Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

Астанада Тұңғыш Президент Қоры сыйақысының лауреаттары марапатталды

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев орталығында 2018 жылдың 16 ақпанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Сыйақысының Лауреаттарын жыл сайынғы салтанатты құрметтеу рәсімі өтті. 

Астанада Тұңғыш Президент Қоры сыйақысының лауреаттары марапатталды

2008 жылы Қор ғылым, мәдениет және өнер саласында өз Сыйақысын тағайындады. Бұл іс-шара жас талантты қазақстандықтарды қолдау және олардың қызметін тану үшін берілетін Қордың ең құрметті марапаттарының бірі болып табылады.

Сыйақы байқау негізінде музыка, театр және сәулет өнері, хореография, кинематография, көркем әдебиет, журналистика, физика, математика, инженерлік, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар номинациялары бойынша айрықша шығармашылық жобаларына және замануи ғылыми зерттеулерге беріледі.

Қор Сыйақысы танымал қайраткерлер үшін жоғары мәртебені тағы бір дәлелдеу болса, дебютанттар үшін – өзін Қазақстанға көрсетудің тамаша мүмкіндігі болып табылады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Байқау комиссиясына мәдениет және өнер бағыттары бойынша 57 тапсырыс келсе, ғылым және техника бағыттары бойынша 59 тапсырыс келіп түсті. Қор төңірегінде жұмыс істейтін Жас ғалымдар кеңесі және Шығармашыл жастар кеңесінің мүшелерінен тұратын Байқау комиссиясының шешімі бойынша 12 номинация бойынша 21 адам Лауреат атанды.

Марапаттаудың салтанатты рәсімінде әрбір Лауреатқа диплом, кеуде белгісі  және ақшалай сыйақы табысталды.

Жаңа Лауреаттарды құттықтай отырып ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев былай деп атап өтті: «Бүгін біз өзінің дарыны, еңбекқорлығы, өз ісіне деген адалдығы арқасында жеңістерге жеткен жаңа ұрпақ көшбасшыларын – біздің Лауреаттарымызды қошеметтеу үшін жиналдық».

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі - Дәурен Абаев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары - Владимир Божко, ҚР Парламенті Сенатының депутаты – Бырғаным Айтимова, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының Президенті - Раушан Сәрсембаева, композитор – Төлеген Мұхамеджанов және басқа да белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері іс-шараның құрметті қонақтары болды.

Қор Сыйлықақысының беріле бастаған уақытынан бастап 200-ден аса ғылым және мәдениет өкілдері Қордың Лауреаттары атанды. Олардың ішінде қазір әлемге танымал әнші - Димаш Құдайберген, беделді халықаралық конкурстардың Лауреаты, опера әншісі – Сүндет Байғожин, танымал балет әртісі – Досжан Табылды, танымал ақын – Қалқаман Сарин, актриса – Әсел Сағатова, эстрада әншісі - Алишер Каримов бар.