Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы әрі президенті Клаус Шваб та өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты еңбегінде блокчейннің жаңашылдық алып келетін түбегейлі өзгерістердің бірі екенін айтады. Давостағы форумға келген ақпарат пен коммуникация саласының мыңға жуық жетекшілері мен сарапшылары қатысқан сауалдамада респонденттердің 73 пайызы 2025 жылға қарай блокчейннің барлық салада жүзеге асырылатынына шүбә келтірмейді. Болжам бойынша, бүкіләлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы блокчейн технологиясымен жиналмақ. Блокчейннің негізі болған Bitcoin валютасының жалпы құны қазір 20 миллиард долларға жақындады. Яғни 80 триллион доллар болатын бүкіләлемдік ІЖӨ-нің 0,025 пайызын құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, блокчейн мемлекеттерге мүмкіндіктермен бірге түрлі сын-қатер де алып келуі ықтимал. Бұл бір жағынан орталық банк арқылы реттелмейтін һәм бақылауға бағынбайтын бөлек жүйе. Сондықтан монетарлық саясатты қадағалау қиынға соғуы мүмкін. Екіншіден, блокчейн салық салудың жаңа тетіктерін енгізуге мүмкіндік береді. Мәселен, банктің ақпарат жүйесінде тіркеуді талап ететін аздаған транзакциялар да салық жүйесіне енгізіледі. Десе де, блокчейннің орталық банк қызметі мен монетарлық саясатта, жемқорлықпен күресте, салық жүйесінде, үкіметтің рөлінде қандай тиімділік беретіні туралы мамандар әлі ашып айта қойған жоқ.
Атауында тұрғандай, блокчейн – блоктардың тізбегі деп түсіндіріледі. Блок – криптографиялық формада ұсынылатын жүйенің ішкі келісімдері мен мәмілелері, транзакциялар туралы мәліметтер. Блокчейннің барлық мәліметі жинақталады және үнемі қосымша мәліметтер базасын қалыптастырады. Бұл базадан ештеңені ауыстыру немесе өшіру мүмкін емес. Сондай-ақ шексіз болғандығы соншалық, транзакциялар саны да өлшеусіз жазыла береді.
Әрине, еліміздің нарығында жаңа жүйені қолданудан бұрын, жай-жапсарына үңілу басым. Былтыр қараша айында құрылған «Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Есет Бутин жыл басында елімізде криптовалюта мен блокчейн туралы заң жобасын қабылдау керектігін жеткізді. Ол бұл үдеріс созыла берсе еліміздегі қаржы жүйесі ағынындағы мәселелерді реттеуге кері әсерін тигізетінін айтады. Қазақстандық азаматтар қазіргі кезде кең ауқымда болмаса да Ресей, АҚШ, Оңтүсті+к Корея елдерінің нарығына кетіп жатыр. Өйткені адамдар криптовалюта сатып алмай тұрмайды, соған сәйкес Қазақстанның қаржысы сыртқа шығарылады. Осы орайда долларға емес, теңгеге сатып алу мүмкіндігін беретін айырбастау орындары, биржалар, криптовалюталық алаңдар құруды қадағалауды реттеу бойынша ереже түзу өте өзекті екені белгілі. Мұның бәрі түптің-түбінде адамдарға табыс табуға мүмкіндік береді. Әрине, соған сәйкес заң қабылдау бір жылдың шаруасы емес. Бұл тарапта Ұлттық банк, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері тарапынан бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізілуі маңызды. Биыл қаржы мамандары арасында осы бағыттағы талқылаулар болмақ. Ал Ресей Федерациясы аталған бағыттағы заң жобасын әзірлеп, жаз айларында қабылдауды жоспарлап отыр. Былтыр криптовалюталық нарыққа жасалған хакерлік шабуылдардың көптігі бірқатар жобалардың құпиялылық деңгейін төмендетті. Касперский зертханасының мәліметінше, алаяқтық істерден блокчейннің 15 ірі жобасы 300 миллион доллардан астам шығын шеккен. Хайппен байланысты көптеген қауіп нарыққа шығатын қазақстандық жобаларды да айналып өтпейді...
Ең бастысы, блокчейн – қаржылық институттарды делдалдық қызметінен айырады. Қаржы операциялары сақталған әлемдік есеп-қисапты алдымызға тартуы мүмкін. Қатысушылар құқын теңестіріп, мәліметтерді тікелей алмасуға жол ашады. Жаңа технологияның әлеуеті қаржы секторынан өзге заң мен құқық, басқару, жылжымайтын мүлік, қайырымдылық, тіпті шығармашылық саласында да орасан. Қазір осы бағыттарда түрлі стартаптар қолға алынды. Бұл блокчейннің біздің өмір сүру салтымызға біраз өзгерістерімен келе жатқанын көрсетеді.