Ол Қазақстанның индустриясын ең жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру, өндірістік үдерістерді цифрландыру арқылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру, адами капиталдың сапасын арттыру, ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске ақпараттық технологиялық шешімдерді батыл енгізу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, қаржы саласын жетілдіру, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту міндеттерін қамтиды.
Жолдаудың жетінші міндетінде адам капиталының жаңа сапасы туралы мәселеге көңіл бөлінген. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деген Мемлекет басшысы одан әрі бұл міндетті шешудің жолдарын нақтылай түседі. ЖОО-лардағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді одан әрі дамыту қажеттігі туындап отыр. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру да кезек күттірмейтіні ақиқат.
Сонымен қатар Жолдауда жоғары білім беру жүйесіне қатысты көптеген жаңа міндеттер айқындалып отыр. Мұнда, әсіресе ақпараттық технологиялар бойынша білім беруді барынша дамыту, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі айтылды. Осы арада оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет деді. Осы орайда ҚазИИТУ ғылыми білім кешені, яғни Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің жұмысына тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Академиялық ұтқырлық аясында Ресейдің Мәскеу облысындағы «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің магистратура бөлімін бітірген 8 маман университетімізге келіп орналасты. Қазіргі уақытта осы оқу орнында біздің жолдамамен 53 жас бакалавриат және магистрлер жатақхана, стипендиямен қамтылған, ақысыз білім алуда.
Ширек ғасырдан бері мыңдаған маман дайындаған Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, Республикалық жоғары техникалық, Экономика және ақпараттық технологиялар колледждері іргелі оқу орындарына айналды.
Оқу орындарында мамандарды дайындау үшін базалық жақсы жағдай жасалынғанын, жаңа деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтылғанын, IT технологиясы мүмкіндігі негізінде құрылған Хай-текті, роботтехника лабораториялар, желден энергия алудың ашық алаңын, күн энергиясын пайдалану арқылы іске асқан гелиоэлектромобиль жобасын, баламалы энергияны өндіріске, тұрмысқа пайдаланудың лабораториясын айтуға болады. Университет оқытушылары студенттермен бірге күн сәулесінен қуат алып жүретін жеңіл автокөлік ойлап шығарды. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, автоматтандыру, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандықтары бойынша лаборатория базасы толығып, Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация, байланыс мекемелерінде практика өткізу жүйелі қолға алынды.
Осы берілген жүйелі білім, нақты практикалық жұмыстар нәтижесінда өткен жылы Елдос Иман-Мәліков «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған аймақтық «Идеялар жәрмеңкесі» атты жобаға қатысып, 3 000 000 теңге грант ұтып алды. Таяуда Алматы қаласында студентіміз Нұрзада Сақтағанов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры стипендиясының иегері атанды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырған «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқыту курсына 10 студент және «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша оқыту курсына қатысқан 21 студент сертификатқа ие болды.
Мұның өзі оқу орны студенттерінің инновациялық жаңалықтарды игеруіне, мобильді және мультимедиялық, нано және ғарыштық технологияны, робототехниканы, гендік инженерияны танып білуіне, болашақтың энергиясын ізденуді үйренуіне басым бағыт беретінін көрсетеді.
Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосатын нақты бағыттың бірі – ақпараттық технологиялар индустриясы, яғни «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. Біздің келешегіміз – цифрлы экономика. Технологиялық үрдістің әр қиырынан келіп түсіп жатқан ақпаратты дер кезінде саралап, соған сәйкес олқылығы мен тәуекелдерді жедел анықтап, оңтайландыру жолына бағыттайтын ақпараттық технологиялардың басымдығы керек. Осыған орай біздің университет келешектегі мұратын цифрлы экономикамен тығыз байланыстырып, жаңа бизнес модельдерді табысты енгізе алатын, лайықты бәсекеге төтейтін осы саланың білікті мамандарын даярлауды басты мақсатқа айналдырып отыр.
Оның нақты мысалы, Білім және ғылым министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерциялау мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде «Университеттегі виртуальды білім беру ортасы: оқытушы-профессор құрамының ақылды жұмыс орны» атты ғылыми жоба бойынша «ҚазИИТУ» ғылыми – білім кешенінің құрамында «Транс» ғылыми-зерттеу институты республикалық конкурстың жеңімпазы атанды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында алынған нәтижелер, ғылыми негізделген озық технологиялар республиканың барлық арнаулы орта, жоғары оқу орындарына таратылады деп күтілуде.
Қазіргі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде – бәсекеге қабілетті, адамгершілігі мол, білімді, қоғамда орны бар, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда Елбасы Жолдауы басты бағдар болатыны анық.
Ақсерік ӘЙТІМОВ,
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің президенті,
профессор,
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы