныс ми­­нистрлігі әскери кафедралар­ды жабу туралы бастама көтерген еді. Кейін ол үдеріс баяулап қалды. Елдің Қорғаныс министрлігі қазір әскери білім беруге қатысты тиісті заң жобасын әзірлеуде. Осы құжат бо­й­ын­ша жоғары оқу орындарындағы әскери орталықтарда тек ми­нистр­ліктің тапсырмасы бо­йын­­ша ғана қатардағы жауын­гер­лер­ді, сержанттарды, запас­тағы офи­цер­лерді оқыту мәсе­лесі қа­рас­тырылып жатыр екен. Се­бебі жоспар-жосықсыз офи­цер­лерді дайындаудың тиімсіз екен­дігін министрлік өзі мойын­­дап отыр. Сол үшін әске­ри кафедра­лардың жұмы­сын түбе­гейлі реформалау жоспарланған.

Өткен жылы еліміздің Қор­ғаныс министрлігі әскери қыз­метте болмаған аза­мат­­тарды әскерге шақыру жасын 42-ден 32 жас­қа дейін түсіргені есімізде. Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, мұның себебі – қазіргі таңда қарулы күштер сапында кадрлар тапшылығы жоқ. Қарулы күштерге саны көп, сапасы жоқ қаптаған офицерлер емес, бірінші кезекте киберқауіпсіздік саласы, заң саласын жетік білетін офицерлер сынды нақты мамандық иелері керек. 

Әскери кафедралардағы аптасына – бір күн, жылына – 40 күнге созылатын оқу бағдар­ла­масы аясында әрбір адамға 260 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Оны мыңдаған адамға шақсаңыз, бұдан басқа да материалдық шығындар аз еместігін ескерсек, қыруар қаражаттың басы құралады екен. Алайда жоғары­да айтылған жайттарға назар сал­сақ, ЖОО-да жүріп запастағы офицер атанғандарға сұраныс аз әрі олардың өздерінің де қарулы күштердің қатарында болсам деген құлшынысы шамалы. Олай болса, болашағын әске­ри қызметпен байланыс-
тыр­май­тын запастағы офицер­лерді көбейте берудің қажеті бар ма? Осы сауал басы ашық күйінде қалып тұр. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»