Барлық жаңалықтар мен өзгерістердің бастауы – адам, оның қабілеті, еңбегі, санасы. Сол себепті де Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталған жетінші тарауының маңызы айрықша. Елбасы бұл тарауды білім берудің жаңа сапалық мәнінен бастайды да, орта білім беру саласындағы жаңартылған мазмұнға көшу жайына тоқталып, бірқатар тапсырмалар береді. Жаңа жаһандық жағдайда білім беру үрдісінің әлемдік деңгейден кейін қалмағаны жөн. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы жөнінде Президент бұрынғы Жолдауларында да сан мәрте айтқан. Енді Елбасы тапсырмасының қалай орындалуына келсек, бұл арада сан сауал туындайды. Әсіресе бұл мектеп бағдарламалары мен оқулықтарына қатысты. Біздің ойымызша, бұл арада жылдар бойы шешілмей келе жатқан бірнеше мәселе бар.
Біріншіден, бастауыш сыныптардың оқулықтары өте күрделі. Ұсынылған мәтіндер мен тапсырмалар кей жағдайда түсініксіз беріледі. Тіпті кейбір екінші, үшінші, төртінші сыныптардағы оқулықтардың мәтінін түсіну қиындыққа соғады.
Екіншіден, «Ана тілі» оқулықтарындағы мәтіндер көбінесе, заманауи талаптарға сай келмейді. Бұл оқулықтарға балалар әдебиетінің бүгінгі заманға үндесетін шығармалары таңдалынып ұсынылғаны жөн.
Үшіншіден, жоғары сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында тіл мәдениеті, стилистикаға арналған материалдар тым ғылымиланып, олар күнделікті сөйлеу әдебінен, жастарды тапқыр, шешен сөйлеуге баулу әдебінен тым алыстатылған. Егер ана тіліміз бай, бейнелі дейтін болсақ, біз 9-11 сыныптарда осы байлық пен бейнелілікті оқушылардың бойына дарытудың тәсілдерін қарастыруымыз қажет. Дәл осы сыныптарда ана тілінің бар құнарын, сөз байлығын, сөз машығын бойына сіңірмеген жастар оны басқа еш жерден де ала алмайды.
Төртіншіден, біздегі әсіресе, жаратылыстану пәндері оқулықтарының мәтіндерінде аудармалық сипат тым қатты байқалады. Математика, физика, химия, биология, география, геометрия пәндерінің мәтіндері қазақы ұғымға лайықталмаған. Бұл кітаптар орыс тіліндегі осындай еңбектерден тікелей аударылған немесе оның авторлары қазақ тіліне жетік емес. Егер тіл мен ойлаудың өзара ажырамас бірлікте екенін ескерсек, жастарымыз осындай оқулықтар арқылы ұлттық ойлаудан, дүние, жаратылыс, әлем туралы ой қорытудан шеттеп қалуы ғажап емес. Сондықтан жаратылыстану пәндері оқулықтары тілдік тұрғыдан арнайы сараптаудан өткізілгені жөн.
Бесіншіден, жаһандану дәуірінде ұлттық қалпымызды сақтау үшін «Ұлттану» пәні бір оқу жылы емес, айталық кем дегенде 10-11-сыныптарда арнайы пән ретінде оқытылғаны дұрыс.
Алтыншыдан, «Қазақ әдебиеті» оқулықтарына енген көптеген шығармалар идеологиялық тұрғыдан ескірген. Сондықтан оларды тәуелсіздік құндылықтарына сай көркем туындылармен алмастырған дұрыс. Мұндай оқулықтарда көркемдік қағидаттар да ескерілмей жатады. «Қазақ әдебиеті» пәніне енетін әрбір әдеби туындының идеялық және көркемдік деңгейі тең түсіп, оларда жалпы гуманистік, ұлттық мұраттар менмұндалап тұруы тиіс.
Жетіншіден, тарих пәніне арналған оқулықтардың мазмұнын мейлінше қызғылықты баяндауға құрған дұрыс сияқты. Әлбетте, тарих деректер мен оқиғалардан тұратынын білеміз, мәселе бұл арада оларды оқушының жас ерекшеліктеріне, танымына сай етіп беруде.
Жолдауда көтерілген бәріміз үшін маңызды мәселенің бірі – тіл мәселесі. Президент: «Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде» деді осы Жолдауында. Бұл тарапта да атқарылатын жұмыстар әлі көп. Атап айтқанда, қазақ тілін үйретуге арналған мектеп оқулықтарында тілдің лексикалық және грамматикалық минимумдары ескерілмей келеді.
Сондықтан да тіл үйрету мазмұны сөйлеу тіліне, яғни күнделікті коммуникацияға құрылмағандықтан 11 жыл бойы оқыған тілді орыс сыныбының оқушылары меңгере алмауда. Бұл бағытта Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамытудың қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Қазақ сөзі» атты бес кітаптан және мультимедиалық қосымшадан тұратын кешен дайындады. Осы орталықтың мамандары ең қажетті деген лексикалық және грамматикалық минимумдарды анықтады. Әсіресе олар осы саладағы халықаралық тәжірибелерді тыңғылықты сараптап шықты. Қазір осы «Қазақ сөзі» кешенін қолданушылар тарапынан көптеген оң пікірлер айтылуда. Орыс тілі мектептерінде қазақ тілін үйретудің ең бастапқы маңызды, шешуші қадамы осы лексикалық және грамматикалық минимумдарды дұрыс таңдауда.
Жолдауда айрықша айтылған тілге байланысты мәселенің бірі – терминология тақырыбы. «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», деп Президент терминология мәселесін талаптарға сай қалыптастыруды айтты. Қоғамда терминологияға қатысты алуан пікірлер бар. Оны баспасөз беттерінен оқып та жүрміз. Біздің білетініміз бұл салаға үлкен мониторингтік жұмыс қажет. Осы күнге дейін 18 мыңнан астам термин бекітіліпті. Олардың 7 мыңға жуығы тәуелсіздікке дейін, қалған көп бөлігі егемендік тұсында бекітілген. Енді осы бекітілген терминдерге ғылыми сараптама жүргізу сияқты үлкен мәселе тұр. Күні ертең қазақ тілі латын графикасына ауысқанда терминдер жайы қалай болады, бұл да ойланатын мәселе. Асылы, бекітілген терминдерімізді ғылыми сараптаудан толық өткізіп, термин жасаудың жаңаша қағидаттарын қалыптастырудың уақыты келген сияқты. Бұл тұрғыда Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бекітілген терминдерге сараптау жұмыстарын жүргізуде.
Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен бағдарламалық мақалалары өзара іштей сабақтасып, Қазақ елінің мемлекет ретінде өркендеуінің басым бағыттарын үнемі белгілеп отырады. Бұл орайда біз осы Жолдауда айтылған мәселелерді оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен сабақтастырып, дамуымыздың жаңа мүмкіндіктері мен жаңа көкжиектерін барлағанымыз жөн.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымызды сақтау мен өркендету үшін, біздің ойымызша, Елбасы екі үлкен дәуірлік мәселені көтерген десек, біріншісі – төл дәстүріміздің өміршең тұстарын заманауи сұраныстармен сабақтастыру, екіншісі – бүкіл адамзат баласына ортақ жаһандану үдерісінің өзіміз үшін тиімді тұстарын игеру. Әлбетте біз ең алдымен төл дәстүріміздің өміршең тұстары дегенде, бар дәстүрімізді, жалпы мәдениетімізді, тұтас ұлтымызды сақтаушы ана тілімізді айтамыз. Жаңа жаһандану заманында тіліміздің ұлтты сақтайтын қоғамдық һәм рухани құралы ретіндегі барлық алғышарттары мен мүмкіндіктері бар. Біріншіден, оның сөздік қорынан, бейнелілігінен, стилистикалық мүмкіндіктерінен құралған үлкен әлеуеті бар. Екіншіден, қазақ тілінде сөйлеушілердің саны сан миллиондап саналады, айталық қазір әлемде 16 миллионға жуық қазақ бар десек, соның кем дегенде 11-11,5 миллионы өзінің ана тілін біледі. Яғни бұл тілді қажет ететіндердің саны қазіргі ғаламдық өлшеммен алғанда жоғары. Үшіншіден, қазақ тілі – Конституция бойынша мемлекеттік тіл. Бұларға қосымша қазақ тілі қоғамның барлық саласында қолданылады, яғни білім мен ғылымның, қоғамдық қатынастың, бизнес пен биліктің тілі. Осындай мүмкіндігі зор тілді сол қоғамның барлық саласында жетекші тілге айналдыру мәселесі тұр. Бұл реттен келгенде, тіліміз өз елінде әлі де осындай жетекші функцияға айналды деп айта алмасақ керек.
Рухани жаңғырудың өзегі – қоғамдық сананы жаңа сапаға көтеру десек, онда тілдің осындай үлкен мақсатты шешетін әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіл – тек қарым-қатынас құралы болса, онда өркениетті әлемде оған онша мән де, мақсат та үстемелемес еді. Тіл тек қатынастық құралдан да жоғары құбылыс. Тілді сақтау ұлтты сақтаудың тікелей кепілі екенін Ахаң бастаған Алаш зиялылары, кешегі Баукеңдер сан рет айтты, тіпті ескертті десе де болатындай. Дегенмен, бүкіл әлемде және өзімізде де қалыптасқан тілді сақтаушылыққа байланысты сан пікірлер бүгін де бірқатар тіпті депутаттар, оқыған білімді деген адамдар тарапынан айтылып жүр. Олардың кейбірі қазақ тілін билікке де, бизнеске де, үлкен ақпаратқа да енгізгісі келмей, тұрмыстық деңгейде ғана бағалайды. Енді біреулері бәрімізге түсінікті тілде сөйлесек болды емес пе деп тілге соншалықты немқұрайлы, оның барша қасиетін соншалықты білімсіздікпен жеткізгісі келеді.
Егер осындай адамдардың ойы олардың өздері айтқандай болса, онда әлемдегі естияр халықтар өз тілдерін сақтауға неліктен күреседі. Еуропаның төрінде, Британияға бізден де географиялық жағынан жақын шағын елдердің өзі атап айтқанда, Голландия, Бельгия, Дания, тіпті біздің облыс түгілі аудандарымыздай-ақ жері бар Албания, Эстония, Словения, Словакия тағы да басқа қаншама мемлекеттер өз тілдерін ең жоғары деңгейде қорғайды, ең бастысы үйде де, түзде де өз ана тілдерінде ғана сөйлейді. Әлемнің отыздан астам елінде мемлекеттік немесе ресми тіл ретінде бекітілген, жүздеген миллион адам сөйлейтін француз тілі Францияда бірнеше заңмен қорғалған. Олар ағылшын тілінің ықпалын азайту үшін француз тілін қолданысы жағынан да, оның байлығын сақтау жағынан да, тіл мәдениетін арттыру жағынан да арнайы құжаттар қабылдаған. Осылардың бәрі әлгіндей білгіштерге өнеге болғаны жөн.
Жаһандану біздің тұрмысымызға, жалпы өмірімізге тілдік-саналық деңгейде енеді, яғни оның ең басты көрінер тұсы да – тіл. Әлбетте ағылшын тілін бе, басқа қажетті тілді ме үйрену заманның талабы да болар. Бірақ ол өз тіліңнен безіну деген сөз емес қой.
Өркениетті әлем бірнеше тілде сөйлейді, бірақ өркениетті әлеміңіз алдымен өзінің тілін құрметтейді. Құрметтері біздікі сияқты декларативті түрде емес, нақты қолданылуында. Яғни тілдің ең басты шарты – оны қолдану. Оған нешеме мысалдар келтіруге боларлық. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Италияның Милан қаласынан келген Әйгерім Төлегенқызы, Ирландиядан келген Өзгежан Кесижи, Франциядан келген Мехмет Зенгин қазақ тілінде еркін сөйледі. Олар әрқайсысы төрт-бес тілден біледі. Бірақ өздерінің ана тілдері олар үшін бірінші орында. Бұл нені көрсетеді, тілді қолдануға құлшыныс бар жерде, өзінің тіліне орта емес, адамның өзі қожа екенін көрсетеді. Өз елімізге келсек, Қазақстанда тұратын шешен мен ингуштің бәрі ана тілдерін біледі, отбасында тек ана тілінде сөйлейді. Өзбек, ұйғыр сияқты үлкен диаспораларды айтпағанның өзінде. Ал өз мемлекетінде 11,7 миллион қазақтың ішінде тұрып бай да бейнелі, мемлекеттік мәртебесі бар өзінің ана тілінде сөйлемесе, оған кімді жазғырамыз. Осының бәрі тілге деген немқұрайлылық, мұндай немқұрайлылық түптің түбінде өзіңнің халқыңа, өзіңнің шыққан тегіңе деген немқұрайлылықтан шығады.
Елбасы осы бағдарламалық мақаласында ұлттық код жөнінде жазды. Ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қоры да, қазынасы да, тасымалдаушысы да оның осы тілі. Ендеше тіл біздің барымыз. Сондықтан жаһандану тұсында ақпаратпен, киномен, тұтынатын тауармен, музыкамен, біліммен, қазақ еліне келіп жатқан барлық құбылыстар мен құралдардың баршасында тілдік деректер бар дейтін болсақ, онда олар қазақтың санасына орнығып та жатыр. Әлбетте шетелден келген дүниелер тартымдылығы, қызықтылығы жағынан елімізде өндірілетін сондай заттардан немесе басқа да ақпараттық дүниелерден артық болуы да мүмкін. Бұл әсіресе жастарымызды баулиды. Ол біздің санамызға, сезімімізге күн сайын мысқылдап енеді. Содан күндердің күнінде өзінікінен айнитын, өзгенікін жоғары қоятын ұрпақ қалыптасады. Оның бастапқы жемістері қазір де көрініп жатыр.
Жаңа жаңғыру дәуірі қай халықтан болса да дамуды һәм сақтана отырып дамуды қажетсінеді. Бұл сол әр халықтың келешегінің қамы. Ол бүгіннен басталады. Қазақтың жері, тілі өзінікі. Тұрмысымызда, жалпы өмірімізде өзгелердің жасаған дүниесін көбірек қолданатын заманда тұрмыз. Дүние бүтіндей араласты, тұтастай сабақтасып, ол үрдіс осылай қарай жүре де беретіні байқалады. Елбасы мақаласы осындай әлемдегі қазақтың, Қазақстанның алдымен өзін сақтау, содан барып өркендеу барысын көрсету ниетінен туған еңбек. Одан сабақ алу, оның міндеттерін жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз десек, жалпылап кетер едік, дұрысы – ел басқарған, әсіресе жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің басында тұрған азаматтардың парызы. Осындай елдік борыш қазақ ата-анасының да ең басты маңызды міндеті.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ