Олимпиада алдында Солтүстік Кореяның президенті Ким Чен Ын ел спортшыларын бәсекеге жіберуге және оңтүстіктегі көршілерімен бірге сынға түсіруге әзір екенін мәлімдеген-ді. Оның нәтижесін ойындардың ашылу салтанатында тамашаладық. Тұңғыш рет КХДР мен Оңтүстік Корея спортшылары бір ту астында алаңға шығып, хоккейден сайысқа түсті. Бұдан бөлек, салтанатты шараға Солтүстік Кореяның білдей екі лауазымды дипломаты – бұрынғы сыртқы істер министрі Ким Ён Нам мен ел басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Йо-Йонг қатысты. Екі ел арасындағы мұндай дипломатиялық байланыстың орнауы Олимпиаданың адамзатқа әкелген жақсылығы мен бейбітшілікті нығайтудағы рөлін айқындай түседі.
Корей түбегіндегі шиеленістің кейінгі кезде күшейіп кеткені белгілі. КХДР тарапы 2017 жылы 70-ке жуық баллистикалық зымыран ұшырды. Соның екеуі – құрлықаралық баллистикалық зымыран. Былтырғы қыркүйекте бұл ел термоядролық қаруды сынақтан сәтті өткізді. Солтүстік Кореяның бұл қадамына халықаралық қоғамдастық наразылық танытып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі елге санкция салу жөнінде қарар қабылдаған-ды.
Мәселенің бұлай бағыт алуы Солтүстік Кореяны таразының бір басына, халықаралық қоғамдастықты екінші басына шығарып отыр. Алайда кейінгі оқиғалар Пхеньян билігінің келіссөздерге әзір екенін көрсетті. Мысалы, Ким Йо-Йонг бастаған делегация Сеулдегі Көк үйде Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Әңгіме барысында К.Йонг оңтүстіктегі көршілерін өз еліне шақырды.
Әйтсе де, Олимпиада барысындағы келіссөздер түбектегі геосаяси жағдайды тұрақтандыруға әсерін тигізеді дегенге сену қиын. Оңтүстік Корея мәселені диалог арқылы шешуден үміттенеді. Бірақ мұның қаншалықты тиімді болатыны алдағы уақытта анықталмақ. Кейбір сарапшылар КХДР-дың бұл қадамын Олимпиаданы пайдаланып уақыт ұтып, елге салынған санкцияны жұмсартуға талпыныс деп бағалап отыр.
Солтүстік Кореяға күдікпен қараудың себебі жетерлік. Біріншіден, Ким Чен Ын режімінің Мун Чжэ Ин әкімшілігімен ашық диалог орнатуға талпынысы олардың ядролық қаруды игеру ниетінен бас тартты дегенді білдірмейді. КХДР тарапы атом бомбасына қатысты жобасын жалғастыра беретінін талай мәрте мәлімдеген-ді. Оның үстіне Олимпиада алдында Пхеньянда кең көлемде әскери парад өткізіп, әскери күшінің қарымын паш етті.
Қазіргі таңда БҰҰ Солтүстік Кореяға қатысты санкция салу жөніндегі қарар қабылдаған. Соған сәйкес онда тауар экспорттауға және импорттауға тыйым салынған. Қысқа мерзімде санкция КХДР-дың сағын сындырмағанымен, уақыт өткен сайын елдегі ахуалдың қиындай беретіні айтпаса да түсінікті. Мәселен, Рейтер агенттігіне сұхбат берген Пхеньянда тұратын шетелдік азамат халықтың жағдайы қиын екенін жеткізген. Оның айтуынша, мейрамханаларға баратындар мен бағалы тауарлар сатып алатындар саны күрт азайған. Жанар-жағармай құны аспандап, көліктер тоқтап қалған көрінеді.
Оңтүстік Кореяның бірігу жөніндегі министрлігі солтүстіктегі көршілерінің делегациясын әкелген кеме қайтар жолға жанармай құйып беруді өтінгенін хабарлады. Білдей бір елдің өкілдерін әкелген паромның мұндай сұранысы елдегі жағдайдың мүшкілдігін көрсететіні анық. Былтыр КХДР-дан қашқан сарбаздың әрекеті де шартарапты шулатқаны есімізде. Жарақат алған жауынгерге операция жасаған хирургтер оның ішегінен ұзындығы 27 сантиметрге жуық құрт тапқан. Кейінірек дәрігерлер мұның себебін дұрыс тамақтанбау мен санитарлық талаптың нашар болуымен түсіндірген еді.
Ендеше Пхеньян билігі Олимпиаданы сылтауратып, өздеріне салынған санкцияны жұмсартуға және халықаралық қоғамдастық пікірін өзгертуге талпынатыны анық. Әзірге КХДР байрақты бәсекеге Оңтүстік Кореямен бірге қатысса да, ядролық қарудан бас тартқан жоқ. Сондықтан түбектегі түйткілдің түбегейлі шешілуіне әлі ерте секілді.
Аймақтағы қазіргі саяси ахуал Оңтүстік Кореяны екі оттың ортасында қалдырып отыр. Ел президенті КХДР-ға шақырту алды. Сеул билігі ресми сапар кей мәселелер сақталғанда ғана болатынын тұспалдап жеткізген. Тіпті кездесу егжей-тегжейлі ұйымдастырылса да, Ким Чен Ын көрші елдегі әріптесінің жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту жөніндегі ұсынысына келісе қоюы екіталай. Алда-жалда екіжақты әңгімеде ортақ мәмілеге қол жетпесе, екі ел арасындағы қарым-қатынас құлдырай түсетіні бесенеден белгілі.
Олимпиада алдында Мун Чжэ Ин Ақ үй басшысы Дональд Трамптан жыл сайын өткізілетін АҚШ пен Оңтүстік Кореяның біріккен әскери жаттығу жиынын кейінге шегеруді сұрады. Сеул билігінің пікірінше, ақпан мен наурыз аралығында өтетін бұл шара татулыққа бастар жолға кедергі келтіруі ықтимал. Алайда мұндай өтініш Ақ үйге ұнаған жоқ. Мәселен, Al Jazeera арнасы Олимпиаданың ашылу салтанатындағы АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенстің көңілсіз келбетін Вашингтонның ұстанымы өзгеше екенін көрсетеді деп есептейді. «Рейтер» агенттігі Солтүстік Кореяның делегаты салтанатты шара өткен кешенге кіргенде, басқа дипломаттардың тұрып қошемет көрсеткеніне, М.Пенстің ғана орнынан тұрмағанына ерекше назар аударған. Агенттіктің пайымдауынша, бұл АҚШ өкілінің Солтүстік Кореядан келген делегацияға оң қабақ танытпағанын білдіреді.
Сонымен қатар КХДР мен Оңтүстік Кореяның ортақ келісімге ұмтылуы Жапонияның да қитығына тиген сыңайлы. «Күншығыс елінің» премьер-министрі Синдзо Абе Сеул билігін Олимпиада аяқтала салысымен әскери жаттығуды жалғастыруға шақырды. «АҚШ – Оңтүстік Корея арасындағы ортақ жаттығуды кейінге шегеруге болмайды», деген еді С.Абе Көк үйде Оңтүстік Корея президентімен кездесуде. Алайда Мун Чжэ Ин мұның ішкі мәселе екенін айтып, сыпайы түрде әріптесінің ұсынысынан бас тартты. Жалпы, Жапония біріккен әскери жаттығуға қатыспайды. Алайда самурайлар елі үшін оның маңызы зор. Өйткені КХДР өздерінің баллистикалық зымырандарын Жапония аспанынан бірнеше мәрте ұшырып, бүкіл елді әбігерге түсірген болатын. Алда-жалда Солтүстік Кореямен кикілжің туа қалса, Жапония АҚШ-тың көмегіне жүгінетіні белгілі. Ендеше Токио үшін америкалық қарулы күштердің сақадай сай болғаны керек.
Алдағы уақыт Оңтүстік Корея үшін маңызды болмақ. Біріншіден, Сеул тарапы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» АҚШ-тың да, Жапонияның да көңілін табуы тиіс. Екіншіден, екі аптадан кейін Олимпиада аяқталады. Одан кейін түбектегі түйткіл қалай болмақ? Солтүстік Корея келіссөздерді одан әрі жалғастыруға әзір ме? Бұған халықаралық қоғамдастық қалай қарайды? Бұл жағы әзірге жұмбақ.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»