Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Қостанай облысында латын әліпбиі оқытылады

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауданына қарасты Москолев ауылында мешітте Жұма намазын оқыған  жамағат бірден   тарап кетпейді. Тілек білдірушілер мешітте қалып, латын харпімен жазылатын  жаңа әліпбиді үйренеді. Сабақты ауыл ақсақалы, білім саласының ардагері  Көкенаки Әбілдин өткізеді.

«Әуелде 12 адам латын әліпбиін үйренейік деп тілек білдірген еді. Оның қатары біртіндеп көбейе берді. Қазір Жұма намазына келген ауылдастардың қатарын мектеп оқушылары мен мұғалімдері де толықтырып жатыр» дейді  Көкенаки ақсақал.

Латын харпіндегі  әліпбиді үйренуге себеп болған да Көкенаки ақсақалдың өзі екен. Ол аудандық газетке латын харпімен мақала жазады. Оны оқыған ауылдастар  кібіртіктеп,  барлығын жете түсіне алмапты. Содан Жұма намазына жиналғанда мақалада не жазылғанын сұрайды. Сол әңгіменің аяғы «латын харпіндегі әліпбиді үйретіңіз» деген ұсыныспен аяқталады.

«Маған латын харпін үйренудің, осы  әліпбимен  жазудың ешқандай қиындығы болған жоқ. Мен ертеде неміс тілін оқығанмын, барлығы ұқсас, негізі латын харпі  ғой. Ал ағылшын тілін оқып жүрген балалар  тіпті лезде үйреніп алды» дейді  Көкенаки ақсақал.

Көкенаки Әбілдин өмір бойы мектепте қызмет істеді. Мектептерді басқарды. Жетпіс бестегі ақсақал ауылдастарына  латын харпіндегі әліпбиді бар ықыласпен үйретіп жүр.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы