Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

«Халықтық бақылау» қосымшасы жұмыс жасауда

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде сақтандыру төлемдерін тексеріп, емханаға тіркелуге мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін іске қосуға арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрайымы Елена Бахмутова, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрайы орынбасары Ерік Байжүнісов және "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева қатысты.

«Халықтық бақылау» қосымшасы жұмыс жасауда

Жиын барысында Басқарма төрайымы денсаулық саласын дамыту Елбасы жолдауында көрсетілген маңызды мәселелердің бірі екенін алға тартып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

«"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ 2018 жылы қазақстандықтарға  сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу қызметін жетілдіруді жоспарлап отыр. Өткен жылдың өзінде «МСҚ: Халықтық бақылау» қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл еліміздегі ауруханалар мен емханалардың атқарып жатқан жұмысын тұтынушылар тарапанынан бағалап отыруға, олардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымша арқылы азаматтар емханаларға өзінің пікірін қалдыра алады. Бұл біз үшінде үлкен жеңілдік. Себебі халықтың бағалауы арқылы біз олардың жұмыс жасау рейтингін шығара аламыз», деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрайымы Елена Бахмутова.

Сонымен қатар ол, осы тоқсан соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу (ХҚКО) мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді.

«Біздің жоспарымыз бойынша, осы тоқсан соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу (ХҚКО) мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді "электронды үкіметтің" egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат "жеке кабинетке" кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Мұның көпшілік үшін ыңғайлы еместігін азаматтарымыз жиі айтып жүр. Ал, бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады», деді Елена Бахмутова.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан».