Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2012 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Дәл сол кезде С.Цзиньпин Назарбаев университетінде дәріс оқып, «Бір белдеу - бір жол» бастамасын жариялаған болатын.
«Содан бері бес жыл өтті. Негізі, аталған бастама дер кезінде көтерілді. Себебі дағдарыстың салдары әлі де сезіліп тұрды. Біз болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдап, Қытайдың бастамасымен үндестіруге тырыстық. Себебі Еуропаға баратын жол Қазақстан арқылы өтеді. Содан Алашаңқайдан темір жол тартылды. «Қорғас» құрғақ порты салынды. Қазақстанның оңтүстігі арқылы өтетін тағы бір теміржол бар. «Батыс Қазақстан - Батыс Қытай» автомагистралі салынды. Оның жалпы ұзындығы - 2 700 шақырым. Бұның барлығы ортақ жұмысты, бірлескен бастаманы іске асыруға өз септігін тигізді», - деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қытайдың Ляньюнган портында Қазақстанның терминалы ашылды. Сол арқылы контейнерлік жүк тасымалды барынша жеделдетуге мүмкіндік бар.
«Енді, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері өз жүктерін Еуропаға 12-15 күннің ішінде жеткізіп отырады. Теңіз арқылы ондай тасымал екі-үш есеге ұзақ болады. Ляньюнган порты арқылы өтетін контейнерлердің саны біртіндеп көбейіп келеді. Ал жолдың бойында кәсіпорындар ашылып жатыр. Осы жолмен Каспий теңізіне шығып, одан ары қарай Иран арқылы Парсы шығанағына шыға аламыз. Осылайша, қытайлық тауарларды Қазақстан арқылы сол жаққа емін-еркін тасымалдауға болады. Әзербайжан арқылы Грузия мен Түркияға шығуға мүмкіндік бар. Біз арнайы Құрық портын аштық. Бұдан бөлек, біз Қазақстанда ондаған жаңа кәсіпорындарды ашуға уағдаластық. Міне, осындай үлкен жұмыстар атқарылды. Сондықтан «Бір белдеу - бір жол» бастамасы дер кезінде көтерілді деп айтуға толық негіз бар», - деді Н.Назарбаев.