– Соғыс жылдары Құсмұрын көлінен тонналап балық ауланыпты. Оны қаптап Челябіге жіберетін болған. Сонда тасымал үшін танкті де пайдаланыпты. Бірақ Құсмұрынға батып кеткен трактор екенін естігенмін. Бұл оқиға соғыстан кейінгі тың көтеру жылдары болса керек. Қыс айларында мұз ойылып кетіп, трактор суға кеткен. Оны шығарып алатын күш қайда ол кезде? Трактор сол күйінше су астында жатыр, қазір батпаққа батып кеткен, – дейді Александр Алексеевич.
Ауыл тұрғыны осылай десе де, негізі Құсмұрын көліне батқан танк екенін айтатындар да бар. Ал бұл оқиға жалғыз емес екен. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі, халқымыздың маңдайалды ұлдарының бірі Шайсұлтан Шаяхметов туралы оның ағасы Шәйіт Молдахметовтің «Өнегелі өмір» атты естелік кітабында да көлге батқан танк туралы жазылады. Шәйіт ақсақал Науырзым өңіріндегі соғыс және одан кейінгі жылдардың ауыр тұрмысын суреттейді.
«Ол кезде көлдерде балық көп болды. Ауланған балықтар қысы-жазы Ресейдің өндірісті қалаларына жіберіліп жататын. Жазда ауланған балықтарды қақтап, тұздап, тұз сіңгенін кептіріп, шөп киттегендей киттеп, оларды қос моторлы, төрт моторлы ұшаққа тиеп, жаз бойы жөнелтетін. Сонда «бұларды ішке жіберіп жатыр» дейді. «Іш» дегенді кейін білдік, ол Ресейдің Челябі, Магнитогор қалалары екен. Қыста балық мұздың астымен тартылады. Тартылған балықтар сол қалпымен қыстай пушкалары алынып тасталған «Т-34» деген соғыс танктері сүйреткен темір шанамен тасылып әкетіледі. Осындай үлкен шана сүйреткен танктің біреуі 1946 жылдың қысында Науырзым қорығындағы Сарымойын көліне батып кеткені бар. Қыста төте жолмен жүріп жете қоямыз дегенде мұз ойылып, көлге жартылай батып кеткен. Шығарып алуға әрекеттенгенмен еш нәтиже болмады», деп жазады автор. Осы естелікте айтылғанына қарағанда, Құсмұрын көлінен балық аулауға да танкті пайдалануы, тіпті суға батқан танк болуы да әбден мүмкін. Өйткені кеңестік танктер Қостанай облысымен шекаралас Челябі қаласындағы зауыттан шығарылғаны белгілі.
Қамысты ауданындағы Алтынсарин ауылының сыртындағы көлде де тың көтеру кезінде «ДТ-54» тракторы суға кеткен екен. Осындағы «Алтынсарино» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің бастамасымен ауыл адамдары сол тракторды 40 жылдан кейін көлдің түбінен қазып алады. Бұл трактор тың жерлерді көтеру жылдары алғашқы борозда салған техниканың бірі, нағыз «ардагер» екен.
– Трактордың тек орындығы ғана бүлінген, қалған жері сап-сау. Тіпті қазір алқапқа шығарсаң, жер жыртуға толық жарайды. Біз оны техника паркіне әкеліп, жуып, бояп, музейге қойдық, – дейді Борис Павлович.
Этнограф Ағытай Ибрагимовтің айтуынша, сонау Торғайдағы жағасында Ахмет Байтұрсынұлы өскен Ақкөл көлінің түбінде де бір машина жатса керек. Бұлар бізге мәлімі ғана. Ал техника жұтқанын біз білмейтін көлдер қанша екен десейші?..
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ