Қыз баланы төрге шығарған ұлтымыз болашақта ел анасы атанарына кәміл сенген. Қазақ қыздары даланың ерке елігіндей бұлаңдап өскен. Нәзік жанды қыздарға қарап, ер-жігіттердің бойына күш-қуат бітеді. Оларды қорғағысы келеді. Батыр атанған қазақ елінің ер-азаматтарын жігерлендіріп отырған осы нәзік жандыларды қорғау ниеті болатын. Өйткені ер мен әйел әрқашан бірін-бірі толықтырып отырған. Батыс елдерінің бала тумай, қара басының қызығы үшін өмір сүру үрдісі, әйелді ерден жоғары қойып, ерлерге тән қылықтарды насихаттауы дәстүрімізге кереғар. Бұл қоғамға еш мұқтажсыз еркекшора қыздарды алып келді. Бір хадисте адамзаттың қай ұлтында, қай дәуірде болмасын, қандай қоғамдық заңдармен әйелдерге түрлі құқық бергенмен, ол Алла берген жаратылыс болмысына сай болмаса, оны бұзады, тағдырын қор етеді делінген екен. Қазақ қызы әрқашанда еркін сөйлеп, ойын ашық айтқан, оның ішінде тіпті билік еткен әйелдер де болды. Алайда олар ешқашан да әйелдік болмысын жоғалтпаған еді. Қазіргі кезге сәйкестендірсек, қыз баланың құқығы ұл баладан еш кем емес, алайда рухани жағынан әрқашанда нәзік болмысынан айнымауы қажет.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретіні анық. Қай ата-ананы алсақ та, қызының барған жерiнде тастай батып, судай сiңiп кетуiн, жақсы жар, әдептi келiн, аяулы ана болуын армандайды. Қасиеттi ана қызының тәрбиелi болып өсуi үшiн жасынан ақ шашты қарияның алдын аттатпай өсiредi. Қазақ халқы келiннiң келген жерiнде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты әйел болуы, бiрiншiден, оның өскен ортасына байланысты десе, екiншiден, келген жерiне де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен жас келiнге енелерi қонақ күту, ас ұстау, бала күту сияқты мәселелерде үнемi ақыл-кеңес берiп, үйретiп отырады. «Келiннiң жақсы болмағы енесінен» деп ененiң жас келiнге қамқоршы болуын талап еткен. Әйел қандай биiк дәрежелi жұмыс iстемесiн, қайда болмасын оның ең басты мiндетi – өмiрге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының берiктiгi әйелге байланысты. Әйел сабырлылығы, кешiрiмдiлiгi, сыпайылығы сияқты қасиеттерiмен үй-iшiне береке әкелiп, шаңырақ бақытын орната алады. Үлкендi сыйлау – халқымыздың ежелгi дәстүрi. Бұл дәстүр бойынша жастар үлкеннiң алдын кесiп өтпеуге, сыпайы болуға, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тiптi үлкендердiң алдында қатты күлмеуге тиiс. Қыз баланың алғашқы ұстазы – анасы.
Қыздарға жан-жақты сұлулық, яғни жан сұлулығымен қоса, тән сұлулығы бiрдей болғаны жарасады. Жастықтың өзi сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi. Қыз балалардың көрiктi болып өсуiне ертеде аналары ерекше көңiл бөлген. «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы» деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтiп-өсiрудi өнер санаған. Шашты жақсы өсiру үшiн айранмен, қынамен жуған. Шашты қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзi – қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi. Халық жырларындағы арулардың сұлу мүсiнiн шебер суреттеудегi мақсат – жастарды әсемдiк сезiмге бөлеу еді. Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. Адамның мәдениетi мен тәрбиесінің деңгейi сырт бейнесiнен, киiне бiлуiнен де көрiнедi. Бiздiң эстетикалық мұратымыз – сырт көрiнiстiң әдемiлiгi мен рухани кемелдiлiктiң табиғи бiте қайнасуы. «Сырт пiшiннiң адам өмiрiндегi мәнi зор, – деп жазды А.С.Макаренко. – Ұқыпсыз, салақ адамды өз iсi мен қылығына есеп бере алады деп ойлау көбiне қиын. Киiне бiлу әдемiлiгiнiң де жүрiс-тұрыс әдемiлiгiнен маңызы кем емес». Қоғамның дамуына байланысты киiмнiң сәнi де өзгерiп отырады. Адамның өз тұсындағы сәнге сәйкес киiне бiлуi әсем-кербез талғамына байланысты. Киiмнiң сәндi де жарасымды болуымен қатар, киiп барған жерiндегi жағдайға, отырған орнына, iстейтiн қызметiне сәйкес келуiн де ескеру қажет.
Қыздардың темекi тартуы, iшiмдiкке үйiрлiгi әдетке айналып бара жатқаны байқалады. Орынсыз киiну, орынсыз жүрiс-тұрыс әйел затының әйелдiк, нәзiктiк, сыпайылық көркiне нұқсан келтiретiн қылық екенiн естен шығаруға болмайды. Адам жарасымды киiне бiлуi керек. Өзiңдi басқаларға үлгi ет, басқаларды қызықтыратындай әдептiлiктiң иесi бол деймiз. Денсаулыққа, тазалыққа, сыпайылыққа зиянды ерсi әдет қай жерде де жеткiлiктi. Қыс пен күздiң суық күндерiнде де келте көйлекке қызығып, денсаулығына зиянын тигiзiп алған, боянамын деп әсем шашын әлемештеп алған, кiрпiктерiн жұлып, оны қайта өсiре алмай жүрген бикештер аз ба? Қазақ халқы неке тазалығына, қалыңдықтың арын сақтап, қыздың қасиетiн жоғары ұстауына өте зор мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын» деп ата-бабаларымыз қыздың абыройын бүкiл ауыл-аймақ болып қорғаған. Ар тазалығы отбасы берiктiгiне де себепкер болған. Анасы үнемі қыз баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, тазалық пен ибалықты, тәртіп пен имандылықты сақтауды қадағалап отырғаны дұрыс. Дұрыс тәрбие мен білімді ұштастырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру ата-ананың басты арманының орындалғаны деп білуіміз керек. Бүгінгі таңда барлығы тең құқылы. Бірақ ана деген атқа сын келтірмей, әке рөлін жоғары қоя білген азаматша ұтады. «Бала – ата-ананың айнасы» деген сөз бекер емес, сондықтан ананың жауапкершілігі өте зор.
Адамның өзінің маңыздылығын сезінуі тамақ ішу, ұйықтау сияқты ең қарапайым, алайда ең қомақты қажеттілігі екен. Бұл қажеттіліктің орнын өмір бойы толтыра алмай өтетіндер де болады. Өмірдегі орнының барын дәлелдеуге құмарлық адам табиғатына тән. Кішкентай қыздың бірінші көретін ер адамы кім? Әрине – әке. Егер әкесі қызына көңіл бөліп, әдемі, ерекше екенін сездіріп, көзқарасымен білдірсе, онда ол қыз жаңағы айтып отырған өзінің маңыздылығын дәлелдеуді өмір бойы қажетсінбейді. Өйткені ол өз ата-анасының алдында бұл сезімнің бар екенін біледі. Енді ол тек өзіне емес, өзгеге де көңіл бөле алады, өзгенің жанын жұбата алады. Ал керісінше, анасынан болсын, әкесінен болсын, тиісті көңіл бөлінбесе, бала келешекте сол олқылықты өте қатты сезінеді. Қазіргі ересек адамдардың ортада өзін өзі ұстауына қарап, кішкентай кезіндегі керекті назарды алғанын немесе алмағанын білуге болады. Баланың өмір бойына өзімен бірге болатын санасы мен мінезі балалық шағындағы алғашқы сезімдердің жиынтығы. Ал сезімтал келетін қыз баланың тәрбиесіне өте мұқият қарау керек. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпенді қазақ халқы әрқашанда ананы қастерлеген. Жарын сүйген. Қызын қырық үйден тия отырып, алақанына салып әспеттеп еркелеткен. Қызды қашанда жатжұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тек тәрбие берген. Сол дәстүрдің арқасында Елдің анасы атанған талай әйелдердің есімі бізге жетті.
Гүлнәр ӘШЕМБЕКОВА,
Балқаш қаласындағы №24 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі
Қарағанды облысы