Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Оралдың іргесінен 50 мың адамдық жаңа қалашық салынады

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов есеп берді. Жиынға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары Есет Байкен, Серік Ғиззатұлы арнайы қатысты.

Оралдың іргесінен 50 мың адамдық жаңа қалашық салынады

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Өңір басшысы осы есептің алдында облыстың жүздеген ауылын аралап, халықпен жүздескенін, облыстың ресми сайтында және жергілікті БАҚ арқылы онлайн сауалнама жүргізіліп, облыс тұрғындарын мазалайын ең өткір мәселелердің рейтингін жасағанан айтты. Онлайн сауалнамаға мыңдаған адам қатысқан. Дауыс берушілердің 15 пайызы жол жөндеуді, 12 пайызы өңірдегі медициналық қызмет көрсетуді дамыту, 8 пайызы жұмыссыздықпен күресуді алға тартса, 8 пайызы тұрғын үй құрылысы қарқынын төмендетпеуді сұраған. Ауыз су, газбен қамту, абаттандыру, қоғамдық тәртіпті күшейтуді талап еткен тұрғындар да бар. «Біз барлық тұрғынның ұсынысын ескеретін боламыз» деді облыс әкімі.

Оралдықтардың жол мәселесін бірінші орынға қоюы тегін емес. Батыс Қазақстан жол жөнінен еліміз бойынша ең артта қалған өңір болып саналады. Тек соңғы жылдары жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 2014 жылы облыста 160 км жол ретке келтірілсе, 2016 жылы ол 290 шақырымға жетті. Ал өткен жылы 500 км жол жөндеу қолға алынып, соның 420 шақырымында аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолының 70 шақырымы пайдалануға берілсе, биыл бұл жоба толықтай аяқталады. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 128,5 шақырым жол ретке келтірілді. Облыс орталығы Орал қаласында өткен жылы 67 көшенің жолы жөнделіп, соның 61-інде жұмыс мәреге жетті. Егер 2016 жылы Оралда жол құрылысына 2,4 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 8,1 млрд теңгеге жетті. Депо көпірі құрылысына бөлінген қаржыны қосқанда, 10 млрд теңгеден асты.

«Батыс Қазақстан облысы шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші бойынша Астанадан кейін екінші орында» деп мәлімдеді Алтай Көлгінов.

- Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жөнінен БҚО өңірлер арасында сегізінші орында. Елбасы 2050 жылға қарай өңірлік жалпы өнім саласында шағын және орта бизнес көлемін 50 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Қазір ЖӨС-те шағын және орта кәсіп көлемі 42 пайызға жетті. Бұл бағытта жыл сайын 1,5-2 пайыз өсім бар. Бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында Астанадан кейін екінші орындамыз. Бұл секторда облыста 112 мың адам жұмыс жасайды. Яғни бір жылда шағын және орта бизнеспен айналысатындар бес мыңға көбейіп отыр. Тұрғындар жеке бизнеспен айналысу керектігін ұғынып, бұл бағыттағы мембағдарламаларды тиімді пайдалануда, - деді облыс әкімі. Оның айтуынша, былтыр жалпы құны 21 млрд. теңгенің 184 жобасы мақұлданған. Жалпы облыста былтыр 1 трлн. теңгенің өнімі өндірілген.

Алда атқарылатын үлкен жұмыстардың қатарында Алтай Көлгінов биыл БҚО-да 77 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатынын айтты. Батыс Қазақстан – еліміз бойынша тұрғындары таза ауыз сумен ең аз қамтылған өңірлердің қатарына жатады. Облыста 443 елді мекен болса, соның 37 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

- Үкіметтің қолдауы нәтижесінде өткен жылы 13 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Оған 12 аудандағы 60 елді мекенге таза ауыз су жеткізу жұмыстарын бастадық. Бір аудан да тыс қалмады. Мәселен Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарының орталықтарында су құбыры болған жоқ. Жаңақала халқы үнемі су мәселесін көтеріп келді. Осы мәселелер шешімін тапты. 178 елді мекенге су жетті. Бөлінген қаржының 9 млрд. теңгесіне 1100 шақырым су құбыры тартылды. Қазір 156 шақырым су құбыры тартылуда, жазға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Осы ауылдардағы 77 мың тұрғынға таза ауыз су жетіп, облыстағы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу 44 пайызға жетеді,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Оралдықтар үшін тағы бір жаңалық – облыс орталығының іргесінен «Ақжайық» атты жаңа шағын аудан бой көтеріп, онда 150 көпқабатты үй салынатын болды. Жаңа қалашықта 50 тұрғын орналаспақ. «2020 жылға қарай Зачаганск кентінде үй салатын орын қалмайды. 2030 жылы қаламызда 400 000 адам болады деп отырмыз. Олардың бәрін орналастыру мәселесін бүгіннен бастап ойластыру керек. Мәншүк Мәметов көшесінен тіке түсіп, жаңа ауданға Шаған өзенінің үстімен өтетін көпір салынады. Қала бойынша бүгінде 22 000 адам үй кезегінде тұр» деді Алтай Көлгінов.

Осындай жұмыстар қаланың солтүстік-шығыс ауданында да атқарылады. Оралда 1500 акөрерменге арналған залы бар Мәдениет сарайы бой көтермек. Ауылдық жерлерде де 123 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл Жалпақталдан Қазталовқа дейінгі жолды жөндеуге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 92 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді бастаймыз, - деді облыс әкімі.

Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің 60 пайызы – ауылдық жердегі аз комплектілі шағын мектеп. Бұл үлкен мәселе, өйткені мұндай білім ордаларында шәкірттер толыққанды білім алып шығуы қиын. Алтай Көлгінов биыл бұл мектептердің барлығы толығымен кең жолақты интернетпен қамтылатынына сендірді.

Өңір басшысы нақты мысалдар келтіре отырып, 1991 жылдан 2000 жылдарға дейін облыста мал саны күрт азайғанын айтты. Ірі қара мал басы 1991 жылы 789 мың болса, 2000 жылы 336 мыңға дейін азайған. Қой мен ешкі 2 млн. 300 мыңнан астам болса, 2000 жылы 571 мың бас тіркелген. Жылқы 112 мыңнан сол 2002 жылы 46 мыңға дейін түсіп кеткен. Құс 1 млн. 752 мыңнан 334 мыңға азайған.

Былтырғы есеп бойынша өңірде 556 мың ірі қара, 1 млн.156 мың ұсақ мал, 170 мың бас жылқы және 1 млн. 503 мыңнан астам құс тіркелген. Яғни жылқы түлігі болмаса, 1991 жылғы көрсеткішке облыс әлі жеткен жоқ. Мұның өзі ауыл шаруашылығы секторында қолға алынуы тиіс жұмыс көптігін көрсетеді.

Өңірде соңғы кезде суландыру, суармалы көлтабандарды қалпына келтіру жұмысы қолға алынғаны көңілге қуаныш орнатады. Өткен жылы Жайық-Көшім су арнасы жүйесі жаңартылды. Алтай Сейдірұлы енді Жайық өзенінің сол жағындағы Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру қолға алынатынын айтты. Бұл осы өңірдегі бос жатқан 300 мың га ауылшаруашылық жерін тиімді пайдалануға, мал азығын мол дайындап, өңірдегі төрт түлік санын көбейтуге ықпал етпек.

Үш сағаттан артық уақытқа созылған есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың әкімге тікелей қойған сұрақ-жауап алмасуымен өтті. Барлық сұрақ қойылды, жекелеген мәселелер бойынша облыс басшысы және тиісті сала жетекшілері халықты есептік кездесу соңынан қабылдап, мән-жаймен кеңірек танысты.  

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы