Суретші Бейсен Серікбаймен Алматыдағы «Қазақстан» баспасында кездейсоқ ұшырасып, бір кездегі ол жасаған тамаша таңба тарихын естігеннен кейін біз міне, жоғарыдағыдай ойға қалдық. Себебі түймедей деп айтарлық дүниенің де өз өмірбаяны болады. Солардың ішіндегі өте жақсы, сәтті орындалған туындылар ғұмырының ұзақтығын уақыттың өзі дәлелдеуде. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына арналған эмблема міне, соның нақты көрінісі. Олай дейтініміз, Бейсеннің қылқаламынан туып, жыл құсындай жылы леп әкелген бұл еңбек 1992 жылы алғаш рет пайда болды да көрермен көзайымына айналды. Ешкім оны жатырқап, жатсынған жоқ. Сөйтіп ықшам, нәзік, жеңіл сызықтары және көз қарықтырмайтын жарасымды бояулары арқылы ол күні бүгінге дейін қауымдастық қажетіне жарап келеді. Ал енді оны жасаған суретші ше? Және... аталмыш таңбаның тарихы. Осыларға бір сәт үңіліп көрелікші, қане...
– Менің туған жер, өскен ортам Аягөз өңіріндегі Таңсық елді мекені, – деп бастады әңгімесін Бейсен. – Бұл қос ғашық – Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешені тұрған жер. Әке-шешем кеңшардың малшылары-тын. Күнделікті тірліктері қарапайым да табиғи іс-әрекеттерге толы еді. Сонысымен бізге жақсы тәлім-тәрбие берді жарықтықтар. Оларды қадери-халімше бойыма сіңіріп өскен мен бастауыш білімді ауылда, сегізжылдық мектепті Аягөзде бітірдім де Алматыдағы көркемсурет училищесіне түсуге талпындым. Жолым болды. Бұл оқу орнын тәмамдағаннан кейін, 1979 жылы жаңадан ашылған театр және көркемсурет институтына қабылдандым. Ол қазіргі Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы ғой. Соның дизайн факультетін бітіріп, «Тұскиіз» фабрикасына жолдама алғанымда, армия қатарына шақырылдым емес пе?
Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, ол әскердегі міндетті борышын өтеп келген соң фабрикадағы бас суретші қызметін одан әрі жалғастырады. Содан біраз уақыт өткеннен кейін, яғни 1987 жылы «Жазушы» баспасына қызметке ауысады. Атқаратын міндеті – жоспарға еніп, жарық көру үшін өндіріске жіберілген әдеби шығармалардың мұқабаларын безендіру, руханият саласына қатысты фотоальбомдардың полиграфиялық жұмысын ұйымдастырып, сапасына жауап беру. Өстіп жүргенде еліміз егемендік алып, оның елең-алаңында Алматыда шетелдегі қандастарымыздың басын қосу туралы әңгіме көтеріледі. Елбасының тапсырмасымен бұл іс-шараны ұйымдастыруды қолға алған жазушы Қалдарбек Найманбаев қат-қабат жұмыстардың арасында құрылтай эмблемасын жасаттыруды да ұмытпайды. Осы мақсатпен Жазушылар одағында комиссия отырысы өтіп, таңба нобайын өмірге әкелу 7-8 суретшіге тапсырылады. Олардың арасында біздің кейіпкеріміз де бар болатын. Содан не керек, екі ай ішінде көркемдік кеңес 5 рет бас қосады. Талқыға салып қарайтындары – 1992 жылдың қыркүйегінде өткелі отырған құрылтай эмблемасының жай-күйі. Ақыры 20 шығармашылық өкілі қатысқан соңғы жиында «Жазушы» баспасының жетекші көркемдеуші редакторы Бейсен Серікбайдың жасаған таңбасы қабылданады.
– Осы арада сіздің тарапыңыздан: «Бұл туындының идеясы мен мазмұны қандай? Ерекшелігі неде еді?» – деген сауалдардың туатынын айтпай-ақ сезіп отырмын, – деп сөзін сабақтады әңгіме иесі. – Мұндағы негізгі темірқазық – қазақ киіз үйінің шаңырағы. Ол оңға қарай бағытталып тұр. Бұл халқымыздың осы бір игі бастамасы, ізгі ниеті жақсылыққа бет алғай деген тілекті білдіреді. Ал құрылтайға қатысты сөз тіркестері иректелген күйде, түтін іспетті ширатыла жазылған. Ол әр елдегі қазақ диаспорасының осы форумға келіп жиналғанға дейінгі тар жол, тайғақ кешуінен хабар береді. Содан соң... иә, содан соң эмблемадағы символдық штрих, графикалық сызықтар мен бос кеңістіктерде 4 түрлі бояу бар. Ол Алаш туының негізіндегі түстер. Атап айтқанда: қызыл – халықтың бастан өткерген қасіреті, жасыл – өмір, табиғат, ақ – таза, адал жол нышаны, көк – тіршілік иелері біздердің айналамыздағы ауа мен аспан. Міне, осылайша бұл төрт түс халқымыздың өткені мен бүгінін көзге елестетіп, оларды бейнелі түрде бір-бірімен ұштастырып тұр деуге болады. Енді шаңырақтың оң жағындағы бос орынға келейік. Ол елімізден тысқары, жырақта жүрген қандастарымыздың орны деген ұғым. Эмблемадағы шаңырақ иінінің бір-біріне жетпей тұрғандығының да өз мәні бар. Дәл сол жерге «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» сөздерінің жазылуы көптен күткен осы күн жақсы істерге бастамашы, соған дәнекер болса деген ой еді. Әрі ол алыстағы және таяу шетелдердегі туыстарымыздың басы атамекен төрінде қосылып, бірігуі ұғымын білдірерлік ізгі ниет те болатын.
Осылай деген Серікбай бірауық үнсіз қалды да әңгімесін қайта жалғады. Одан ұққаным – біз сөз етіп отырған туындының қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төлқұжаты дерлік белгіге айналғандығы. Оған ширек ғасырдан астам уақыт бойы қандастарымыздың Алматы, Түркістан, Астанадағы 5 форумы, Еуропаның Германия, Швеция, Франция, Азияның Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі басқосу жиындары осы эмблема аясында өтуі нақты дәлел бола алады. Бұған сөз етіліп отырған қауымдастықтың бастамасымен көп томдық шетел қазақтары ақын-жазушыларының кітапханасы сериясының осы логотиппен жарыққа шыққанын қосыңыз. Ал аталмыш таңба бейнеленген маркалар мен конверттер ше... Көп. Тіптен көп!
Түймедей ғана таңбалар. Түрлі логотиптер... Астана, Алматыда өтетін форум, саммит қарсаңында газет-журналдар мен телеарналарға жарқ етіп шығатын оларға қызықтап қарайтынымыз рас. Бірақ ішкі мазмұнына үңіліп, назар аудара бермейтініміз өкінішті. Сәт салып қарап, сыр суыртпақтасақ әрқайсысы өз идеясы туралы сөйлеп қоя берер ме еді, қайтер еді дейсің іштей. Иә, солай. Оларда он сан ой бар. Талай тарих, тағдыр жатыр түйіліп. Сондай туындының бірі – Дүниежүзі қазақтары құрылтайының жоғарыда өзіміз сөз еткен эмблемасы.
Жыл құсындай жаңалық әкеліп, төрткүл дүниедегі туыстарымызды табыстырған оның авторы – Бейсен Серікбай. Кейіпкеріміз бұдан басқа қауымдастықтың алғашқы Төраға орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаевтың идея беріп, айтуымен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының дипломы мен төсбелгісін жасаған жан. Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі ол қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етуде. Қызметі – журналистика факультетіндегі баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы. 30 жылдан астам өмірін республикамыздың «Жазушы», «Қазақстан», «Қайнар», «Раритет», «Санат», «Ана тілі» секілді белді де белгілі баспаларының тапсырыстарын орындауға арнаған оның қиын да қызықты жұмысы босқа кетпепті. Сондағы әртүрлі жанрдағы 1200-ден астам кітаптың іші-сыртын безендіру барысындағы жинақталған мол тәжірибесін ол бұл күндері болашақ баспагерлерге біліктілікпен үйретуде.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерде: Дүниежүзі қазақтары құрылтайының эмблемасы; мақалада сөз етілген таңбаның авторы Б.Серікбай; кейіпкеріміз безендірген кітап мұқабалары.