Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Бесмойнақтың тарихы мен тағылымы

936 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мұхтар Жауаровтың тасқа қашаған жазбалары хақында.

Бесмойнақтың тарихы мен тағылымы

Бесмойнақта туып-өскен Мұхтар Жауаровпен ауыл жұрты күнделікті жүздесіп жүрмесе де бұл жайсаң жігіттің есімін ауыздарынан тастамайды. Оның сыры – Мұхтардың біркездегі құрығына құт қонған жылқышы, ауылдағы аса сыйлы азамат Сұлтанғазы Жауаровтың кенже ұлы екендігінде де емес, әрине!.. Ендеше бұл Мұхтар кім, мұндай құрметке ол қалай ие болды?

Ауылдағы көп баланың бірі болып өскен Мұхтар Жауаров Алматыдағы ауыл шаруа­шы­лығы институтын мал дәрі­гері мамандығы бойынша ой­да­ғыдай тәмамдады. Тәуел­сіздік таңы атқанда жан-жары Баян Тоқақызы екеуі жеке-дара «Көкбастау» деп аталатын шаруашылық қожалығын ашты да егін салды, мал өсірді, картоп екті... Ауыл мен Алматының арасын жол қылып, күндіз-түні тынбай шапқылады. Әдетте, қалтасын қаражатқа толтырып үлгерер-үлгермес халге жеткен кез келген кәсіпкердің тиын санап, үнемшіл бола қалатыны бар. Бизнес заңы солай. Ол турасында ешкімге кінә арта алмайсың. Бесмойнақтан шыққан кәсіпкер Мұхтар ең алғашқы тәуір табысына ауылдың ортасынан ойып тұрып мешіт салды. Алматыдан 100 шақырым жерде, әсем таудың сағасында күре жолды тұйықтап жатқан Бесмойнақтың халқының сондағы қуанышын көрсеңіз ғой!.. Бұл кәсіпкердің туған ауылына жасаған алғашқы сыйы екен, көп кешікпей өзі салған мешіттің тұсынан Ардагерлер аллеясын ашып, Бесмойнақ топырағында туып-өскен 220 айрықша адамның аты-жөнін мәрмар тасқа қашап жазып қой­ды. Күллі ауыл жұртының бастан өткізген тарихын бұлайша тү­гендеп, түйіндеп тасқа бастыру шын мәнінде ерлікке парапар іс еді! Мемориалға алғаш бас сұққан меймандар Бесмойнақтың тарихының тереңде жатқанынан хабардар болып жатса, ауыл адамдары «Туған жерге туын тік­кен» Мұхтардың бойындағы бай­қампаздыққа қатты разы болып, сүйсінумен келеді.

Алақандай ауылдан шыққан алуан тағдырлы азаматтардың дерегін тірнектеп жинау оңай дейсіз бе?! Мұхтардың бала кезден бірге өскен достары әрі замандастары Қордай Хамидуллин, Берік Балғожаев, Қанағат Әміров және Оразбаевтар әулеті, туған бауыр­лары Дүйсебай, Дүй­сеналы, Мұрат, Марат, Жолдас білекті сыбанып жіберіп, қол­ғабыс жасады. Ауыл ақсақал­дары Тілеген Жақыпбаев пен Нұр­манбет Аманжолов ақыл-кеңе­сін аямады. Айтпақшы, Ұлы Отан соғысының ардагері, үлгілі педагог, ұзақ жыл мектеп директоры қызметін атқарған марқұм Тілеген Жақыпбаев атамыздың, есімі Ардагерлер аллеясында екі жерге қашалып жазылды. Ол да бір сыры мол әңгіме!..

Мұхтардың өзінің алдын ала­ жазып-сызған авторлық жо­ба­сы бойынша тұрғызылған Ардагерлер аллеясының «тұр­ғындары» бірнеше топқа бөлінеді: Олар – ҰОС-қа қатысушылар, майданда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалып кеткендер, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар, ашаршылықтан көз жұмғандар... Қазақтың қай шаңырағын Ұлы Отан соғысының жалыны шар­пы­маған?! Қазақтың қай отбасы ашаршылықтың азабын тарт­паған?! Тас тақтаға үңіле түсіп түтін саны 300-ден аспайтын түкпірдегі бұл ауылда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар тізбесі қайдан жүр деп және ойда қаласың?!. Мұның сыртында – осы ауылдың екі азаматы кеңес дәуірінде Социалистік Еңбек Ері атанған. Мынау нағыз музей-ауыл! Ал қанеки, енді Мұхтар мемориалындағы алғашқы топтың тізіміне көз салып көрелік.

Бесмойнақтан соғысқа аттан­ған 205 адамның қаншасы елге аман оралды, қаншасының мәйіті майдан даласында қалды, қаншасы із-түзсіз кетті, мәрмар тақтада тайға таңба басқандай түп-түгел жазулы тұр. Ағайынды Әділ (26-да), Кәміл (21-де), Әбіл (19-да) Қалығұловтар, Нұра­хан (19), Атахан (23), Мәу­лен (26) Айтқұловтар, Нұрым­құл, Бірімқұл, Райқұл, Қизат Базарқұловтар, ағайынды Аб­дул­­линдер мен Әбдіғұловтар, Би­жа­новтар мен Андақұловтар, Қарақойшиевтер... тізім осылайша созылып кете береді. Кіл 19 бен 27 жас арасында шейіт болған боздақтар! Сол жыл­дары ауылдағы Нұрмақсұт атаның алты баласы майданға бір күнде аттанған! Бесмойнақтық бұл 205 жігіттің тең жарымы соғыстың ең ауыр шағында қыр­шынынан қиылғандар! Міне, сізге шынайы тарих керек болса! Міне, сізге аядай ғана ауылдағы Қазақстанның тасқа басылған тарихы! Әрбір фамилияның тұсын­дағы туған жылдан кейін­гі жазылған «41-43...» деген цифр­ларға көзің түскенде, жү­ре­гің еркіңнен тыс «дір» ете­ді. Осы арада шын мәнінде Мұх­­тар мен оның ауылдағы мүд­делестерінің осынау баға жеткісіз еңбегі үшін еріксіз бас иесің! Жыл сайын Жеңіс күні мемориалдың «Мәңгілік алауы» өшпес жанқиярлық пен мәңгі өлмес ерліктің белгісіндей жалын атып, күні-түні алаулап тұрады. Обелискінің ту сыртына көзге көрінбейтіндей етіп көмкеріп газ баллонын әкеліп қойған да осы Мұхтар...

 Сонымен... «Дегерес» асыл тұқымды жылқы зауытының шағын ғана бір бөлімшесінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраушы­лар­дың болғаны сіз үшін таң­данарлық оқиға болары хақ-ау?! Бір эпизод. Кеңес дәуірінің дүріл­деп тұрған жаймашуақ шағында Ұлы Отан соғысының ардагері, үлгілі мектеп директоры Тілеген Жақыпбаев саяси көзқарасы үшін абақтыға жабылады. Яғни ауыл мұғалімі «Болашақ – АҚШ-тың еншісінде!» деген бір ауыз сөзі үшін қатыгез Кеңес Одағының жазалау сынына ілігіп, идеологиялық тұрғыдан «тәрбиелік дәріс» алған. Тарих тақтасындағы бұл тізімде ол кісіден басқа тағы 12 адамның аты-жөні ойып жазылған. Олардың 9-ы туған топыраққа қайтып оралмаған, мәңгілік жатқан жерлері – беймәлім. Ал елге аман оралған азаматтың үшеуі де бүгінде бақилық сапарда, кеңестік тарих құпиясын өздерімен бірге ала кеткендер. Арыстай азаматтардың не үшін мемлекеттен аса ауыр жаза ал­ғаны туралы дерек жоқ, айтылмайды. Мұхтардың міндеті – деректерді айғақтау, оның сырын ашу тарихшылардың құзырында! Осы орайда менің кейіпкерімнің ойлана отырып айтқан бір әңгімесі жадымда қалыпты: «Қуғын-сүргінге ұшырағандар тізімінің басына атақты Ілияс Жансүгіровтің есімін жазып қойсам, маған ешкім мұның жөн емес демес те еді», дейді Мұхтар Сұлтанғазұлы риясыз жымиып.

Кеңестерше шаруашылық жүргізуді ұжымдастыру кезінде «шаш ал десе – бас алған» талай-талай жантүршігерлік оқи­ғалардың етек жайғаны тарихтан мәлім. Бесмойнаққа көрші тұратын Покровка ауылының басқарушысы Әбназар Баялиев есімді азаматтың бір заманда қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» жа­зуға «қатысы барлығы» өз алдына бір хикая!.. Ілияс ақын атақты поэмасын жылқы зауытындағы Әбназар Баялиев басқаратын бөлімшенің аума­ғындағы Бесмойнақ жайлауында жатып жазған ғой. Кеңестік жазалау науқаны жүріп бергенде жасы ұлғайғанына қарамастан Әбназар ата «халық жауына қолдау көрсеткені үшін» 1937-1939 жылдары абақтыға отырып шығады. Алайда түрмеден жазасын өтеп оралған қарт ком­мунис­ке өз қызметін қай­та жалғастыруға сенім көрсеті­леді. Шым-шытырық дүние! Бес­мойнақтық Тілеген Жақып­баевтың да тағдыры соған ұқсас, бейбіт замандағы саяси көз­қарасы үшін «отырып келген» Отан соғысының ардагері зейнеткерлікке өзінің бұрындары атқарған қызметінен, мектептің директорлығынан шыққан... «Бір қолында қамшы, бір қолында тәтті нан ұстаған», қайран, Ке­ңес Одағы! Социалистік Еңбек Ерлері – ұзақ жылдар осы бөлім­шені басқарған Орынтай Ере­кенов пен мал баққан Жолдасбек Сәдуақасовтың есімдері даңқ­ты мемориалдың тізімін қоры­тындылап тұр. Иә, иә... оймақтай ауылдан екі бірдей Еңбек Ері шыққан, таңданбаңыз!

Білдей бір архивтік мекеменің жүгін арқалап мәрмар тақталарға тағдырлы есімдерді қашап жаз­дырып ұлтына ұлағатты іс жаса­ған Мұхтардың өз әкесі Сұл­тан­ғазы Жауаров – тарихи сыры Тәуел­сіздік жылдарында ашылған 1939 жылғы кеңес-фин соғысына қатысқан майдангер. Қан майданнан жарақат алып елге аман оралған. «Ұлы Отан соғысының тарихында фин соғысы туралы дерек жоқтың қасы. Ауыл жұрты тарихтан тек Ұлы Отан соғысы туралы ғана жақсы хабардар. Сондықтан да әкемізді дәріптеп, «көзге түспей-ақ қояйын» дедім, – дейді Мұхтар. – Тәуелсіз Қазақ­станның тарихы толық жазылып біткенде менен кейінгі ұрпақ фин соғысының аргерлері мен құрбандарын түгендей жатар.»

Мұхтардың сөзіне бәтуа тіле­дік. Ауылдағы санаға сан ой салар мемориал кешені туралы бір әріптесі оған «Мұха, осылардың ішінде сенің «Аналарға тағзым» атты тақтаңа баға жетпейді ғой, шіркін, баға жетпейді...» деген екен. «Пейіштің шырағы Ананың табанының астында!» Расында да, тағдыр толқынына жазықсыз ұрынған Бесмойнақты дәл бүгін тербеп тұрған осынау Монумент-бесік жыры екеніне шексіз сенесің. Ардагерлер тақ­тасынан бөлек «Аналарға тағзым» мәр­мар тақтасында ауылдың 66 Ардақты анасының аты-жөні әрлеп жазылған.

– Бұл аналарымыздың 16-сы дүниеде өткен, 50-і ауылымыздың ақжаулықты ақылман аналары сапында, ортамызда жүр. Менің анам да 13 құрсақ көтерген, соның 8-ін аман өсіріпті. «Алтын Алқа» тақпағаны үшін бұл тізімге анамды кіргізбедім, – дейді Мұхтар шырайлы жүзі алаулап ойланған кейіппен... – Ауылдағы қарапайым ғана шаруа адамдары – аяулы анамыз Мәстура Нұрмақсұтқызы мен әкеміз Сұлтанғазы Жауылбайұлы үлкен дастархан басына балалары алқа-қотан жинала қалғанда «Ең алдымен туған ауылыңды – халқыңды сыйла, адал еңбек ет, мәдениетті бол, таза жүр!..» деген сөзді жиі қайталап айтатын. Басы артық сөзге жоқ еді, жарықтық. Кезінде аса мән бермегенмен, ақыл-ес тоқтатқан тұста осынау жай ғана айтылған сөздің құдіреті мен ата-ана өсиетінің әулиелігін түсіндік те сезіндік.

...Соғыста із-түзсіз кеткендер, қыршынынан қиылған боздақтар мен жазықсыз жапа шеккен зұлматтық құрбандар, ашаршылықтан көз жұмғандар тізімін кібіртіктеп оқып тұрып, дерек­терге қаныққан сайын­ сарғайып мұңға батасың. От-жалын кешіп Отанына аман оралған ерлер мен еңбек май­данының нағыз Ерлерінің аты-жөнін ежіктеп, күпті көңіліңе қайтадан шуақ орнайды. Ал енді «Аналарға тағзым» тақтасына үңілген сәтте бірден бейне бір бесік жырында тербелгендей күй кешетініңді сезбей қаласың! Осы арада ауыл әлемінде шежіреге толы тылсым дүниені мейлінше аялап, иіріп, шебер үйлестірген Мұхтар Сұлтанғазыұлының айрықша ойлы композициясына еріксіз қол соққың-ақ келеді...

* * *

Ауыл қақпасында елі мен жерін жаудан қорғаған атақты Найманбай батырдың көк тіреген мәрмар мүсіні Бесмойнақ пен Бұғымүйіз аңғарынан жібектей ескен тау самалына кеудесін төсеп қасқайып тұр. Ұрпаққа тағылым беріп, рухын көтеретін тарихи ескерткішті осы ауылда туып-өскен тағы бір айтулы азамат – қазақ қоғамына есімі өте-мөте танымал академик-жазушы, зияткер Уәлихан Қалижан тұрғызған...

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы

Суретті түсірген

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ