Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Астана айшықтары

803 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты іргелі еңбегінде әу бастағы «сая­си-символикалық идеяның» «барыс бітімді, самұрық серпінді», «Тәуел­сіздік тәжінің жақұты» – Ас­тана шаһарына арнайы тоқта­лып, оның географиялық, климат­тық, әлеуметтік-экономикалық, демо­графиялық, әскери-страте­гия­лық, көлік және инженерлік инфра­құрылым, мәдени-ғылыми, білім беру жағынан тарихи маңызын ай­рық­ша атайды. 

Астана айшықтары

Елорданың сыр мен­ сәулетіне ой көзімен барлағанда Ақ­орда күмбезіндегі алтын қыран, «Қа­зақ Елі» монументінің басындағы киелі Самұрық құс, дәстүрлі қазақ үйі­нің сұлбасын еске түсіретін «Тәуел­­сіздік сарайы» және көне аңыз­­дарға арқау болған Бәйтерек» ұлт­тық дүниетаным мен халықтың та­рихи санасымен сабақтас екендігін паш етеді.

Оқушы кезімізде қиял-ғажайып хикая­ларға толы халықтық дастан­дарда­ғы шаһар келбетіне сүйсінетін едік-ау! Мысалы, «Мәлік Хасан» даста­нын­дағы сымға тартылған күмістей Зер шаһа­рының сипаты:

Бір шаһар көрінеді жасыл жауһар,
Кірпіші лағыл, жақұт, өңшең гауһар.
Адамзат мұндай шаһар салған емес,
Жарығы күндік жерден оттай жанар!

Я болмаса ойшылдардың мемлекет астанасы, өркениет бесігі қандай болу керек деген тарихи-деректемелік құнды тұжырымдарына тоқталайықшы. Мәселен, ойшыл, ақын, саяси қайраткер, математик Томмазо Кампанелла (1568-1639) «Нұрлы шаһар» турасында 

«...Мұхиттың ортасындағы аралда Күн қаласы – «Нұрлы шаһар» тұрады. Оны Күн басқарады. Күннің үш орынбасары бар. Олар: құдірет, данышпан, махаббат. Құдірет соғыс пен бейбітшілік мәселесін шешеді. Данышпан ғылым мен өнер жағын басқарады. Махаббат болса ұрпақ тәрбиесімен айналысып, тамақ пен киім, баспана қамын қа­рас­тырады. Кедейі – пейілді, байы – ме­йір­­лі, терезелері тең адамдар тұратын рес­пуб­­лика міне, осы, Күн қаласы – «Нұр­лы шаһарда» өмір сүретін болады».

Макиавелли: «Мемлекет астанасы» жайлы ой-толғамында: «...Қан­дай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қала­сынан гөрі кіндігіндегі мекен алғаш­қыда көзге қораш, елеусіздеу, жұпы­ны көрінгенімен, келе-келе үлкен күш-қуатқа ие болып, мемлекеттің темір­қазы­ғына айналады. Өйткені өмір тірші­лік – ортада, орталықта болу керек» деп түйіндейді. 

Елбасы республиканың астанасын ұлы шаһар, ұлы мекен, бас қала – Алматыдан қазақ жерінің қасиетті төріне көшіргені тегін емес. Мәшһүр Жүсіптің лебізіне ой жүгіртейікші:

Салтанатты Сарыарқа,
Сәулеленген Сарыарқа,
Кең қойының кен Сарыарқа,
Сан жеткісіз Сарыарқа,
Суың шекер бал Арқа,
Жотасы биік жал Арқа,
Малы-басың сай Арқа.
Төрт түлікке бай Арқа,
Маңырап тұрған мал Арқа,
Төңірегі төл Арқа.

Ұлы Даланың нағыз діңгегі – Ақ­мола. Бұл өңірде небір өркениет өркен­деген. Соның дәлелі Бозоқ қалашығы – Ұлы Жібек жолының бойында қо­ныс тепкен, тоғыз жолдың торабына ор­на­ласқан. Мағжанша айтқанда, Еділ, Жайық, Сыр, Жетісу, Ұзын Ертіс арасына жайғасқан  Сарыарқа жерінен ықы­лым заман жәдігерлерінің шамамен 1 миллион жылдай бұрынғы жұрнақтары ұшырасады екен. Түгін тартса, майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны судай төгілген. Осындайда ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Кенесары Қасымұлының 1838 жылдың 7 тамызы күнгі Ақмола бекінісі үшін шайқасы ойға оралады. 

1997 жылы 8 қарашада Ақмолаға Қа­зақстан Мемлекеттік рәміздері: Мемлекеттік ту, Елтаңба, Президент Бай­рағы әкелінді. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылы 10 желтоқ­сан­да Ақмола Республика астанасы деп жария­ланды. Мемлекет тарихын­да­ғы ұлы оқиғаның куәгері ретінде айтарым, дәл сол күнгі салтанатты жиында Елбасы: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағ­дыры үшін өмірлік маңызы бар ше­шімдер қабылданатын болады. Ота­ны­мыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мың­жыл­дық­тың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын анықтайтын болады» деп шаттанған дауыспен, шалқар пейілмен мейірлене мәлімдеді.

1966 жылы шалғай ауылдан арман қуып, ару Алматыға Целиноград арқылы жетіп едім. Ал бүгін осы жерде әлемге дабыс-атағы тараған Астананың асқақ тұлғасы жүрегімді керемет бір сыр мен жырға бөлейді. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Астананың айшықты табыстары елі-жұртымызды әрқашан шаттандыра бергей.

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының   докторы,  профессор