Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанының 29 жылдығына арналған экспозицияны қала тұрғындары, жауынгер-интернационалистер, мектеп оқушылары және Т.Бигелдинов атындағы әскери мектеп-интернаттың кадеттері тамашалады.
Көрермендер назарына 200-ден астам жәдігер ұсынылды. Оның ішінде фотосуреттер, ауған соғысы кезіндегі әскери киім-кешектер, наградалар мен ерекшелік белгілері болды.
«Медальдің сырт жағы» көрмесін безендіру барысында авторлардың көп ойлануларына тура келіпті. Мәселен, «Бұл фотосуреттерді балаларға көрсетуге бола ма? Олар көрермендер жүрегінде қорқыныш тудырмай ма?», деген сұрақтар туындаған. Ойлана келе, ұйымдастырушылар болашақта мұндай қателіктер қайталанбас үшін жас ұрпақ соғыстың суреттердегі қасіретті ізін, жазылмас жарасын өз көзімен көрулері керек деген тоқтамға келіпті.
Фотограф Дәулет Абдрахмановтың «Қызыл із» көрмесі жауынгер-интернационалистердің қазіргі замандағы портреттер галереясын көрермен назарына ұсынды. Әр суретте екі кезең уақыты шендестіріле көрсетілген – алыста қалған 80-ші жылдар және оның аясындағы бүгінгі күн бейнесі.
Аталған көрме жауынгер-интернационалистердің ерлік істері мен өз міндеттеріне деген адалдықтарын бүгінгі буын өкілдеріне үлгі қылып көрсетуді мақсат еткен.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»