Аталмыш орталықта Алладан сауығып кетуін тілеген кішкентай тағдырлар кезегімен ем қабылдап жатыр. Олардың өмір сүруге деген ессіз құштарлығы мен арман-мұраттары көп-ақ. Осында емделіп жатқан Айдананың бір тілегі өзінің сүйікті әншісі Қайрат Нұртаспен көзбе-көз жүздесіп, тілдесу болған. Апта соңында әнші ауыр дертке шалдыққан Айдананың өтінішімен Педиатрия орталығына келіп, халін білді.
Жақында ғана отадан шыққан Айдана үшін бұл естен кетпестей қуаныш болғаны айтпаса да түсінікті. Өнерін бағалайтын жасөспірім тілекшісімен танысқан әнші Айдананың ғана емес, барша онкогематология бөліміндегі балалардың көңілін аулап, тез сауығып кетулерін тіледі.
Дәрігерлер кішкентай қыздың бір ауыз тілегін орындаған ақ жүректі әншіге де, кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған «Амила» қорына да дән риза. Науқас балалардың бірыңғай күндеріне шуақ шашқан әншінің бұл келгенінің өзі де шипа.
Осылайша «Амила» онкологиялық сырқат балаларға көмек көрсететін қоғамдық қорының басқа да сауапты тірліктері жалғасын табуда. Қор «Шұғыл қажеттіліктер» жобасы аясында науқас балаларға жөргектен бастап, керек-жарақтарын түгендеп тұрады.
Қайрат Нұртас келгеннен кейін «Амила» қоғамдық қоры тағы бір жақсы іске мұрындық болып, анасының өтінішімен ақ қан ауруына шалдыққан ұлының арманын орындады.
Азаттың арманы Бүркіт есімді лақап атымен танымал қазақ эстрадасының белгілі әншісі Айбек Сейітовпен жүздесу еді.
«Орталықта жатқанымызға ұзақ уақыт болды. Екі аптадан бері ұлымның ыстығы түспей қойды. Көңілі де баяғыдай емес, ұнжырғасы түсіп, сырқатпен күрескісі келмейтіндей көрінді. Баласының мұндай халін көру әрбір ана үшін ауыр. Не істесем болады? Қалай көңіл көтерсем екен деп уайымдадым. Балам Бүркітті жанындай жақсы көреді. Өзі де музыкаға жақын, өлең жазады, гитарада ойнайды. Жақсы көретін әншісін шақырып, тосын сый жасап, қуантсам, бір өзгеріс болар деген үмітпен «Амила» қорына хабарласқан едім. Кездесуді ұйымдастырып берген қор еріктілеріне, өтінішімді жерге қалдырмай келген Бүркітке алғысым шексіз. Сенесіз бе, балама бұл жаңалықты айтқан күні ыстығы түсіп, беті бері қарап, ем қона бастады. Бұл жүздесу балама күш-қуат, рух беретініне сенемін», деді Азаттың анасы Халима Әжіғұлова.
Ал кездесу жөнінде әнші инстаграмдағы парақшасында: «...Ғаламтор жүйесінен волонтерлардың көмегімен Азаттың анасы маған шығып, ұлының мені қатты көргісі келгенін жеткізді. Бір күн өткізбей, жауап қайтардым. Сөйтіп бүгін @tumartime компаниясының әдемі бір ерлер сағатын алып, емxанаға жөнелдім! Есіктің ауызында Азаттың анасы қарсы алды. Көзінен жас көрінді. Бірден маған: «Келгеніңізге раxмет!» деді. Мен де ол кісіге «Оқасы жоқ! Мен үшін бұл түкке тұрмайды!» дедім. Қысқасы, Азаттың палатасына кіріп, танысып, қал-жағдайын сұрап, біраз әңгімелестім. Өзі өнерлі жігіттердің бірі екен. Музыка жазады, бейнекөріністер түсіреді, ән де айтады. Өкініштісі, осындай ауруға шалдығып қалыпты. Ең бастысы, бұл ем қонатын дерт екен. Бірақ тез жазыла салатын дерт емес. Сондықтан достар Азатқа бар жақсылықты тілейік, емделіп кетсін! Дұғаларыңызды оқыңыздар!» деп жазады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ