Қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 7 мың адам әскери кафедраларды тәмамдап, офицерлік шен алып шығады екен. Республика бойынша 29 университеттің жанындағы осы кафедраларда министрліктің грантымен 3 мың студент, ақылы бөлімде 4 мың студент әскери тіршіліктің әліппесімен танысады. Жыл сайын 7 мың офицер әзірленеді деп асқақ сезіммен айтуымызға болар еді. Алайда олай мақтану орынсыздау сыңайлы. Неге?
Алдымен әскери кафедра бітіргендердің бәрі бірдей «пиджак» атана бермейтінін айта кету керек. Ондай атқа ие болу үшін алдымен әскерге бару керек, сардар болып борышыңды өтеу керек қой. Жоқ, олардың басым бөлігі тиісті құжатын төс қалтасына салысымен әскери формадан құтылуға асығады. Олай болса екі жыл не үшін оқыды дерсіз? Ондағы мақсат – әскери билет пен шен алып шығу. Бұл екеуінің тигізетін пайдасы аз емес. Бірінші кезекте, ішкі істер саласына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, төтенше жағдайлар қызметіне кетуге мүмкіндігі артады. Бір қызығы, әскери кафедраны бітірсе де, Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаруға запастағы офицерлердің көпшілігі құлықсыз екен. Сол себепті Қорғаныс министрлігі жыл сайын өздеріне керекті әскери мамандарды тиісінше тапсырыс беру арқылы ғана алдыруға мәжбүр.
– Егер кафедра бітіргендердің барлығы болашақта әскери қызметкер болуды қаласа, КПП-ның сыртында топырлап кезек күтіп тұрар еді ғой. Жоқ біз өзімізге қажет мамандарды арнайы тапсырыс беріп алдырамыз, – дейді министрлік өкілдері.
Яғни бұл құбылысты әскери кафедрада оқып алып, әскерден басын ала қашу деп ашық айтуға негіз бар.
Өткен жылы министрлік әскери кафедра бітірген запастағы офицерлердің ішінен бар болғаны 140 адамды ғана өз қатарына тартқанын ескерсек, оларға сұраныстың да шамалы екені айқын көрінеді.
Екіншіден, «Жыл сайын шен алып шығатын 7 мың офицер Қарулы Күштерге керек пе, жоқ па?» деген де сауал туындайды. Саралап көрейік. Елімізде әр жылдың көктемі мен күзінде 200 мыңға жуық еркек кіндік әскери комиссариатқа шақырылып, медициналық тексеруден өтеді. Олардың шамамен 30 мыңы ғана сұрыптаудан сүрінбей өтіп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады екен. Қазіргі тәртіпке сай Отан алдындағы әскери міндетін өтеу мерзімі 1 жыл екенін ескерсек, жыл сайын осы толқын ауысып отырады деуге болады. Ал әскери кафедралардан жыл сайын түлейтін мыңдаған сардар туралы жоғарыда айттық. Тәуелсіздік жылдарында кафедралар 100 мыңға тарта болашақ «пиджакты» тәрбиелеп шығарғанын да қоса кетейік.
Тағы бір мәселе, Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жыл сайын келісімшарт арқылы жұмыс істеуге шақырылатындар тағы бар. 2015 жылы – 2900 адам, 2016 жылы 3285 адам келісімшартпен жұмысқа тартылса, былтыр бұл көрсеткіш азайтылып, бас-аяғы 3100-ден сәл асатын адам шақырылыпты. Биыл 2500 адамдық меже белгіленген. Бұрын әскерде үлгілі сарбаз болған жандардың да тәжірибесі «пиджактардан» артық болмаса кем емес екендігі түсінікті. Байқап отырғанымыздай, әскери кафедра түлектерінің қадірін түсіретін құбылыстардың бірі осы.
Жалпы, әскери кафедраларды іске алғысыз етуден аулақпыз. Ер-азаматтар казармада айлап-жылдап түнемесе де, жауынгерлік өмірдің ащы-тұшысын толық көрмесе де, бұл саланың әліппесінен хабардар болу ешқашан артықтық етпейтіні түсінікті. Тәртіптік жарғы, гарнизондық және қарауылдық жарғы, саптық жарғы дегендердің не екенінен хабардар болған артықтық етпейді. Сарбаздың, офицердің жеке қаруларының, басқа да қару-жарақтардың құрылысын шағып білу, қолданып көру, жаяу әскердің соғыс машинасы сынды көлікпен жүру сияқты сынақтардан азаматтарымыздың өткені жөн деуге болады.
2015 жылдан бері ер-азаматтар ғана емес, нәзік жандыларға да әскери байланысшы және автоматтандырылған қауіпсіздік жүйесін қолданушы мамандықтары бойынша кафедрада білім алуға мүмкіндік жасалғанын ескерсек, қыздарға да жақсы мүмкіндік берілген. Алайда жастарға осындай мүмкіндік бергеннен кейін, оның қайтарымын ойластыру да артық болмас еді. Оның қайтарымының бір белгісі – әскери дайындықтан өткен жастардың отан қорғауға әзір болуы, бойында патриоттық сезімнің ұшқыны сезілуі. Ал әскери билет қолға тиісімен шаңын көрсетпей кететіндердің бойында патриоттық сезім ұшқыны бар ма?! Әуел баста кафедрада тек билет үшін оқығандар бас-аяғы бір айлық «сбордан» кейін патриот болып кете ме?!
Оның үстіне, еліміздегі 29 әскери кафедраның жартысынан астамы тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастап ашылған. Оған университет-
тердің білікті офицер әзірлейік деген құлшынысы емес, талапкерлерді көбірек қызықтыруға деген құмарлығы себеп болғанын да жасыруға болмайды.
Қорғаныс министрлігі Кадр және әскери білім департаменті бастығының орынбасары, білім басқармасының бастығы Бегім Нұрмахановтан білгеніміздей, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың білім базасы тиісті талаптарға толық жауап береді деуге болады. Онда сабақ беретін ұстаздардың барлығы – запастағы офицерлер, кафедраларға әрекеттегі офицерлер жетекшілік жасайды. Әскери құрал-жабдықтары жеткілікті. Оқу процесі министрлік тарапынан тексеріліп тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаратын офицерлердің 40 пайызға жуығы кезінде әскери кафедра бітіргендерден, яғни «пиджак» болғандардан тұрады екен. Университеттен енді келген «сарыауыз» офицерге армияда взводты бірден бере салмайтынын да айта кетейік.
Енді көршілес елдердің тәжірибесіне көз жүгіртіп көрейік. Мәселен, Қытайда жоғары оқу орындарының жанында әскери кафедралар атымен жоқ екен. Офицерлер тек арнайы әскери оқу орындарында дайындалады.
Ресейдегі ахуал бізге ұқсас. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Қорғаныс министрлігі әскери кафедраларды жабу туралы бастама көтерген еді. Кейін ол үдеріс баяулап қалды. Елдің Қорғаныс министрлігі қазір әскери білім беруге қатысты тиісті заң жобасын әзірлеуде. Осы құжат бойынша жоғары оқу орындарындағы әскери орталықтарда тек министрліктің тапсырмасы бойынша ғана қатардағы жауынгерлерді, сержанттарды, запастағы офицерлерді оқыту мәселесі қарастырылып жатыр екен. Себебі жоспар-жосықсыз офицерлерді дайындаудың тиімсіз екендігін министрлік өзі мойындап отыр. Сол үшін әскери кафедралардың жұмысын түбегейлі реформалау жоспарланған.
Өткен жылы еліміздің Қорғаныс министрлігі әскери қызметте болмаған азаматтарды әскерге шақыру жасын 42-ден 32 жасқа дейін түсіргені есімізде. Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, мұның себебі – қазіргі таңда қарулы күштер сапында кадрлар тапшылығы жоқ. Қарулы күштерге саны көп, сапасы жоқ қаптаған офицерлер емес, бірінші кезекте киберқауіпсіздік саласы, заң саласын жетік білетін офицерлер сынды нақты мамандық иелері керек.
Әскери кафедралардағы аптасына – бір күн, жылына – 40 күнге созылатын оқу бағдарламасы аясында әрбір адамға 260 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Оны мыңдаған адамға шақсаңыз, бұдан басқа да материалдық шығындар аз еместігін ескерсек, қыруар қаражаттың басы құралады екен. Алайда жоғарыда айтылған жайттарға назар салсақ, ЖОО-да жүріп запастағы офицер атанғандарға сұраныс аз әрі олардың өздерінің де қарулы күштердің қатарында болсам деген құлшынысы шамалы. Олай болса, болашағын әскери қызметпен байланыс-
тырмайтын запастағы офицерлерді көбейте берудің қажеті бар ма? Осы сауал басы ашық күйінде қалып тұр.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»