Түркияның туристер құмырсқаның илеуіндей құжынап барып Қара теңіздің телегей суына шомылатын оңтүстігінде емес, ауа райы салқындау солтүстігінде орналасқан Кастамонудың іргетасы тым ілгеріде, жыл санауға дейінгі есте жоқ ескі замандарда қаланыпты. Әртүрлі тайпалар мекендеген бұл аймақты антикалық дәуірде Пафлагония деп атапты. Арыдан жеткен осынау ономастикалық атаудың тікелей аудармасы сарымсақ иісті халық ұғымын білдіретінін естігенде еріксіз елең еттік. Сөйтсек мұнда күні бүгінге дейін сарымсақтың ешбір жердегіге ұқсамайтын ерекше тұқымы өсіріледі екен. Міне, мәселе қайда жатыр.
Кімдер келіп-кетпеген киелі өлке. Талай сыр бүккен тау-тасынан ежелгі парсылардың да, эллиндердің де, римдіктердің де, селжүктердің де таңбаланған іздерін табасың. Біресе римдіктер, біресе византиялықтар билеген. Әйгілі Әмір Темір де жаулаған. Ақыры атақты Осман империясының құзырына қараған. Содан бері Түркияның құйқалы бір пұшпағы, ойлы-қырлы үлкен провинцияның орталығы. Тек туризм кенжелеп дамығандықтан оның көне тарих көмбесі ғана емес, таңғажайып табиғаты сұқтандырар сұлулыққа тұнып тұрғанын көпшілік біле бермейді. Сондықтан Кастамонуға түркілердің мәдени астанасы мәртебесін әперудегі түпкі мақсат – осындағы мол рухани мұра мен елеуге тұрарлық ескерткіштерді адамзаттың ортақ игілігіне айналдыру болса керек. Қай жағынан алып қарасаңыз да құптарлық қарекет.
* * *
Бір жылға болса да бар түркінің бас кенті атанып, бағы жанған Кастамонуға алыстан ат сабылтып жеткен қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық, әзербайжандық, татарстандық және гагаузиялық журналистерді Түркия мәдениет министрлігі мен жергілікті билік өкілдері құшақ жая қарсы алды. Айтулы оқиғаға арналған салтанатты шарада туысқан түркі мемлекеттерінің туы желбіреп, тағдырдың жазуымен жан-жаққа тарап, сан түрлі саяси себептермен бір-бірінен ажырап қалған қардаштардың қарым-қатынасын қайтадан жандандыруға бағытталған игі тілектер тиегі ағытылды.
ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов әрбір ел әлемге өздерінің төл мәдениеті арқылы танылатынын алға тартты. Өйткені өркениет төрі өнер-білімі өрге басқан ұлттарға ғана ұсынылады. Бұл – қарапайым тіршілік қағидасы. Ендеше біздің халықтарымыз да қолдарындағы құндылықтарын бағалап қана қоймай, базарлай білуі қажет.
Түркінің бары мен жоғын түгендеуге тиіс халықаралық ұйым басшысының айтуы бойынша, өткен жылдарда бірсыпыра шаруаның басы қайырылыпты. Ауқымды бағдарлама алдағы уақытта сәтімен жалғаса бермек. Бұйырса, Кастамонуда бауырластар басын біріктіретін бірегей шара ретінде наурыз мейрамы тойланады. Басқа да мәнді мәжілістер баршылық.
«Тас түскен жеріне – ауыр» болатыны бесенеден белгілі. Демек, түркиялықтар тарапынан жүргізілетін ұйымдастыру жұмыстарында іркіліс болмағаны жөн. Осы ойымызды сезгендей Түркияның мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмыш бүгінде жоспарланып қойылған жиындардың бәрі жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім білдірді. Ол үшін қажет барлық жағдай жасалынбақ.
* * *
Бірден байқалғаны, Кастамону тауды жарып, тасты бұзып арна салған сай-саланы қуалай салыныпты. Қаланы қақ жарып Қарашомақ өзені ағады. Ұзын саны 19 ауданнан тұратын провинция орталығы. Мұнда 114 мың адам тұрады.
Журналист ағайындар автобусқа мінгеннен ауыз жаппай атамекенінің артықшылықтарын айтқан жол бастаушымыз Мұстафа Чагырдың әсерлі әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Оның сөзіне сенсек, арысы алып планетамызда, берісі берекелі Анадолыда Кастамонуға жетер жер жоқ. Дұрыс қой. Отанға ода арнауды кім жек көрсін. Атажұртын ардақтаған ақжүрек азаматқа сүйсіне қарадық. Ұстазына ұйыған ұғымтал оқушыдай оның оңды-солды келтірген деректерінің керектісін қойын дәптерімізге қондырдық.
Сондағы кейбір мәнді мәліметтерді келтіре кетсек былайша кестеленеді. Аймақтың экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйейді. Аталмыш саладағы шығарылатын тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын құрайды. Табыстың қалған бөлігі ағаш өңдеу өнеркәсібінен, мал бағудан, балық аулаудан және мыс өндіруден түседі. Ауылдық елді мекендер саны жөнінен елде екінші орын алады. Өңір малшыларының өзіндік мақтанышына айналған Дадай ылқыларының даңқы алысқа тараған.
Теңіз деңгейінен 780 метр биіктікте қоныс тепкен Кастамону өлкесі өркешті таулармен өрнектеліп, қарағайлы, қайыңды, аршалы, шыршалы қалың орман-тоғайлармен қоршалған. Өсімдіктердің өзге түрлеріне де бай.
Бұл жаққа келетін туристерді немен қызықтыруға болады? Олар бірінші кезекте мәдени-тарихи орындармен таныса алады. Ақ басты шыңдардың аясында шаңғы теуіп, аң аулап, атпен серуендеп, биік құздарға өрмелеп және басқа да аңсары ауған істермен айналысады. Арасан суларында ем қабылдап, денсаулықтарын түзейді. Абан, Бозқұрт, Жиде, Доаньюрт, Инебалу жағажайларында күнге күйеді. Күре тауындағы 160-220 миллион жылдық «Илгарини» үңгіріне кіріп, Валла, Шатақ, Хорна, Ирсизлар шатқалдарын шарлайды. Он метрлік биіктіктен құлап аққан Илыджа сарқырамасының қысы-жазы 23 градустан төмен түспейтін бассейніне балтыр батырады. Әйтеуір әр нәрсеге әуес қыдырымпаз қауымның ішін пыстырмайтындай қызықтарға кенелтетін нысандар жетерлік.
* * *
Көненің көзіндей тарихи орындарды тамашалау саяхатын сонау ХV ғасырда бой көтерген Исмаил бей күлиесінен бастадық. Осман империясы тұсында осында әмір жүргізген жандар әулетінің соңғы өкілі Исмаил мырзаның құрметіне кереге керген кешен құрамына мешіт, медресе, мейрамхана, хамам, керуен сарай кіреді. Аулада әміршінің жақын-жұрағаттары жерленгенін айғақтайтын құлпытастар қараяды. Ескі мешіт есігінен енген бойда имандылық иірімдері тереңіне тарта жөнеледі. Іші жып-жылы. Намаз оқитын бөлігі шариғат шарттарына сай жабдықталған. Асханасында қонақтарға тамақ берілген. Тағы бір бөлмесіне қойылған тақтадағы жазуларға қарағанда, мұнда қазір де Ислам дәрістері оқытылатын тәрізді.
Мейманханасында ертеде алыстан келген керуеншілер үш күн жамбасақы төлемей-ақ тегін жатып, тамақтанатын тәртіп болған. Тіпті түйелерге арналған орын-жайда олардың үстіне артылған жүктері таразыға тартылған. Салмағы тиісті мөлшерден асып кетсе, мал иесіне айыппұл салынған.
Кешенді салған құрылысшылардың жуынып-шайынуына арналған монша қазір ақ матаға айшықтап түрлі өрнек салатын кәсіпорынға айналыпты. Рас бұрынғыдай оюларды таспен емес, ағаш басқымен түсіретін технологияға көшіпті. Оның бұрынғы-соңғы тәсілдерін осындағы мамандар тәжірибе жүзінде көрсетті. Жалпы, мұндай кәсіпшілікке кастамонулықтар атамұралары ретінде қарайтынын біліп қайран қалдық.
Бұдан кейін іле-шала шағын тоқыма ательесіне соғып, сондағы үйреншікті өндірістік үрдістердің қыр-сырына қанықтық. Өзгешелеу өндіріс жетекшісі Севш Күнгеш ханым ұн қосылған суда қайнатылған мақта жіптің әбден «пісетіндігін» жеткізді. Мата тоқу кезінде жіптің үзілмеуі басты міндет саналады. Егер орта жолда осалдық танытса, бүкіл үдерісті қайта бастауға тура келеді. Бұл күні жергілікті қолөнершілердің базарға қойылған ұлттық нақыштағы тауарларын тамашалап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шеберлер дәстүрінің кіндігі үзілмегендігіне куә болдық.
* * *
ХІV ғасыр туындысы саналатын Махмұд бей мешіті қала сыртындағы тау сілемдерінің ортасында орналасқан. Айналасындағы шағын ауылда 25 отбасы түтін түтетіп, күнделікті тіршілігін күйттейді. Ғасырлар сынына сыр алдырмаған ғимараттың сырты – тас, іші – ағаш. Ең ғажабы, бірде-бір шеге қолданылмаған. Бірінші қабатында ерлер, екіншісінде әйелдер, үшіншісінде билеуші тап өкілдері жұма намазын оқитын болған. Қазір де сол дәстүр сақталыпты.
Жол-жөнекей төбесі опырылып ортасына түскен атам заманғы түрік хамамының қирандысын көрдік. Көнеліктердің көрнекті нұсқасы есепті ескерткішті қайта қалпына келтірсе болғандай екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалған сыңайлы. Өзімізде де елеңсіздіктен жоғалтып алған асыл қазыналарымыз аз ба?! Кімге ақыл айтқандаймыз...
* * *
Тас қабырғалары шапқыншылардың талай шабуылына тосқауыл болған Кастамону калесі тау басында қасқайып тұрған хас батырды елестетеді. Етектегі қаланың қыр желкесінен қыдиып қарауыл қарағандай қалып танытатын қамалды он екінші жүзжылдықтың жуан ортасында византиялықтар соғыпты. Әттең, тасқа тіл бітпеген. Әйтпесе әріден қозғап әлімсақтың шерлі шежіресін шертер еді-ау. Төбе үстінен төңірек алақанға салғандай анық көрінеді. Қорғанысқа қолайлы тұс ретінде таңдалғаны талассыз.
– Аға, анау жаққа қараңызшы! Қасымдағы «Қазақпарат» агенттігінің тілшісі Ризабек Нүсіпбекұлының оқыстан шыққан даусы ойымызды бөліп жіберді. Қарасам, қамал мұнарасының ұшар биігінде Қазақстанның көк туын кере ұстаған бір жігіт тұр. Жан-жақтан шетелдік әріптестеріміз жамырай шулап, жылы лебіздерін білдіріп, бізді құттықтап жатыр. Тұс-тұстан фотоаппараттар сыртылдап, алқалаған әлеумет әжептәуір әбігерге түсті. Сол сәттегі кеудемізді кернеген мақтаныш сезімін жеткізу, әрине қиындау. Көңіл толқып, көз жасаурады.
Асқар шыңды бағындырған альпинистей арсалаңдап ортамызға оралған ақжарқын оғланды асқан ризашылықпен бауырымызға басып, апыл-ғұпыл жөн сұрастық.
– Аты-жөнім – Азамат Әлімбаев. Түбімді сұрасаңыз, Атыраудың тумасымын. Түркияның Коня қаласында оқып жатырмын. Болашақ теологпін. Бұл жерге жолдастарыммен бірге қыдырып келдім, – деп мән-жайды түсіндірді өр мінезді өреніміз.
– Елді сағынған шығарсыңдар...
– Айтпаңыз. Түсімде ылғи ауылды көрем. Мұнда аш жүрген жоқпыз. Бірақ қазақтың қазы-қартасы мен жал-жаясына тамақ жете ме?!
– Қазақстанның жалауын осылай өздеріңмен ылғи алып жүресіңдер ме?
– Мүмкіндігінше қолымыздан тастамауға тырысамыз. Меніңше, қазақтың әр баласы қасиетті туымыздың қадірін білуге тиіс!
– Атыңа затың сай азамат екенсің! Елге аман-есен қайтуларыңа тілектеспіз.
Бір топ қазақстандық студентпен естелік суретке түстік.
* * *
Барғаннан қас-қабағымызға қарап, қаланы емін-еркін аралауымызға мүмкіндік жасап баққан «Кастамону туризм» мекемесінің Гөкшен Гедик Сабанкая бастаған қызметкерлері өздерінің іліп аларлықтай інжу-маржандарын біздің назарымыздан тыс қалдырмауға тырысты. «Қонақ қойдан жуас қой», төредей күтіп, төбелеріне көтерген түрік ағайындардың көңілін жықпай, жетектеп апарған жерлерінің бәріне бардық. Ұлттық тағамдарының түр-түрінен дәм таттық. Атақты «Шекмек халвасын» жеп, ашқылтым айранын іштік.
Ең бастысы, ел тарихына қатысты ерен экспонаттар сақталған мұражайларда болып, көкейге көп ой түйдік. Әсіресе Археология музейінің есігінен енгеннен-ақ Түркияның тұғырын биіктеткен ұлы көсем Мұстафа Кемал Ататүрікті Анадолы халқының қалай құрметтейтінін аңғардық. Оның осы қалаға келуіне байланысты оқиғалар қабырғадағы қаптаған суреттермен беріліпті. Бүкіл милләт ардақтаған қайраткердің киімдері мен тұтынған заттарының біразы көрмеге қойылыпты. Басқа залдардағы археологиялық қазбалар кезінде табылған мәрмәр табыттар, аң бейнелі мүсіндер, тұрмыстық құрал-саймандар жеті ықылымның жетістіктерін жария еткендей.
Этнография музейі де кірсең шыққысыздай екен. Баяғыда қалабасы Садық пашаның үй-жайы болған ғимарат ішіндегі жәдігерлер көздің жауын алады. Олардың көбісі Осман дәуіріндегі мүлік-мүкәмалдар. Темір шығыршықтармен тоқылған сауыт, садақ, қанжар, қылыш, селебе секілді қару-жарақ арсеналы атасы жаудан қайтпаған ер түрік ұрпақтарының өршіл рухын айшықтап тұрғандай. Алтынмен апталған әйелдердің әшекей-үшекейлерімен күміспен күптелген ат әбзелдерінің әдемілігіне қызығып айналсоқтап қалған әріптестеріміздің бөлекше әсерге бөленгендерін алабұртқан жүздерінен аңғардық.
Біз басқа да ғибраттық нысандардан көрген-білгеніміздің бәрін бірдей баяндап жатқанды артық санадық. Ондағы дүниелерді көзбен көру керек.
* * *
Кастамонудың іргесіндегі Ылғаз ұлттық паркіне барғанымызда ақ ұлпаға оранған шың-құздарды, қар жамылған қалың ағашты көріп, көркемдік көкжиегіне тамсана ұзақ қарадық. Тау баурайындағы шаңғы базасында қысқы демалыс қызығына батқандардың қарасы әжептәуір. Маңайдағы қонақүйлер адамдарға лық толы. Дала төсі ырду-дырду. Шана сүйреген бала-шағаның шат-шадыман күлкісінен жасыл орман жаңғырғандай. Әуе жолымен әйдік шоқыға шығып қайтқан журналистер қауымының да қағанағы – қарық, сағанағы – сарық... Алтайы мен Алатауы асқақтаған Қазақстаннан келгендіктен кейбір қаламдастарымызға кереметтей күй кештірген бұл көріністер бізді анау айтқандай таңдандыра қоймағанын жасырып қайтейік...
Сапар соңына қарай Кастамону қалалық журналистер қоғамының төрағасы Мұстафа Ерқан Йылмазбен кездесіп, екіжақты пайдалы еркін сұхбат құрдық. Оның әңгімесінен ұққанымыз, мұндағы баспасөздің 150 жылдық тарихы бар екен. Қазіргі таңда қалада 13 басылым бар. Ең байырғысы – «Ашықсөз» газеті. Көп оқылатыны – «Кастамону» үнжариясы. Таралымы шамамен мың данадай. Бұқаралық ақпарат құралдары тегіс жекеменшік иелерінің қолында.
Байыпты пікіралысу барысында қонақтар да белсенді түрде сөзге араласып, өз мемлекеттеріндегі БАҚ ахуалы туралы айтып берді.
* * *
...Кастамонуда көрерлік дүниелер көптеу көрінді. Түгін қалдырмай түгендеуді газет көлемі көтермес. Біраз жайды жаздық білем. Сірә, олар туралы мың рет оқығаннан бір рет көрген артық шығар.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»
Астана – Кастамону – Астана