Үрдісті ауыстыру
Банктердің 2016 жылы экономикаға кредит беруінің төмендетілген үрдісі 2017 жылы өсумен ауысты. Бұл ретте осы екі жылдың үрдістері арасындағы ерекшелік 2016 жылдың ортасында байқалған өсудің банктердің кредиттік белсенділігінің нәтижесі емес, ұлттық валютаның екі есеге жуық құнсыздануынан кейін валюталық кредиттерді айтарлықтай қайта бағалау нәтижесі болып табылады. 2017 жылы өсу барынша сапалы болды және ол банктердің экономикаға кредит беру процесін қайта бастауымен байланысты орын алды.
Соған қарамастан, 2017 жылдың соңында кредиттік белсенділік көрсеткіштері айтарлықтай баяулап, 2017 жылдың қорытындылары бойынша кредиттік портфель 12,7 трлн теңге деңгейінде сақталып, нөлдік өсуді көрсетті. (1-сурет)
Банк секторының құрылымдық өзгерістері банк секторы ландшафтының өзгеруін, сол сияқты банктердің кредиттік портфельдерінің жай-күйін айқындады. Казкоммерцбанкті қалыпқа келтіру жөніндегі іс-шаралар өткізілді, нәтижесінде банктің БТА Банкке талаптары Проблемалы кредиттер қорына берілді. Bank RBK проблемалы қарыздары «Арнайы қаржы компаниясы ДСФК» ЖШС-ға 600 млрд теңге мөлшерінде берілді. Дельтабанктің лицензиясы қайтарып алынды, соның нәтижесінде оның 271 млрд теңгеге жуық мөлшердегі кредиттік портфелі банк жүйесінің көрсеткіштерінде есепке алынуын тоқтатты. Казкоммерцбанк, Bank RBK және Дельта банктің көрсеткіштерін ескермегенде қалған банктер кредиттерінің жиынтық өсуі 2017 жылы 10,8%-ды құрады.
Сонымен қатар бірқатар басқа банктер бірігу және қосылу жөніндегі мәмілелер туралы жариялады, іс жүзінде мәмілелер өткізілмесе де, бұл банктердің ресурстары келіссөздерге, осындай мәмілелердің болашағын бағалауға кредиттеуге зиян келтіре отырып ауысты.
Банктердің кредиттік портфельдерінің сапалық сипаттамалары тұрғысынан алғанда, 2016 жылдың соңында валюталық кредиттерді қайта бағалау әсері толық аяқталғаннан кейін теңгемен кредиттеудің қайта басталуы маңызды жағдай болып табылады. Банктердің кредиттік портфелінің дәл осындай өсуін «саламатты» деп атауға болады. 2017 жылы кредиттеу нарығы дамуының басқа ерекшелігі ретінде жеке тұлғалардың банктердің жалпы кредиттік портфелінің өсуіндегі айқындаушы үлесін атауға болады. (2-сурет)
Бөлшек фактор
Жеке тұлғаларға кредиттер 2017 жылғы наурыздан бастап өсуде, жыл қорытындысы бойынша халыққа кредиттер портфелінің өсуі 12,4% немесе 501,2 млрд теңге болды. Тұтынушылық кредиттердің үдемелі үлесі жеке тұлғалардың кредиттері өсуінің негізгі факторы болып табылады. Жеке тұлғалар кредиттерінің 2/3 құрайтын тұтынушылық кредиттер портфелі бір жыл ішінде 15,3%-ға (378,3 млрд теңгеге) ұлғайды. Ипотекалық кредиттер портфелі (жеке тұлғалар кредиттерінің 1/4 бөлігі) 11,7%-ға (немесе 127,6 млрд теңгеге) ұлғайды. (3-сурет)
Бөлшек сектордың кредиттік портфелінің өсуі кейінге қалдырылған тұтынушылық сұранысты іске асыру аясында орын алып отыр, оның төмендеуі 2015-2016 жылдары байқалды. Алайда банктердегі бөлшек жағдайдың өсуінің іргелі себептері үрдістің қысқа мерзімді сипатымен дәлелденеді. Номиналдық оң өсуге қарамастан, халықтың кірістері нақты көріністе (жылдық инфляцияны есептемегенде) соңғы екі жыл бойы төмендеуде.
Ипотекалық кредиттердің өсуі, негізінен теңге бөлігі есебінен өсуі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кредиттік портфелінің өсуі есебінен орын алуда, оның үлесі 2017 жылдың соңында бүкіл ипотекалық нарықтың 42%-на жетті. Жекелеген банктерде ипотекалық кредиттеудің жандануы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру есебінен ынталандырылады. Шетел валютасында кірісі жоқ тұлғаларға валютада ипотека беруге тыйым салатын реттеуші норманың енгізілуіне байланысты, шетел валютасымен ипотекалық қарыздардың көлемі айтарлықтай төмендеді. Ипотекалық нарықтың өсуі оның мемлекет тарапынан белсенді түрде ынталандырылуына орай 2018 жылы да жалғасуы ықтимал, алайда ол халықтың шектеулі кірістеріне байланысты негізінен елеулі болмайды.
Корпоративтік секторды кредиттеу өсуде
Бизнестің кредиттік портфелі 2017 жылы 5,8%-ға немесе 504,2 млрд теңгеге қысқарды. Ол негізінен көрсетілген кезеңнің соңғы 2 айында төмендеді. Бұл Дельта банкті 2017 жылғы 3 қарашадан бастап банктік және өзге операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиясынан айыру нәтижесінде оның кредиттерін банктердің жалпы портфелінен алып тастауға байланысты болды. Дельта банк кредиттерінің 99,8%-ы немесе 271 млрд теңгесі банктік емес заңды тұлғаларға тиесілі болған. Проблемалы кредиттердің көпшілігі (3/4 бөлігінен астамы) заңды тұлғаларға тиесілі Bank RBK проблемалы кредиттерін арнайы қаржы компания-
сына шығару да бизнестің кредитік портфелінің көрсеткіштеріне ықпал етті. Казкоммерцбанкте қайта құрылымдаумен қатар заңды тұлғалардың кредиттік портфелінің төмендеуі (2017 жылы шамамен 200 млрд теңге) байқалады. Осыған байланысты бұдан әрі заңды тұлғалардың кредиттік портфелін талдау Bank RBK, Дельта банк және Казкоммерцбанксіз көрсетіледі.
Заңды тұлғалар кредиттерінің осы банктерді есептемегендегі көлемінің өсуі 2017 жылы 8,4% немесе 558,8 млрд теңге болды. Сауда мен байланысты қоспағанда барлық басқа салалар өсудің жағымды аймағында. (4-сурет)
Өнеркәсіпті кредиттеу 20,7%-ға немесе 299 млрд теңгеге өсіп, абсолютті өсу (бизнестің кредиттік портфелінің ¼ бөлігі) бойынша көш бастап тұр. Бұл ретте оның құрылымында негізгі үлесі бір жылда 21,5%-ға немесе 282 млрд теңгеге өскен (бүкіл өнеркәсіптің өсуінің 94,4%-ы) мұнай және газ өндіру саласындағы кәсіпорындарға кредиттер құрайды. Бұл мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы ықпал еткен осы саладағы кәсіпорындардың қаржылық жай-күйінің жақсарғанын көрсетеді.
Сауданы кредиттеу 8,9%-ға немесе 167 млрд теңгеге төмендеді, ал оның үлес салмағы бір жылда 5 п.т.-ға 24%-ға дейін төмендеді. Ауыл шаруашылығын кредиттеу 27%-ға немесе 121 млрд теңгеге ұлғайды (бизнестің бүкіл кредиттік портфелінің 8%-ы немесе 570 млрд теңге).
Жеке қызметтен (98,2% немесе 104,5 млрд теңге), өндірістік емес саладан (8,5% немесе 78 млрд. теңге) және жылжымайтын мүлікпен операциялардан (16% немесе 92,4 млрд теңге) тұратын басқа салалар елеулі үлес қосуда (17,2%-ға немесе 274,6 млрд. теңгеге өсу). Алынған кредиттерді бизнес көбіне айналым қаражатын (заңды тұлғалар кредиттерінің 45,8%-ы) және негізгі қорларды (12,3%) сатып алуға жұмсаған.
Жалпы алғанда, экономиканың нақты секторының әлемдік және қаржы нарықтарындағы қолайлы ахуалдың жағымды әсерінде болуына қарамастан, нақты сектор тарапынан кредиттік ресурстарға деген сұраныстың баяу қалпына келуін атап өтуге болады.
Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде іскерлік белсенділіктің одан әрі артуына және банктер баланстарының тазартылуына қарай экономиканың қалпына келу белгілері кредиттеу нарығындағы ахуалдың айтарлықтай жақсаруына әкеп соғуға тиіс.
Қорытындылай келе, 2017 жылы кредиттеу нарығы айтарлықтай ұзақ мерзімді құлдырау кезеңінен кейін жағымды жаққа қарай бет бұрғанын атап өткен жөн. Кредиттеу нарығының баяу қалпына келуі банктердің де, қарыз алушылардың да жаңа жағдайларға бейімделгенін көрсетіп отыр. Алайда, банк жүйесіндегі құрылымдық реформалар кредит нарығының көрсеткіштеріне әсер етпей (жағымсыз) қоймады. 2017 жылы басталған экономиканың қайта қалпына келуі және банктер активтері сапасының жақсаруы 2018 жылы кредиттеу нарығында жағымды өзгерістер әкелуге тиіс.
Шалқар БАЙҚҰЛАҚОВ,
ҚР Ұлттық Банкінің Зерттеулер және статистика департаментінің бас маман-талдаушысы