Медицина • 15 Ақпан, 2018

Шымкентке шипа іздеп келетін шетелдіктер көбейіп тұр

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында тұңғыш рет шетел азаматына бүйрек трансплантациясы жасалды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен атқарылған бұл игі іске екпін бере «сүйіншілеуіміздің» себебі де жоқ емес. 

Шымкентке шипа іздеп келетін шетелдіктер көбейіп тұр

Қазіргі таңда, әсіресе адамның денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған медициналық туриз­мнің дамуы мемлекеттің басты міндетіне айналуда. Ме­дициналық туризм, бір жағынан қоғамның тұрақты дамуына үлкен үлес қосса, екіншіден, мем­лекет үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз ететін сала бо­лып табылады. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2022 жылға қарай туризм және денсаулық сақтау әлемдік салалардың негізгісіне айналады. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаев отандық медициналық туризмді дамыту керектігін айтып келеді. Мысалы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Ұлт денсаулығы – біздің жетіс­тікті болашағымыздың негізі» болып табылатынын атап айтты. Сонымен қатар отандық медициналық туризмді дамыту керектігін еске салған болатын. Осы бағытта оңтүстікте денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мақаламызға арқау болған ота сол жұмыстардың бір нәтижесі.

Аурухананың бас дәрігері Мәди Биғалиевтің айтуынша, Израиль мемлекетінде тұрақты жұмыс істейтін Германия аза­матының қазіргі жағдайы жақ­сы. Елу жастағы реципиент ауруханада стационарлық ем қабылдап жатыр. Жақын арада үйіне жіберілмек. Қызметі рұқсат етпейтіндіктен ол аты-жөнін де айтқан жоқ, тілшілермен тілдесуді де қаламады. Ал, оған бір бүйрегін берген донор 32 жастағы Украина тұрғынының науқаспен туыстық қатынасы бар екен. Оның да жағдайы жақ­сы, ауруханадан шығарылып, амбу­латориялық емдеуге жол­данған.

– 2013 жылы мұндай операция біз үшін өте күрделі болатын. Содан бері 100-ге жуық бүйрек ауыстыруды сәтті орын­дап, тәжірибе жинадық, кәсі­би шеберлігіміз артты. Өзім бас­шылық ететін 22 адамнан тұра­тын хирургиялық топтың әрбір маманы өз ісін өте жақсы біледі. Сондықтан төрт сағатқа созылған бұл трансплантация аса ауыр бола қойған жоқ, – дейді хирург М.Биғалиев.

Былтыр Тұңғыш Президент күні пайдалануға берілген ауру­хананың жаңа ғимаратында жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Опера­ция жасауға қажетті біре­гей преператтардың қоры жасақ­талған және сервистік палаталар бар. Мұнда жүргізілетін хирур­гиялық ем қазақстандықтар үшін тегін болғанымен, шетелдік науқастарға да қолжетімді бағада көрсетіледі. Мәселен, неміс азаматына жасалған трансплантация құны – 4,5 миллион теңге, долларға шаққанда 15 мың дол­ларға жуықтайды. Ал, мұндай орган ауыстырудың орташа құны Еуропа елдері мен АҚШ-та шамамен 60-70 мың доллар болады екен.

– Келесі айда осы ауруха­наның базасында тағы екі шетелдікке трансплантация операциясы жасалады. Білікті дәрі­герлерімізге сенім артып, заман талабына сай меди­циналық құрылғылармен жаб­дықталған ғимаратта хирур­гиялық ем қабылдауға өтініш білдірген Румыния, Болгария азаматтарының денсаулығы тек­се­ріліп жатыр. Дегенмен, отан­­дық медицина туризмін дамы­ту өңірде бір ауруханамен шектеліп қалмайды. Бұл бағытта облыстық клиникалық ауруханада, кардиология орталы­ғында жүйеленген жос­парлы жұмыстар жүзеге асуда. Сонымен қатар облыстық тері венерологиялық диспансерінде де ветелиго дертін емдеу бойынша республиканың барлық аймағынан венеролог дәрігерлер келіп, тәжірибе жинақтап, үйре­ніп жүр. Бүгінде көрші Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен кел­ген науқастар ем қабылдап жатыр. Қазірдің өзінде мұнда ем­делгісі келетіндердің кезегі бір жылдан асып кетті. Биыл Оңтүстікте тері трансплантациясын жасайтын боламыз. Бұл өз кезегінде ең алды­мен емдеу мекемелерінің қаржылық жағ­дайын жақсар­туға, базасын нығайтып дамы­туға, дәрігер­лердің кәсіби білік­­тіліктерін арттыруға көмек­теседі, – дейді облыстық ден­саулық сақтау бас­қар­масының басшысы Мұқан Егізбаев.

Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, соңғы жылдары Ресейден тісін емдеткісі келе­тін шетел азаматтары көптеп келе бастапты. Былтыр көктем мезгі­лінен бастап, тәулік бойы дема­лыссыз жұмыс істеуге көш­кен облыстық тіс емдеу емха­насындағы дәрігерлердің білік­тілігі ресейліктерден бір мысқал да кем емес. Сондықтан бұл ба­ғытта да басқарма бас­шылығы медицина туризмін дамытуды қолға алмақшы. Яғни, шипа іздеп Шым­кентке келетін шетелдік­тер­дің саны арта түспек.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»