Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев елімізде 124 мектеп салынып, ЭЫДҰ талабына сәйкес орта білім мазмұны жаңартылып жатқанын, жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілетінін және кәсіптік-техникалық білім тегін берілетінін атап өтті. Вице-премьердің айтуынша, Елбасы тапсырмасымен былтыр грант саны 100 мыңға дейін артты. Колледждерде дуалды оқыту енгізілді. Жоғары оқу орындары академиялық және қаржылық еркіндігін ала отырып, Назарбаев Университетінің тәжірибесімен жұмыс істей бастады. Шетелдік жетекші университеттермен бірге 270 қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен бірге 8 жоғары оқу орны әлемдік үздік рейтингке кірді. Ғылым жүйесінде қазақстандық ғалымдардың шетелдік басылымдардағы жарияланымдары көбейді. Халықаралық деңгейде биотехнология, ядролық реактор, экология, медицина салалары бойынша 12 ірі ғылыми жоба іске асырылуда. Жеке бизнестің ғылымға қатысуы артып, 2 миллиард теңгені құрады.
Десе де, вице-премьер әрдайым көз алдымызда тұратын білім саласының бірқатар жаңа жобалары сынға да іліккенін жеткізді. Е.Досаевтың айтуынша, мұғалім мен оқушыға деген қамқорлық кейін ысырылып, оның орнын бюрократиялық, қаржылық-шаруашылық және инфрақұрылымдық мәселелер басып кетуде, сондықтан білім жүйесі алдымен мұғалім мен оқушы мүддесіне бағынышты болуы тиіс. Бұл ретте мектепте, колледжде, университетте қандай білім мен дағды берілуі керек? Біз білім жүйесі мен оқу бағдарламасын түпкі тұтынушы – жұмыс берушілер сұранысына сай құра білуіміз керек, деді Е.Досаев. Осы орайда Білім және ғылым министрлігіне мұғалім мәртебесін көтеру үшін заңнамалық өзгерістер мен тиісті бағдарламаларды жандандыру жөнінде тапсырма берілгенін, Мемлекет басшысының мұғалімдердің еңбекақысын көтеру жөніндегі тапсырмасы биыл толығымен орындалуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ педагогикалық қауымдастық пен сарапшылар пікірін ескеру мен талдауға байланысты тиімді онлайн портал мен цифрлы технология сияқты кері байланыс тетіктерінің жеткіліксіздігін сынға алды. Және қоғамдастық пен парламентшілер тарапынан сын-ескертпелер болмауы үшін дер уағындағы сапалы түсіндіру жұмыстары мен қателікке бой алдырмаудың маңыздылығын жеткізді. Алдағы ҰБТ сынағына да ата-аналар мен оқушылар тарапынан түрлі сұрақ туындамауы үшін ертерек әзір болуды тапсырды. Тағы бір мәселе – цифрландыру ісінің алдында жүруі тиіс білім саласындағы жаңа жүйелер педагогика мамандарын даярлауды және білім мен ғылым мекемелері жетекшілерінің менеджментті жетілдіруін талап етеді. Сондықтан білім берудің барлық деңгейінде оқу үдерісін автоматтандыру керек. Бұл есеп беру мен тексерулерді азайтып, мұғалім жұмысын жеңілдетпек.
Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, Қазақстан ЭЫДҰ-ның екі комитетіне білім және ғылым бойынша мүше болды және жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде бастауыш біліммен қамту көрсеткіші бойынша 4-орынға шықты. Бұл Елбасы Жолдауында көрсетілген адами капиталды дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың бір парасының жемісі. Ағымдағы жұмыстар бойынша балабақша саны артқанын, педагогтың кәсіби стандарты бекітілгенін, мектеп директорын тағайындаудың жаңа ережесі қабылданғанын айтуға болады. Кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытудың ұлттық қанатқақты жобасы басталды. 4 мыңнан астам мектепке электронды күнделік енгізіліп, оны қазір 3 млн-нан астам оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар пайдаланып отыр. Мектептер толықтай онлайн және офлайн цифрлы контентпен қамтамасыз етілді. Енді оны жоғары деңгейде қолдану қажет, деді Е.Сағадиев.
Министр сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім бойынша әлемдік WorldSkills стандарттарына көшу жалғасатынын, ЭЫДҰ мемлекеттерінің 500-ден астам оқулығы қазақ тіліне аударылып, колледждерге берілгенін айтты. Ал жоғары білім бойынша университеттердің академиялық дербестігін кеңейтетін заң жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатыр. 16 мемлекеттік университеттің ректоры жаңа механизм бойынша сайлау арқылы тағайындалды. Бұл – жақсы нәтиже. Университеттердің педагогикалық ұжымдары осы механизмге жоғары баға беріп отыр, деді ол. Ғылым саласындағы басты жетістік ретінде ұлттық ғылыми кеңестер жаңа ереже бойынша сайланатынын, ғылыми гранттар алуға өтініш беру, есеп қабылдаудың барлығы электронды түрде өткізілетінін айтуға болады. Биыл базалық қаржыландыру ғылыми институттарға бірінші рет қаңтар айында берілді. Ал үш жылға берілетін гранттар бойынша келісімшарттар шегіне жетіп қалды.
Білім және ғылым министрі 2018 жылы қандай міндеттер күтіп тұрғанын да атап өтті. Мектепке дейінгі білімге тоқталар болсақ, 1-сыныпқа келетін бала толығымен дайын болуы керек. Қазіргі уақытта балалардың 85 пайызы әріпті де, санауды да біледі, бірақ қалған 15 пайызымен жұмыс істеу мұғалімдерге қиындық тудыруда.
– Біздің алғашқы жоспарымызда нөлінші сыныпты енгізу 2019 жылға қойылған. Бүгінде бірыңғай бағдарлама мен мұғалімдерді дайындау кестесі дайын, оқулықтар экспертизаға берілді. Енді 400 мыңға жуық балаға нөлінші сыныптың жаңа оқулықтарын басып шығару керек. Латын әріпіне көшетін болғасын, оқулықтарды біржола латынша басқанды жөн санап отырмыз. Бұл қаржы жағынан да тиімді. Барлығына уақыт керек. Сондықтан бұл мәселені мұғалімдермен, ата-аналармен талқылайтын боламыз. Қазіргі уақытта латынға көшуге байланысты 4 комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның екеуін – терминологиялық және әдістімелік комиссияны министрлік өзі басқарып отыр, деді Е.Сағадиев.
Ал орта білім беру бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сыныптар көшеді. Оқулықтар қазір сараптама мен қоғамдық талқылаудан өтуде. Жаңартылған мазмұнға ауысқан мұғалімдердің жалақысына 30 пайыздық қосымша ақы қаңтар айынан төлене бастады. Бұл қосымша ақыны биыл 200 мыңнан астам (68%) мұғалім алады. Сондай-ақ 10-11-сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жиында жоғары сыныптардағы бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқыту, мұғалімдерді бірыңғай тестілеуден өткізу сияқты көптеген мәселелер егжей-тегжейлі сөз болып, білім саласындағы барлық өзгеріс ұстаздармен талқыланып, ата-аналармен келісу арқылы жүзеге асырылатыны айтылды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»