Былтыр еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті. Инвестициялық капитал да айтарлықтай ұлғайып, 5,5 пайыздық өсім тіркелді. Экономикадағы өсімге «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының және Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың арқасында қол жеткізілді деуге болады.
Ел Үкіметінің хабарлауынша, өнеркәсіп саласы, көлік, байланыс, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Әсіресе өнеркәсіптік өндіріс көлемі 7,1 пайызға өскен. Кен өндіру өнеркәсібі мен кен орындарын игеруде 9,3 пайыздық өсім тіркелсе, мұнай өндіру 10,5 пайызға, табиғи газ өндіру 10,1 пайызға, темір рудасын шығару 6,9 пайызға, көмір мен лигнит өндіру 6 пайызға артқан. Яғни табиғи газ, металл рудасы, көмір мен лигнит өндірудің қарқын алғаны, сондай-ақ мұнай өнімдері мен металлургия өнеркәсібі өнімдерін шығарудың жолға қойылғаны ішкі жалпы өнімнің ұлғаюына айтарлықтай ықпал етті деуге болады. Мәселен, 4 пайыздық өсімнің жартысынан астамы шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиетініні осыны аңғартады.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Қуаныш Бейсенғазиннің айтуынша, шикізаттың дүниежүзілік бағасының біршама көтерілгені, оның ішінде көмірсутегінің бағамы жыл соңына қарай 60 доллардан асып түскені ішкі жалпы өнімнің өсіміне ерекше ықпал етті. 2017 жылы Қазақстанда мұнай өнеркәсібі біршама дамыды деуге толық негіз бар.
Өңдеуші саладағы 5,1 пайыздық өсімге фармацевтика, тоқыма бұйымдар, қағаз және қағаз өнімдері, азық-түлік өнімдерінің көптеп шығарыла бастағаны серпін бергенін атап өту керек. Мәселен, бұл көрсеткіш фармацевтика саласында 41,8 пайызға, тоқыма бұйымдар шығаруда 11,2 пайызға, қағаз бен қағаз өнімдерін шығару ісінде 5,6 пайызға, мұнай өнімдерін өндіруде 5,1 пайызға, азық-түлік және сусын өндірістерінде 4,1 және 4 пайызға тең. Жиһаз шығару ісіндегі өсім көлемі 9,4 пайызды, металлургия өнеркәсібінде 5,9 пайыз, машина жасау саласында 5,6 пайызды құрағанын айта кетейік. Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімдерін өндіру ісінде Атырау облысы алдыңғы қатардан көрініп отыр.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов келтірген деректерге көз жіберсек, экономикамыздың драйвері болуға тиіс ауыл шаруашылығы саласында да біршама жақсы нәтижелер бар.
– Ауыл шаруашылығындағы өсім 3,7 пайызды құрады. Өсімдік шаруашылығындағы шығарылым 2016 жылғы деңгейде сақталды. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,9 пайызға артты,– дейді министр. Еліміздің 14 облысында ауыл шаруашылығы ілгерілеп келеді деуге болады. Осы саланың даму қарқыны бойынша Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе облыстары көш бастап тұр.
Үкіметте келтірілген деректер бойынша, 2017 жылы инвестициялық капитал айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. Оның өзі экономикалық белсенділікті қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі екенін ескерсек, бұл өте маңызды. Сонымен, өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 65,4 пайызға өсіпті.
Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары, «Теңіз» кен орнында үшінші буынғы зауыт құрылысы, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы шикізатты тереңдетіп өңдеу кешені көрсеткіштің жоғарылауына негіз болған.
Өткен жылы құрылыс секторында да оң өзгерістер тіркеліп, 1,9 пайыз өсімге қол жеткіздік. Бір айта кетерлігі, құрылыс саласы еліміздің барлық облысында дерлік қарқын алып келеді. Әсіресе, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе облыстары үлкен жетістіктерге жеткен. Ал тұрғын үйлерді тапсыру қарқыны бойынша Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар сынды облыстар алдыңғы орыннан көрінді.
Қазақстанның сыртқы саудасының көлемі өткен жылдың 9 айында 69,5 миллиард АҚШ долларына жуықтапты. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артық. Яғни, 2017 жылы экспорт 31 пайызға, импорт 15 пайызға өскен. Жалпы, сыртқы саудадағы әріптестеріміздің қатары көбейе түскенін және олармен арадағы сауда қатынастары жыл санап қанат жайып келе жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда Ресей, Қытай, Италия, Нидерланд, Франция, Швейцария, Өзбекстан, Германия, Түркия және Испания елдері сыртқы саудадағы басты әріптестеріміздің қатарына жатады. Ресей, Қытай елдерімен арадағы экономикалық байланыстардың әуел бастан жолға қойылғаны белгілі. Жоғарыда тілге тиек етілген он елдің ішінде Өзбекстанмен арадағы байланыс өткен жылдан бастап бұрынғыдан да беки түсті. Көршілес елмен арадағы сауда-саттықта экспорттың үлесі 30 пайызға, импорт көлемі 27 пайызға өскені осыны аңғартады.
Өткен жылы өсім байқалған салаларды айтқанда көлік саласына тоқтала кеткен жөн. Көлік қызметтерінің көлемі 4,8 пайызға, жүк тасымалдау қарқыны 5,2 пайызға, жолаушылар тасымалдаудағы өсім 1,7 пайызға артты. Соңғы жылдары еліміздің транзиттік әлеуеті де айтарлықтай күшейіп келеді. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің тиімділігі артып, тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайған. Ақтау теңіз порты, «Қорғас» құрлық порты арқылы өтетін контейнерлік тасымалдың ауқымы да арта түсуде.
Экономиканың алға басуы әлеуметтік саладағы ахуалға оң әсерін тигізетіні түсінікті. Олай болса, 4 пайыздық өсім көрсеткіші халықтың тұрмысын жақсартуға да ықпал етуге тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»