Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Атақ пен марапат лайықтыларға берілсе

1119 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір ортамызда бірімізді біріміз орынсыз қолпаштау, жалпақтап жалған мақтау, кім болса соны қолтығына су бүркіп көтермелеу, орынсыз мадақтау, асыра дәріптеу етек алып бара жатқанын байқаймыз. Неге біз сондай болып барамыз? 

Атақ пен марапат лайықтыларға берілсе

Былтыр көктемде Тараздағы М.Х.Дулати атындағы университетте «Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығының өзегі» атты облыстық конферен­ция ұйымдастырылды. Жал­пы алғанда, конференция тақыры­бы, жасалған баяндамалар, пікір қосқандардың ой-өрнектері бір бағыттан табы­лып, бәрі орын­ды өтті. Бірақ көпшілікке таратылған бағдарлама жазыл­ған парақшада жиындағы спи­керлердің бірі, газеттің бас ре­­дак­­торының орынбасарын ай­­қай­латып «Ұлт анасы» деп жаз­­ғаны өте ыңғайсыз болды. Мей­лі республикалық газеттің өкілі өз ортасында, әріптестері ара­сында ерен еңбегімен, қай­раткерлігімен, ақыл-па­йы­мы­мен сыйлы, құрметті бол­сын. Бірақ «Ұлт анасы» ата­нуға қан­дай жайы бар? Бұл атақ­ты кім беріпті? Мұнымыз да­рақылық емес пе екен?

Біз осы марапатты, неге сон­­­шама жанымыз сүйеді? Сәл­ қызметіміз көтерілсе жөн-жо­сық­сыз мемлекеттік наградалар, атақ алғымыз келіп-ақ тұрады. Саусағыңызды бүгіп санап шы­ғыңызшы, сіз танитындардың қан­шасы мемлекеттік мәртебесі жоқ, ведомстволық атақтарға ие екен: «Құрметті мәдениет қыз­меткері», «Құрметті журналист», «Құрметті энергетик», «Құрметті құрылысшы», «Құр­метті теміржолшы», сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» және сол сияқты, тіпті тізе берсек атақтарынан жа­ңыласың. Сахнада бір-екі жыл ән айтып, «жұлдыздарға» ай­налған әншілеріміз де «Еңбек сі­ңірген қайраткер» немесе «Мә­дениет қайраткері» деген атақ­қа ие болып шыға келеді. Жазушы-қаламгерлер арасында да халықаралық «Алаш» сыйлығының соңғы кезде оңды-солды таратылуы сынға ілікті. Бұл күндері сыйлықтарды атаудан жаңыламыз. Жазушылардың ұзын саны 840-тан асып жығы­лыпты. Көпшілік арасында­ та­­­нымалы санаулы. Шын жа­­­зу­­шы жоқтың қасы, тым ұсақ­талып кетті. Осы жерде жа­зушы Әкім Таразидің бір сұх­батында айтқан естелігі еске түсті. Шерағаң екеуі Нью-Йорк­ке барғанда биік бір заңғар ғи­мараттың үстіне шыққан ғой. Сол кезде Ә.Тарази төменге көз тастап тұрып: «Шераға, қара­ңыз­шы адамдар зау биіктен құ­мыр­сқа сияқты кішкентай болып көрінеді екен» дейді. Сонда Шер­ағамыз: «Мен адамдардың ұсақ­талғанын көргім келмейді!» депті. Түсінген адамға терең ой салатын сөз емес пе? Қазір көбі­міз ұсақталып, жақсы қасиет­терімізден айырылып барамыз деп ойлаймын. Иә, несін айтамыз, қалам ұстағандардың бар­лығы жазушы болғысы келеді. Бір-екі кітабы шықса, Мем­лекеттік сыйлықтан дәме­ленеді.

Әртүрлі сыйлықтардың лау­реа­ты дегендерің дәл қазір аз емес. Бәзбіреулері республи­ка­мыздың шеңберінен шығып, қатар жатқан мемлекеттердің лау­реаттығын «шәпкімен қа­ғып» алып жатыр. Оларға қабат­тасып «Облыстың құрметті аза­маты», «Ауданның құрметті азаматы» деген атақтар жыл са­йын әр өңірде кем дегенде 20-30 адамға беріліп, есімдері мәр­мәр тастарға қашалып көз жауыңды алып жарыса тізіліп тұр. Солардың барлығы сол атақ­қа сай ма?! Тіпті арасында қызметке орналасқандарына 20 жылдан аспағандары да бар. Сол мезгілде олар халқына қан­­­дай жақсылық жасап үл­гер­­ді? Бәзбіреулері теріс қы­лық­тарымен (мысалы, жем­қорлыққа бой беріп) істі болып, сотталып жатқандарын есті­­генде әлгі мәрмәр тақтаға жазыл­ған есімдерін елден қа­лай қалқалаймыз? Солардың тізі­мінің қатарында жүрген ары таза азаматтар өздерін қалай сезінеді екен? Кейбір қалалардағы сон­дайлардың тізімі жүзден асып, бір тақтай жетпей, қасына қо­сым­ша тақтайлар орнатылып жатқанына да куәміз. Ұзын­құлақтан естиміз, әлдебір жеке кәсіпкер «Еліміздің құрметті азаматы» деген төсбелгі шығарып­ты. Ақшасын төле де, кеудеңе жыл­тыраған төсбелгіні қондыр. Әлгі­дей төсбелгі таққан жан бү­кіл әлемнің тұтқасынан ұстап тұр­ғандай төңірекке паңдана қа­райтынын қайтесің.

Ғылыми атақтардан да оза шауып тұрмыз. Әне бір жылы Елбасының Жарлығымен диссертация қорғайтын кеңестер жабылып еді, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай академиялар мен «академиктер» қаптап кетті. «Ой, шіркіндер-ай! Бұл қазаққа не дауа бар» деп еріксіз ойға ке­тесіз. Сол «академик» атағы ғы­лымдағы қандай жетістіктері үшін берілгенін бір Алла біледі. Әл­гі академик атанған жанның ғы­лыми мектебі, шәкірттері, әлем мойындаған елеулі ең­бектері (монография, оқулық, оқу құралдары және т.б.) бар ма екен? Оны дәл қазір сұрап жат­қан ешкім жоқ. Ақшасын қоғамдық академия қорына, оның кассасына құйып әдемі қатты қағаздың иесі болып шыға келу ешкімді таңғалдырмайды. Тіпті «Е-е жарайды, бір жолын тауып алған екен ғой сабазың, құтты болсын!» деп жүре бе­реді. Тіпті бетке ұстар Ұлттық ака­демияның өзінен береке кеткен тәрізді. Инкубатордан шыққандай шүпірлеген академиктер, құрметті академиктер санынан жаңыласың... Ұлттық ғылымымыздың «кемесі» қай жарқабаққа қай күні соғыларын кім біледі?

Жақында бір таныс профессор «Ресейдің ғылымы мен тех­никасының еңбек сіңірген қай­раткері» деген атақ алдым, құттықта мені...» деді де, ерекше жылтыраған төсбелгісімен куә­лік-кітапшасын көрсетті. Жыл­тырақ темірден жасалған төс­белгі көздің жауын алады. Кітапшасына үңілсем, ел президенті емес, бір қоғамдық ұйым басшысы қол қойып, мөр­ ба­сыпты. Шынымды айта­йын, әлгі танысымның көңілін жық­­­пайын деп еш қарсы сұрақ қой­мадым. Өйткені мұндай атақ Мемлекет басшысының өкі­мімен шығады. Ал мына марапат жолда жүрген көкат­ты­лардың қитұрқы, ақша табу жолындағы алаяқтық іс. Ор­тамызда осындай «қолдан жасалған» жалған атаққа ие болып мәз болып жүр­гендер қаншама?

«Академиктер мен құрметті қызметкерлер» саны түнгі ас­пандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздардай жыпырлап өсіп жатыр. Жиналысқа, кон­ференцияға, тіпті тойға барсаң да әлгі таныс, бейтаныс «акаде­миктер» алдыңнан шығады. Ыр­ғалып-жырғалып төрден орын алады, микрофонды алып кө­семсіп, әр нәрсенің басын шалып «әңгіме» айтады. Біреуінің сөзінде іліп алар, басқаларға үлгі болар сөз жоқ.

Белгілі жазушы, көсемсөзші Әбіш Кекілбаевтың мына сөз­дері көз алдыңа көлбеңдеп ке­ле қалғандай болады: «Өмір бойы алысып-жұлысып жүріп пы­сы­қайлықпен табылатын өті­рік даңқ араға жыл түспей жа­тып, көшкен жұрттағы күл төк­кен төмпектей жермен-жексен шөгіп, жұтап шыға келеді». «Өмір-ай. Әттең, не болып барамыз осы біз» дейсің де қоясың...

Ащы болса да шындық, бү­гінде қазақтың «ұлы» сөзінен де­ қасиет кетті. Кім болса да «ұлы» деп төбемізге көтерген жай­ келді. Халқымыздың «Абыз» деген құдыретті сөзін де­ төмендетіп жібердік. Кез кел­ген­ге жапсырамыз. Онымыз әділ­дік пе?

Кезекті сайлау маусымы­ бас­талғанда қалталылыр білі­мі­не, қабілетіне, түйсігіне қара­май, тоғанды бұзып шыққан қы­зыл судай жаппай лап беріп, кан­дидаттыққа тіркеліп, елдің ара­сын азан-қазан етеді. Кеше та­нымайтының бүгін алдыңа келіп «Көке, көмектес. Маған сенімді өкіл болыңыз, сізді көпшілік таниды, сыйлайды емес пе?» деп соңғы сөзін айтып, қиылып, қолқа салады. Содан қалай құтыласың? Қиналасың ба... Әрине. Депутат болу да әлгі­лердің арманы шығар, сірә...

Әр нәрсенің өз орны, жөні, қасиеті бар емес пе? Шетелдік актерлерде, әншілерде, жазушыларда солардың бірі жоқ. Олар еш қызықпайтын сияқты. Халық таңдауы біледі, кімді қолдау керек, кімді қолпаштау керек. Ал біз болсақ атаққұмарлықтан, даурықпа-дақпырттан, көл-көсір етіп өтірік мақтаудан, желбуаз бөспе сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Сол жағы өкінішті. Басқа жұртқа күлкі болып сонша не көрінді? Өркениетті, дамыған елдер қатарына қосылсақ деген үміт бар. Ол үшін мінезімізді, көз­қарасымызды, психологиямызды, пейілімізді өзгерткеніміз дұ­рыс емес пе? Қазақ табиға­тынан таза, арлы халық емес пе едік? Ой­ланайық...

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

ТАРАЗ