19 Ақпан, 2018

Әлеуметтік әділеттілік жолы

976 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Енді ғана тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысындағы өзінің алғашқы баян­дамасында « МӘМС жүйесін енгізуді бастау үшін үстіміздегі жылы толық­қанды дайындық жұмыстары қам­тамасыз етілетін болады» деп атап көр­сетті. 

Әлеуметтік әділеттілік жолы

Оның алдында Мемлекет бас­шысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев елімізде енгізу мерзімі 2020 жылға дейін шегерілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін бір жыл бұрын толығымен іске қосуға уәде беріп, Президенттен аталған реформаны 2019 жылдан бастап енгізу үшін рұқсат сұраған болатын. Елбасы бұл ұсынысты жан-жақты қолдады. Ендеше келесі жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі бойынша әзірге адамзат баласы ойлап тапқан ең озық жоба – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда да жұмыс істей бастайтын болады.

Бүгінде әлемнің дамыған елдерін­де денсаулық сақтау саласын қаржылан­дырудың сыннан өткен үш негізгі үлгі­сі бар. Олар: либералды-рыноктық үлгі, яғни ақылы медицина (АҚШ); әлеу­мет­тік сақтандыру үлгісі (ГФР, Фран­ция, Аустрия, Швейцария, Белгия, Голландия , Швеция, Жапония, Канада), яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру; бюджеттік қаржыландыру үлгісі (Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Португалия, Грекия, Дания). Осылардың ішіндегі өмір тәжірибесінен өткен ең тиімді де әділетті үлгі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі болып табылады. Бұл жүйе дұ­рыс жұмыс істейтін болса, еліміздің ден­саулық сақтау саласының уақыт талабына сай дамуына да, халқымыздың толыққанды медициналық қызмет түр­лерімен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туады. Алайда осы бір әділетті де озық жүйенің Қазақстанда дұрыс жұ­мыс істеп кететіндігіне көңіл күпті, күдік көп. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, ММС жүйесін енгіземіз деп бұдан бұрын да бір рет маңдайымыз тасқа тиген еді. Сол бір өмірлік сыннан сабақ алмаған сияқтымыз. Әділетті жүйенің дұрыс жұ­мыс істеп кетуіне еліміздің денсаулық сақ­тау саласын толық жаулап алған ақылы меди­циналық қызмет көрсету үрдісі ашық кедер­гі келтіретін түрі бар.

Жасыратыны жоқ, бүгінде Астана мен Алматының және еліміздің бар­лық ірі қалаларының небір айтулы ғи­марат­тарына орналасып алған жекемен­шік медициналық орталықтар адам денсаулығы жолындағы «бизнесті» қыздырып-ақ тұр. Қазірдің өзінде елімізде жыл сайын кепілді тегін медициналық көмек түрлеріне бюджеттен бөлінетін миллирдтаған қаржының басым бөлігі осы жекеменшік орталықтардың жұтқынына жұтылып жатыр. Себебі мемлекеттік кепілді тегін медициналық көмек көрсету көлеміне қандай қызмет кіретінін қара­пайым халық түгілі, емханалар мен ауру­ханаларда қызмет ететін дәрігерлердің өзі де білмейді. Халыққа мемлекеттік те­гін медициналық қызмет көрсету үшін бюджеттен бөлінетін қаржының қан­дай тиімділік беріп жатқанын Ден­сау­лық сақтау министрлігіндегі мамандар да түсінбейді. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, басы ауырып, балтыры сыздағандар амалсыз кредит алып емделіп жатыр. Жақында ауыл­дан бір танысымыз келді. Қолы мен аяғы қалтырайтын болыпты. Соны Астанадағы «Доктор Хачатурянның медициналық орталығы» деген мекеме емдейді екен. Бір ай бойы күндізгі стационарға қаралып, ем-дом қабылдады. Сол үшін шұғыл түрде банктен кредит алып, бес жүз мың теңгені қолма-қол төледі. Алайда қа­был­даған емнің шипасы болмады. Кейін анықталғанындай,жекеменшік меди­циналық орталық сырқаттың барлық түрі үшін ағзаны тазалау тәсілін қолданады екен.

Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова, «2019 жылдан бастап еліміздің тұрғындарына медициналық қызметтің екі пакеті – тегін және ақылы қызмет түрлері көрсетіле бастайды. Яғни бірінші пакет – бұл барлық тұрғындарға бірдей көрсетілетін кепілді тегін медициналық қызмет. Оның үстінде әлеуметтік сақтан­дырумен қамтылған тұрғындарға көрсе­тілетін медициналық қызмет. Бұл екі па­кетпен қамтылмаған медициналық қызмет түрлерін тұрғындар ақылы түрде, өз қалталарынан қаржы төлеп барып алатын болады», деп атап көрсетті. Бұл не жұмбақ? Бүкіл ел болып, мемлекет болып, ұзақ дайындықпен кіріскелі отырған МӘМС жүйесі толық енгізілетін болса, осы медициналық сақтандыру жүйесінің көлемінде халқымызға жоғары сапалы кепілді медициналық қызмет көрсетілуі керек қой. Оны тағы да сатылап бөлудің не үшін қажеті бар?!

Жалпы, «ақылы қызмет» немесе ақ­ша жүрген жерде «әлеуметтік» деген ұғым­­­ның тынысы ашыла қоймайды. Ден­саулық сақтау саласына кіргелі отырған жаңа жүйе – «әлеуметтік медициналық сақтандыру» деп аталады. Ендеше әлеуметтік әділеттілік үшін, адамның бірінші байлығы – денсаулығы үшін қолданысқа енгізілгелі отырған жаңа жүйе – МӘМС-ке «ақылы қызметті», яғни жекеменшік медицинаны жолатпау керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»